КЕЛЕШЕККЕ ДЕГЕН КЕМЕЛ ҚАДАМ
Бірден айта кетейік, бұл сайлау жай ғана шара емес. Мұнда еліміздің тағдыры, ұлттың болашағы шешіледі. Бұған жас буын өкілдері де бей-жай қарамайтыны сөзсіз. Себебі, ол арқылы дүниежүзіндегі экономикалық және геосаяси ауыртпалықтарға қарсы ауқымды қорғаныс шарасы жасалынады. Демек, маңызды шара өткізу – заңды құбылыс.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері ел экономикасы өркендеп, бүгінде оны әртараптандыруға баса назар аударылуда. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолында нақты әрі батыл қадамдар жасалды. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, былтыр мораторий жарияланып, қосымша қаражат бөлінді. Тіпті, жұмыссыз жүрген жандар шағын несие алып, өз кәсіптерін жалғастырып жатыр. Жалпы, біздің елде бизнеске кең қолдау жасалуда. Соның ішінде, жастарға көзқарас тіптен бөлек. Жеңілдікпен пәтер алу, қоғамның қозғаушы күші ретінде тың бизнес-жобаларға гранттар ұсыну – айта берсек, қамқорлық өте көп.
Әзірге өзім қосалқы бөлшектер сатумен, «ГАЗель» автокөліктері мен жаз айларында Жайық жағасында велосипедті жалға берумен айналысамын. Кәсібімді осындай шағын бизнеспен бастағанмен, болашақта жеке ісімді дамытсам деймін. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында кәсіпкерлікті әрі қарай дамыту жайлы нақты тапсырмалар жүктелген еді. Сол себепті, Президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуын қолдаймыз. өйткені, Елбасымыз кәсіпкерлікті дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Мұрат БИҒАЗИЕВ,
жас кәсіпкер,
Атырау қаласы.