Жарнама
Қоғам

Кешегінің көзі, бүгінгінің өзі

Индер аудандық «Дендер» газетінің ақпарат әлеміне қадам  басқанына биыл 90 жыл толып отыр. Соған орай газеттің бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты, республикалық бас редакторлар клубының Атырау филиалының төрағасы Жанай Амантурлинмен кеңірек отырып сұхбаттасқан едік.

– 90 жылдық мерейтой құтты болсын! Бұл мерейтойдың түп-төркіні сонау қиыншылыққа толы 30-ыншы жылдардан басталады ғой. Ендеше, әңгімені сол өткен жолды еске алудан бастасақ… 

– Иә, «Өткенсіз бүгін жоқ» деген ғой. Ал, аудандық «Дендер» газетінің бұрыннан қалыптасқан игі дәстүрі бар. Ол – өткен аға ұрпақтың дәстүрін жалғастырып, олардың еңбектерінің алдында әрқашан адал болу, барынша құрмет көрсетіп, қолдан келгенше шежіресін жасақтап, мұқият жинақтап, кейінгілерге жеткізу. Бұл – біздің парызымыз.

Осы бағытта жұмыстанып, тың деректерді жинақтап жатырмыз. Бұл ізденістеріміз өзінің игі жемісін беріп те үлгерді. Аудандық «Дендер» газетінің 60 жылдығынан бастап, әрбір белестері, 70-75-80-85 жылдықтарында әр кезеңде өз дәрежесінде атап өткізгенде де осы мақсаттан ауытқымадық.

Иә, осы уақытта көптеген  шаруалар  тындырылды. Соның бірі қазір Индербор кентінде І.Көпбаев, Есбол ауылында Ғ.Сайханов, Елтайда Ғ.Шәріпов, М.Қабиев көшелері бар.

Негізі біз Индер ауданы орталығында «Дендер» газетінің атындағы көшенің болуы керектігі жөнінде мәселені ұдайы көтеріп жүрміз. Өкінішке қарай түрлі себептермен бұл мәселе кейінге қалдырылып келеді. Ал, өзге аудандарда мұндай көшелер бұрыннан бар.

Газет тарихы сонау 1934 жылдан басталатыны, тағы басқа бірқатар деректерді атыраулық ғалым Қылышбай Сүндетов жинақтап, ол біздің газетте жарияланып, арнайы редакцияның шығарған  жинағына енді. Бұл еңбекте 1932 жылдың 17 қыркүйегіндегі Мәскеудің «Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы, соның ішінде мал шаруашылығы туралы» әйгілі қаулысынан соң жер-жерде мал шаруашылығымен айналысатын аудандар пайда болғанын, сол қатарда орталығы Кулагино селосы (қазіргі Есбол ауылы)  болып, Есбол (Индер) ауданы құрылғаны жазылған болатын.

Бұл ретте өзінің 2009 жылы «Дендерде» өтті күндер» атты шығарған кітабында ауданның Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, бас редакторымыз Ерсайын Көшек ағамыз айтып өткендей, азаматтың өзі бастамашы болып, көптеген игі істер атқарылғанына тоқталып кеткен жөн.

– Сайып келгенде газеттің алғашқы сандары қазіргі Есбол ауылында шыға бастағаны нақтыланып отыр ғой.

– Әрине, өзіңіз де жақсы білесіз, басылымның 80 жылдығы қарсаңында редакцияның атынан арнайы тақтайша дайындалып, Есболдағы қазіргі Құрманғазы көшесінің (бұрынғы «Бархан» №99 үй) бойына орнаттық. Аудандық газет редакциясы мен баспахана үйі 1934 жылдан 1962  жылға дейін Кулагинода болып, кейін аудан орталығына көшірілген ғой.

Сол секілді осы тарихты баяндайтын «Дәуірмен үндес «Дендер» деген тақырыпта 2014 жылы арнайы кітап шығарғанбыз. Жоғарыда айтқан ғалым Қ.Сүндетов пен Е.Көшектің еңбектерін сол кітаптан толығырақ танысуға болады.

