Жарнама
Қоғам

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИСЛАМ: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ»

 Әділет жолынан айныма

Қоғамдағы тұрақтылықтың негізі — елдің бірлігінде. Дегенмен, бүгінде ұйысқан ұлтты алалап, қауіпті діни ағымдардың жетегіне ілескендер кездеседі. Атырауда өткен алқалы жиын осылайша бұра тартатындардың әрекетіне жауап тосуды, қауіптің алдын алуды мақсат етіпті.

—           Ғылыми-тәжірибелік конференцияның «Қазақстандағы ислам: кеше, бүгін және ертең» деп аталуы бекер емес. Өйткені, кешегі күн мен бүгінгі ахуалдың жайы көпшілікке мәлім. Әңгіме, ертеңгі күніміз қандай болады? Өткен күннің жақсылықтары мен бүгінгінің жетістіктерін ұштастыра аламыз ба? Жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерін орнықтыруда дәстүрлі ислам құндылықтарын орнықтырудағы әрекетіміз нендей? – деп көпке ой тастай бастады сөзін облыс әкімінің орынбасары.

Шыңғыс Мұқанның айтуынша, жергілікті жерде дәстүрлі дінді насихаттауда ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Соның бастысы, халық арасында дұрыс діни таным, ұстаным бойынша түсінік берілуде. Осы мақсатта құрамында 500-ге жуық түрлі саланың өкілдері бар 87 ақпараттық топ құрылған. Олар қалың бұқарамен кездесіп, көкейдегі көп сұрақтарға жауап тосуда. «Бүгінде 150 мыңнан астам адамды қамтыған 986 шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Ислам терроризмге қарсы» деп аталатын конференцияны ерекшелеп айтуға болады. Оған Амангелді Айталы, Ерлан Карин секілді елге белгілі зиялы қауым өкілдері, сарапшылар қатынасқан болатын», — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ақпарат құралдарының белсенді қызметін де осы орайда айтуға болады. Облыстағы газеттер мен телеарналар арқылы жұртшылыққа 1330 материал таратылыпты, ол былтырмен салыстырғанда екі есеге өскен. Сонымен қатар, түрлі әдістемелік құралдар да жариялануда. Қазіргі күні осындай 40 мыңның үстінде әдістемелік және ақпараттық материалдар басылыпты. Жергілікті ақпараттық-талдау орталығының жанынан шыға бастаған «Руханият әлемі» атты газеттің дін жолында жүргендердің арасында тегін таратылып жатқандығын айтқан жөн.

– Былтыр театр сахнасында дін тақырыбындағы «Хақ жолы» атты пьеса қойылды. Адасып жүрген бауырларымыздың өмірін бейнелеген драмалық шығарманы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері тұңғыш рет сомдады. Ол өзге облыстарға да қойылып, жұртшылықтан жылы пікір алып отыр. Бүгінде аталған тақырыпқа орай 5 сериялы көркем фильм түсіріліп бола келді. Осынау шығарма да қоғамға ой салады деп ойлаймыз, — деді Шыңғыс Мұқан. 

Ескі қолжазбаны оқитын маман аз

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Досай Кенжетай әңгімесін дініміздің тарихынан бастады.

— Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап, шежірелі жолымызға тереңірек көз салуға мүмкіндік алдым, — деді ғалым. – Зерттеулердің нәтижесі тарихымыздың соншалықты терең, әрі бай екендігін байқатады. ХІ-ХІІ ғасырларда қазақ топырағынан 400-ге жуық ғұлама шыққан, олардан 570 трактат қалған. Дегенмен, өкініштісі, соның бірде-бірі біздің қолымызда жоқ.

Досай Кенжетайдың баяндауынша, елімізде ескі қолжазбаларды оқитын мамандар өте аз. Бұл өз кезегінде, шежірелі өткен жолымызды зерттеуге кері әсерін тигізіп отыр. Ғалым қазақтың қауіпті діни ағымдардың арбауына қалмауына ұлттың озық ойлы перзенттерінің себебі болғанын жасырмады. Бұл орайда Абайдың қара сөздерін, оның мән-маңызын профессор ерекшелеп айтты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қайрат Затовтың өрелі ойы да көпшілікті ұйытты.

— Республикамызда қазір 3500-ге жуық діни бірлестік бар. Оның басым бөлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тиесілі. Бейресми мәліметтер бойынша, ел тұрғындарының 70 пайызға жуығы ислам дінін ұстанады. Өзінің діни бірегейлігі немесе этникалық, мәдени бірегейлігі негізінде исламға қатысты адамдар республика тұрғындарының басым бөлігін құрағанымен, Қазақстандағы ислам өз ішінде біртұтас деп айту әзірше ерте, — деген ғалым жұртшылықты оның себеп-салдарына үңілдірді.

— 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңда» ханафиттік бағыттың халықтың мәдениеті мен руханилығын дамытудағы тарихи рөлінің мойындалуын еліміздегі мұсылмандардың бірлігін арттыруға бағытталған қадам ретінде бағалауға болады. Бірақ, сонымен қатар ханафиттік бағыттан өзге көзқарастардағы мұсылмандардың бар екені белгілі. Бұл бағыттағыларды «салафтар, уахабшылдар» деп те атайды. Діни істер агенттігі ұсынған «Ислам – байсалды дін» тұжырымы еліміздегі мұсылмандарды осы ұстаным аясында біріктіруге бағытталған деп ойлаймыз. Алайда, «Байсалды дін» тұжырымының мазмұнын құрайтын өзекті идеялар мен принциптер әлі толық жасақтала қоймағанын аңғару қиын емес. Бұл қарапайым діндарларды да, сарапшы мамандарды да ойландырып отыр, — деді алматылық қонақ.

