«КЕЛІНДЕР, ҚАҢҚУ СӨЗГЕ ЕРМЕҢДЕР!»
Мен сонау тоқсаныншы жылдары тұрмысқа шықтым. Ол кез шынымен қиын еді: жұмыс жоқ, жұмыс болмағасын ақша да тапшы. Мен келін болып түскен үйде енем, екі қайным, жолдасым, өзім және күнде келіп кететін қыз-күйеу мен олардың бала-шағасы болды. Осынша адамға енемнің зейнетақысы мен менің азғантай жалақым, екі сиырдың сүті талғажау болатын. Он бес шақырым жердегі жұмысыма ерте кетіп, үйге кеш келетінмін. Екі сиырдың сүтін сатып, орнына тамақ аламын. Көлікке міне алмасам, жаяу келемін.
«Ененің сыны еменнен де қатты» дейді ғой. Бірақ, менің енем ішінен тынбай, айтарын айтып тастап отыратын ашық адам болды. Тазалықты жаны жақсы көретін. Айналасын тап-тұйнақтай етіп отырады. Обалы не керек, біздің екі баламызды бағысып, берік отбасы болып кетуімізге көп септігін тигізді. Өздерінің бөліп берер ештеңесі болмаса да, өсек сөзге үйір әйелдер бар емес пе, солар арасында «енең сені былай деп жатыр, солай деп жатыр» деп, шағыстыр-ғысы келетін. Мен сол сөздердің ешқайсысын елемедім, сабырлылық сақтадым. Үйге келіп, ешкімнің берекесін алмадым.
Міне, содан бері де біраз жылдың жүзі өтті. Балаларымыз ержетті, жолдасым жұмыста. Бүгінде мен сол кезде енем екеуміздің арамызға шоқ тастап, барынша араздастыруға жұмыстанған жымысқы мінезді әйелдердің әрекетіне мән бермегеніме қуанамын. Ал, өзімнен кейінгі жас келіндерге айтарым: өздеріңе, өздеріңнің екі көздеріңе ғана сеніңдер. Шаңырақ шаттығы да, отбасы татулығы да тек өздеріңе байланысты. Барған жеріңді бақытқа бөлейтін де, қуантатын да өздерің екенін естен шығарып алмаңдар!
Бағыт РЫСҚАЛИЕВА,
Атырау қаласы.