1932-33 жылдары республиканың 64 ауданында газет ашу жұмысы қолға алынған. Гурьев партия окружкомының кезекті бюросының 3 маусымдағы №24 мәжілісінде Есбол ауданында ашылатын газет үшін баспа машинасы мен латын әріптерімен қамтамасыз ету «Социалды құрылыс» газетінің редакторы Зүйтін Сыздықовқа міндеттеледі.

Осылайша, редакция құрамы жасақталып, 1934 жылы 20 тамызда газетке Гурьев округтік партия бюросының қаулысымен Ғабды Аманғалиев редакторлыққа тағайындалған.

– Газет тарихында жауапты редакторлардың жиі-жиі ауысқан кезеңдері де болған екен. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Газет тарихын түгендеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – газет ұжымының үнемі назарында. Бұл орайда 2018 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханамен тікелей байланыс орнатып, 1937 жылдан №20 (148) бергі сандарының электронды нұсқасын алып, оны басып шығаруға  қол жеткіздік. 

Енді әлгіндегі сұрағыңызға оралсам, аты айтып тұрғандай, 1937-1938 жылдарғы газеттің тігінділерінде жарияланған мақалаларды бейжай отырып оқудың өзі қиын. Партиялық талап сондай болды ма, әлде кезеңнің жауапкершілігі соны талап етті ме, әйтеуір, сауатсыздандыру, тіпті қарапайым қабырға газеттерін жүйелі шығару, оны бақылап отыру, әйел теңдігі, соттардың жұмысы, уәкілдердің хабарларының өзінен бір ресмилік, суықтық аңғарылып тұрады.

Сондықтан да редакторлардың алды 1-2 күн, болмаса, 2-3 айлап жиі ауысыпты. Оның үстіне біздің өңірде ғана емес, өлкемізде жаңа құрылған Гурьев округтік газетінің өзінде де журналист кадрларының тапшылығы да өз салқынын тигізгені байқалады.

Ал, газеттің жұмысы туралы редактор есебі мезгіл-мезгіл тыңдап, белгіленген кесте бойынша жоғарғы органдарға  мәлімет дайындалған. Мысалы, 1935 жылы 23 наурызда өткен Еспол аудандық партия комитетінің бюросында газет редакторының есебі тыңдалып және талқыланып,  тиісті қаулы қабылданған.

– Қаншама қиындықты бастан кешсе де, тіпті газеттің екінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда да шықпай қалған кезі болмапты. Мұның өзі де үлкен жанқиярлық еңбекті көрсетпей ме?!

– Оныңыз рас енді. Газет халықты Отан қорғауға шақырып, үгіт-насихат жұмысын тұрақты жүргізеді. Аудандық газетте Жамбылдың, Асқар Тоқмағамбетовтың халықты бірлікке, Жеңіске шақырған өлеңдері  тұрақты жарияланған.  Оған жұртшылықтың қолдау пікірлері де толас таппапты.

Мұның бір дәлелін, биылғы 90 жылдық қарсаңында «Дендер» газетінде жарияланып келген «СМШ»-дан тараған сәуле» атты айдардың астында берілген материалдардан-ақ біздің оқырмандарымыздың көздері жеткен болар. Тіпті газеттің бірқатар белсенді тілшілері майданнан редакцияға хаттар жазып, жауға қарсы бірлікке, жігерлілікке үндеген өлеңдерін жіберіп отырған. Солардың ішінде Ахмет Сапаров (бүгінде Елтай округіндегі ескерткіш тақтаға есімі жазылған) сияқты әріптестеріміз майдан даласынан мәңгілікке оралмай қалды. Сондай-ақ кеңестік әскердің соғыстағы іс-қимылы жөніндегі информбюроның хабары үздіксіз газетте жарияланған.

Сол жылдарда бас редактор міндетін  Сүндетқали Ерғалиев соғысқа дейін де, кейін жаралы болып оралған соң да атқарғанын, Қабдол Қарабалин Жеңіс күнгі нөмірге қол қойғанын, ал қуанышты хабар сол күні кезектен тыс газеттің саны  шығып, түйемен таратылғаны бүгінде ертегі сияқты, бірақ ол тарихи шындық.