Профессордың әңгімелеуіне қарағанда, қоғамның конфессионалдық негізде бөлшектенуі, олардың арасында ымырасыздықтың орын алуы аса қауіпті құбылыс. Сондықтан, мемлекеттік орындарда, қоғамдық ұйымдарда діни-дүниетанымдық, мәдени диалогты дамытуға және толеранттылықты қалыптастыруға көп көңіл бөлінгені дұрыс. Осы тұрғыда еліміздегі дәстүрлі ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар мен дәстүрлі емес ислам бағыттары арасындағы байсалды сұхбатты, өзара түсіністікті тереңдету — уақыт талабы.

Алматы облысынан келген исламтанушы-теолог Ербол Құдабаев кешегі Кеңес кезіндегі діннің «апиын» деп саналғанын айта келіп, бүгінгі Батыс елдеріндегі бейбастықты да уытты тілімен түйрей сөйледі. «Аталған мемлекеттерде күнә мен қылмыстың арасы жақындай түсті. Зинақорлықты күнә деп санамайтындар табылады. Біз, қоғамның тоқырауына әкелетін осындай жағдайлардан сақ болуымыз керек», — деді теолог.

Атырауда өткен конференцияның басты ерекшелігі, дінге қатысты көп проблема ашық айтылды. Сонымен қатар, оны шешуші мәселелері де ортаға түсті. Алқалы жиын соңында конференцияға қатысушылар қарар қабылдады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ 

Ұсынысы

«Қазақстандағы ислам: кеше, бүгін, ертең» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары ислам дінінің бүкіл адамзат тарихындағы орнының ерекше екендігін және ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестікті жалғастыруды қалайды. Сонымен қатар,  Қазақстандағы исламның тарихына көз жүгіртіп, бүгінгісін талқылап, болашағын бағдарлаған ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары ислам дінінің кең ауқымды мәселелерін қарастырып, пікірталас барысында көтерілген мәселелердің маңыздылығын түсіне отырып, төмендегілерді ұсынады:

 

*Ислам құндылықтары мен салт-дәстүрлер сабақтастығын жалғастыру мақсатында ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жандандыру;

*Қоғамда орын алып отырған экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жүргізуде қоғамдық ұйымдар арасында өзара ынтымақтастықты нығайту;

*бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан ислам дінін жамылып, лаңкестік әрекеттерге барған топтардың бейбастық әрекеттерін, адамгершілікке қарсы істерін ашып көрсету және жариялау жөнінде жұмыс жүргізудің әртүрлі әдістері мен формаларын белсенді түрде қолдану;

*халықтың құқықтық мәдениетін дамыту, жас ұрпақты төзімділік және әлеуметтік жауапкершілік рухында тәрбиелеу;

*ел тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және зайырлы білім берудің сапалық деңгейін көтеру, яғни, арнайы дінтанушылардың тәлім беруін бекіту және жалпы білім беретін мектептерде «Дінтану негіздері» пәнін 6-сыныптан бастап оқытуды қарастыру және мектепке ұлттық құндылықтарды насихаттайтын пән енгізу;

*Теріс бағыттағы «уахабилік, сәләфилік» ағымын заңды түрде деструктивті ағым ретінде танып, Қазақстан аумағында таралуына жол бермеу;

*діни сауаттылықтың сапасын арттыруда тек орта мектеп пен жоғары оқу орындарымен ғана шектеліп қалмай, халық арасында да діни ағартушылықты насихаттау жұмысын жоспарлы түрде және кең ауқымда жалғастыру;

*Ата-аналарға қызмет атқаратын орындары арқылы тоқсанына 1 рет діни сауатын көтеру мақсатында арнайы дәрістер өткізілуіне ықпал ету;

*Барлық білім беретін ұйымдардағы намаз оқитын жастардың теріс бағытқа түсіп кетпеуін қадағалау, сонымен қатар, тұрақты түрде мешіт имамдарымен кездесулер өткізу;

*Ислам діні – қазақ мәдениетінің мазмұны. Сондықтан ол басты рухани құндылығымыз. Осы ислам ғылымының білгірі Ұлық Имам – Имам Ағзам Әбу Ханифаның еңбектері кеңінен зерттеліп, қазақ тіліне көбірек аударылуына ықпал ету;

*Өңірімізден шыққан имамдарды, молдаларды, Бекет ата, Әйіп қажы, Құспан молла т.б. өмір жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін толық зерттеу жұмыстары жасалынып, арнайы кітаптарын шығару;

*«Отан отбасынан басталады» демекші, жастарымыздың адасуы отбасында берілетін тәрбиенің осалдығынан болып отыр. Сондықтан, ұлттық дәстүрімізді бесіктен бастап баланың санасына сіңірудің жаңа тетіктерін қарастыруды ұсынамыз.

Атырау қаласы,

27 қараша 2014 жыл.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button