Жарнама
Қоғам

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ

Нәтижесінде, осының бәрі еліміздегі патриоттық тәрбиенің іргетасы іспетті «Мәңгілік ел» идеясының аясында тоғысуы қажет. Біздің еліміз сияқты әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте жаңа қалыптасып келе жатқан ел үшін патриотизм идеясының, отансүйгіштік сана-сезімінің қалыптасуы аса маңызды мемлекеттік деңгейдегі міндет болып табылады. Сондықтан, патриотизм идеясы тек қана жастар емес, бүкіл қоғам үшін мәні мен мазмұны түсінікті, елдің азаматтарын олардың тілі немесе ұлтына, дініне қарамастан біріктіре алатын, қазіргі заманның прагматизміне сәйкес келетін ұғымдарға негізделуі қажет.

Елімізде жоспарланған ұзақ мерзімді стратегия да осы мүддеге жауап береді. Елімізде осы бағыттағы бірнеше мемлекеттік деңгейдегі шаралар қолға алынып отырғаны белгілі. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Ассамблея жылы сияқты маңызды оқиғалардың бәрі де қоғам мен жастар арасында отансүйгіштік сезімінің қалыптасуы мен тереңдеуіне ықпал ететін шаралар болып табылады. Әңгіме, әрине, оларды жүйелі түрде, қалың көпшіліктің көкейінен шығатын, елі үшін мақтаныш сезімі туатындай дәрежеде өткізуде екені сөзсіз. Қазіргі әлемдегі саяси, экономикалық тұрақсыздық пен дағдарыс кезеңінде елдегі жағдайдың тыныштығы мен бірлігі, айқын болашағы болуы отансүйгіштік сезімін нығайтушы фактор екеніне  күмән тудырмайды.

Оның үстіне, қазіргідей   прагматизм мен дүниеқорлық психологиясы басым болып тұрған заманда  адамдардың патриоттық сана-сезімі құр идеалистік ұстанымдарға құрылмайтыны белгілі. Сондықтан, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім табуы маңызды.  Сонымен қатар, қазақстандық патриотизмді мағыналық жағынан толықтыратын құрылымдық элемент – елдегі этносаралық және дінаралық келісім саясатының көпшіліктің қолдауына ие болуы. Бұл ұғымның толыққандылығы да осы идеяның іс жүзінде жүзеге асуымен тығыз байланысты. Ұлттар мен халықтардың бір мемлекет ішіндегі оқшаулануы мен әлеуметтік, мәдени, құқықтық жағынан шектелуі қашанда ұлтаралық қатынастың дағдарысына әкелері сөзсіз, сондықтан қоғамдық институт ретінде қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы ролі мен мүмкіндігін ескеру және толығынан пайдалану қажет.

Ал, патриотизмнің рухани жағына келер болсақ, өз халқыңның тарихын және оның жас ұрпаққа үлгі етер жақтарын білу, халқыңның біртуар ұлдары мен қыздарын мақтаныш ету, олардың ерлігі мен жетістіктерін әлемге паш ету қазіргі әлемдік бәсекелестік жағдайында патриотизмге тәрбиелеудің маңызды элементі екеніне шүбә жоқ. «Патриотизм санасының төмен болуына қандай факторлар ықпал етеді?» деген сұраққа жауап іздесек, бірнеше өзара байланысты нәрселерді көреміз. Ақпараттық технологиялардың дамуы өскелең ұрпақтың өзге елдің арзанқол мәдениеті мен отансүйгіштік сезіміне, ұлттық санасына тосқауыл қоятын идеологиясымен улануына себепші болуда. Осындай жағдайда этномәдени тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи құралдар арқылы насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек, сонда ғана ұлттық құндылықтардың отансүйгіштікке тәрбиелеу функциясы өз мақсатына жете алады.

Демек, қазіргі ғаламдық телекоммуникациялық  мәдениет басым заманда ақпараттық кеңістіктегі патриотизмге тәрбиелеу, қалың көпшілікте отансүйгіштік санасын басым ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өкінішке орай, қазіргі мультикультурализм, әлемдік интеграция кезінде кейбір жастардың отансүйгіштік сезімін өзіне өмір сүруге қолайлы жерге немесе мәдениетке айырбастауы да кездесіп қалады. Сол себептен, ұлттық базистік құндылықтардың бірі ретінде отансүйгіштік сезімін балабақшадан тәрбиелеу елдің болашағын идеологиялық қамтамасыз етудің негізі болып табылады. Сонда ғана қазақстандық патриотизм  отансүйгіштік сана мен сезімнің ұлттық құндылыққа айналуының іргетасы бола алады.

Өмірбек Бекежан,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің кафедра меңгерушісі,

Қазақстан халқы

Ассамблеясы Атырау

облыстық филиалы

ғылыми бөлімінің

аға сарапшысы, философия ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button