Негізі осы газеттің бас редакторлары болғандардың арасында соғыс ардагерлері де көп. Мысалы, «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы», екі «Еңбек Қызыл ту» орденінің иесі атанған Ізтілеу Көпбаевтың және С.Ерғалиев, Қ.Қарабалин, І.Нұрқасынов, М.Шәріпов есімдерін біз алдағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында да ерекше атап, мақтан етеміз.

Сондай-ақ газеттің әр кезеңде редакторлары болған  Ғабды Аманғалиев, Шайдолла Молдабеков, Қыстауов, Дошу Шененов, Ғилымғали Сайханов, Теңдік Жауыров, Уажит Машанов, Төлеубай Ысқақов, Мүтәлі Шәріпов, Ерсайын Көшек, Сансызбай Базарбаев, Сүйеу Халықов, Назарбек Қосшиевтердің есімдерін де ерекшелеп атағанды жөн көремін.

– Газет болған соң шығармашылықтың орны, маңызы ерен екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда әр басшы мен қызметкерлердің жауапкершілігі, шығармашылығы алға шығады емес пе?!

– Дұрыс айтасыз, газеттің  мазмұнды  шығуына терең ойлы да, өткір мақалалар әр уақытта керек.  Осы әңгіме үстінде сөз болған ескі тігінділерді қарап отырғанда, 30-40-ыншы жылдары көбіне оқушы жастардың өлеңдері жарияланыпты. Оның бірқатарын жуықта оқырманның назарына ұсындық. Өкінішке қарай сол авторлардың көпшілігі майдан даласынан оралмай қалған сияқты.

1950-інші жылдардан бастап аудандық газетте өлең, шығармашылыққа әуестенген авторлардың өлеңдері, фельетон, сықақтар, жалпы әдебиет жанрларына тән ізденістерге көбірек назар аударыла бастапты. Оның бір көрінісі ақындар Меңдекеш Сатыбалдиев, Алпан Ибрашев, Ғилымғали Сайханов, тағы басқа авторлардың әр мереке сайын сырлы өлең шумақтары жарияланып, сын-сықақтарға кең жол берілген.

Сонымен қатар осы газеттің тарихын қалыптастыруда біз білетін Мақажан Қабиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Бақыт Қоянақова, Мұрат Қазиханов, Әнуар Нәбиев, Бақытжан Жұматов, Роза Жұматова, Базарғали Суханқұлов, Серік Жетпісқалиев, Қуаныш Мұхамедалиев, Бақытжан Мусағалиев, т.б. есімдерін атап өткен дұрыс деп білемін.

Әрине, бүкіл өмірлерін баспасөзге арнаған редакциядан зейнеткерлікке шыққан Сансызбай Базарбаев, Кеңес Сахи, Себекбай Үмітқалиев, Ақбілек Бектұрлиева, өзіңіз сынды (Сүйеу Халықов) ардагерлерімізді әрдайым мақтан етіп жүреміз.

Шығармашылық ұжымда еңбек жолдары басталып, елге қадірі артқан ақын-журналист Қойшығұл Жылқышиев, Нәсіпқали Сейітов, Қуандық Батыров, Серік Жетпісқалиев, Саламат пен Азамат Базарбаевтар, Қаршыға мен Сұңқар Көшековтер, тағы басқа әріптестеміздің есімдерін бұл кезеңде атап өтпесек, әділдікке сын болар.

Ал, газет шығаруда баспахана жұмысын атқарған алғашқы газет басушылар Ажар Жармұқанова, Балқия Тәженова, Қырмызы Берікқалиевадан бастап, Батиха  Шәмбілова, Дания Майлыбаева, Айман Көшекова, Өзипа Әбдірашева, Үнзира Қадірбаева, Нәзипа Ықыласова сол кездегі газет басу, бет құру, қорғасын қайнату, әріп теру сияқты барлық қара жұмыстарды қолмен атқарғанын еске алсақ еш айыбы болмас.

