ҚАЗАҚТЫҢ ОРТАСЫНАН БАҚЫТ ТАПТЫҚ…
Солардың бірі корей қызы Нелли Юн ойын былайынша сабақтады: — Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», деген даналық сөз барын білемін. Біздің ата-бабаларымыз да заманында қуғын-сүргінге ұшырап, сонау Қиыр Шығыстан кең байтақ Қазақстан жеріне еріксіз жер аударылып келген. Бір түнде жиналып, баржа-кемелерге тиеліп, өздеріне мүлдем беймәлім жаққа кете берген. Қайда, не үшін тарихи Отандарын тастап бара жатқандарын өздері де білмеген. Ұзақ жолда келе жатып, түрлі жұқпалы аурулардан денсаулығы нашарлап, аштықтан көз жұмғандары да аз болмаған. Менің аталарыма қасиетті де қазыналы Атырау өлкесінің топырағы бұйырыпты. Жер аударылып келгендерді ауыл-ауылға, шаруашылықтарға бөлгенде, олар Чкалов (қазірде Бейбарыс) ауылына қоныстаныпты.Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының басында атам Ен-Нок Юн отбасымен аудан орталығы Махамбет селосына көшкен. Менің де кіндік қаным осында тамған. Сол себепті де өз басым бұл жерді туған Отаным, елім санаймын.
Осылайша, ағынан жарылған Неллидің айтуынша, әкесі Василий «Атырау-Жарық» АҚ-ның аудандық филиалында электрші маман болып еңбек етсе, анасы – қазақ қызы Орынтай Қисметқызы да осы Жайық бойының (бұрынғы Карманово, қазіргі Кеңөріс ауылы) тумасы. Аудандық орталық ауруханада мейірбике болып қызмет істейді. 1988 жылы дүниеге келген сұхбаттасымыздың өзі аудан орталығындағы Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектепте оқыған. Кейіннен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. 2012 жылдан бері өзінің түлеп ұшқан алтын ұясында мамандығына сай шәкірттерге тарих пәнінен дәріс береді әрі оныншы орыс сыныбына жетекшілік етеді. Өзінен алты жас үлкен әпкесі Виктория қазірде Махамбеттегі «Жылжымайтын мүлік орталығы» мекемесінде қызмет істесе, 1999 жылы туған сіңлісі Светлана да Неллидің өзі дәріс алған мектептің 10-шы сыныбында оқиды. Айтпақшы, олар үйде де, жұмыс орнында да, жүрген ортасында да қазақ тілінде еркін тілдесіп, әңгімелесетін көрінеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде бас есепші-маман қызметін атқаратын Светлана Есаулова – орыс қызы. 1989 жылы Махамбет селосында туған. Ол да Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебін бітіріп, 2009 жылы Атырау агротехникалық колледжін бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын аудандық білім бөлімінде іс жүргізуші болып бастап, одан соң ветеринария бөліміне, кейіннен осында ауысқан.
Әңгімелескен сәтімізде сұхбаттасымыздың қазақша сөйлегенде кейбір қандастарымыздың өзін жаңылдыратынын аңғардық. Бұның сырын білмек болып сауал қойдық.
— Кішкентайымыздан қазақтармен іргелес көрші тұрдық, қазақ балаларымен бірге ойнап, қатар өстік. Білім алған мектебіміз де аралас болды. Ата-анамыз бір бірімен де, бізбен де қазақ тілінде сөйлесе беретін. Тілі өз алдына, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын да үйрендік. Тарихын, әдебиеті мен мәдениетін меңгердік. Өлеңдерді, көркем шығармаларды мәнерлеп, нақышына келтіре оқуға машықтандым. Өнерге де әуестендім, қазақша ән де саламын — дейді ол.
Сол айтылғандай, Светлана мектеп қабырғасында жүріп-ақ қазақ тілінен аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанса, агротехникалық колледжді бітірген жылы (2009) Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған қалалық «Қыз сыны» байқауына қатысып, «Ассамблея аруы» танылды. Сол сияқты, аудандық білім бөлімінде жұмыста жүргенінде Тілдер мерекесіне орай ұйымдастырылған «Мен қазақша білемін» атты облыстық байқауға қатысып, бағын сынағаны және бар. Одан да байрақсыз қайтпағаны есінде. Қазіргі еңбек ортасына келгеніне де төрт жылдан асулы. Қызметіне адал, ұжымына сыйлы, қарапайым да кішіпейіл, елгезек орыс қызын мұндағы үлкен-кішінің бәрі де құрметтеп, мақтан тұтады.
Дәулетқали АРУЕВ.
Махамбет ауданы.