Сондай-ақ баспаханадағы әріптестеріміз Тұрсынай Серікқалиева, Күләш Әзірбаева, Нұрлы Табылдиева, Рысты Жұмағазиева, Гүлсім Қабылова, Зәуре Бижанова, Сағира Жалмұқанова, Гүлжамал Тұрғалиева, Марал Елеусінованың баспа ісінде қолтаңбалары қалса, Махамбет Қожахметов, Арыстан Мамаев, Төлепберді Дүйсенбиев, Маргарита Бозаева баспахананы әр жылдары басқарып, аудандық газеттің аймақта алдыңғы қатарда көрінуіне көп еңбектерін сіңірді.

– Газеттің тірегі – оның тілшілері, тұрақты оқырманы. Онымен «Дендер»  газеті де әркез мақтан алады деп ойлаймын.

– Әрине, «Авторсыз газет – қанатсыз құспен тең» деген әр жыл сайын редакцияға түсетін тілші хаттары өте көп. Сол  арқылы біздің тілші-авторлар газеттің мазмұнды шығуына үлесін қосуда. Аудандық газетке республиканың әр өңірінен хат жолдаушылардың қатары үнемі көбейе түсуде. Мысалы, Астанадағы мұраттанушы, біздің жанашырымыз Бауыржан Омаров, Сыртқы істер министрлігінен Гүлсім Еңсепова, Атыраудан Аққали Ахмет, өңірден Амантай Бағыт, Сағынтай Керешов, Бақыт Қаракешова, Гүлсім Есқалиева, Айсәуле Боранбаева сынды өзге де штаттан тыс тілшілеріміздің арқасында газеттің абыройы артып келеді.

Бұл іске редакция жанынан құрылған «Жас қаламгерлер» клубының мүшелері де зор үлестерін қосуда. Олар бізге Қазақстанның қалаларын айтпағанда, Малайзия, Түркия, Норвегия, Корея, Ресей, тағы басқа өңірлерден хабарласып, пікірлесіп үн қосып отырады.

– «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің түрлі қоғамдық, мәдени, саяси жұмыстарға араласуы, ұмыт қалып жатады. Осы бағытта қандай ілгерілеу бар бүгінде?!

– Шынында біздің журналистер ұжымы аудан, облыстық мәдени-көпшілік, спорттық, мәдени, саяси шараларға белсене атсалысады. Олардың шағын ұжым бола тұра түрлі аудан, облыстағы спорттық, тазалық, тағы басқа шаралардан кейін қалған кезі жоқ.

Бүгінгі ақпарат майданы журналистерге қалғуға мүлдем болмайтынын ескертіп отыр. Газетпен қоса әлеуметтік желі де парақшаларымыз бар. Оны жүргізу үшін де жауапкершілік керек. Осыған қарамастан аудандық газеттің 90 жылдық мерейтойына ерекше жетістікпен келдік деп ойлаймын, оған редакциядағы әріптестерім жауапты хатшы  Арал Байжігітов, бөлім редакторы Саламат Базарбаев, Сұңқар Көшеков, Жадыра Нариманова сынды журналистер мен СММ маманы Ақмарал Бокирова, менеджер Айкенже Биғайырова, бет құрушы Тілектес Қибатола өз үлестерін қосуда.  Олар ел бірлігін әркез ту етіп көтеріп, мәңгілік ел жолында аянбай еңбек ете бермек.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Индер ауданы

«Дендер» газеті 1934 жылы «Социалистік мал шаруашылығы» деген атаумен   шығарылса, 1958-1962 жылдары – «Коммунизм туы», 1965-1993 жылдары – «Индер», 1993 жылдан – аудандық «Дендер» қоғамдық-саяси газеті болып тұрақты шығып келеді.

Индер аудандық «Дендер» газеті – Бүкілодақтық М.Ульянова атындағы сыйлықтың бес дүркін лауреаты, республикалық, облыстық дәрежедегі бірнеше салалық наградалардың иегері. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткен «Жапанға біткен бәйтерек» атты облыстық конкурста І орынды иеленген. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button