ҚАЗАҚСТАН СПОРТЫ: ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІСТІГІ ҚАНДАЙ?
«Атлетикодан» гол жібермеген алғашқы команда
Шолуды бірден былтыр футболдан ел біріншілігінде чемпиондық атаққа қол жеткізіп, өзінің алғашқы мүмкіндігінде-ақ чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан елордалық «Астана» командасынан бастаған жөн. Біз мүше болған он үш жылдан бері «Астана» футбол клубы биыл УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойын көрсетті. «С» тобына түскен қазақстандық команда Еуропадағы басты футбол бәсекесінде өткізген алғашқы маусымда «Атлетико», «Галатасарай» және «Бенфика» сынды командалардан ұпай ала білді.
«Астана арландары» – екі мәрте чемпион атанған алғашқы клуб
Жыл басында өткен үлкен спорттық шаралардың бірі WSВ жобасына қатысқан азулы «Астана арландары» ел мерейін бір асырып тастады. Алматыда өткізген тұсаукесер кездесуінде «Астана арландары» «А» тобындағы алғашқы жекпе-жегін «Cancques Venezuela» қарсы өткізіп, 5:0 есебімен жеңді. Финалда «арландар» «Куба домадореспен» жолықты. Жалпы есепте 6:4 көрсеткішімен «арландар» тағы жеңіске жетті. Айта кетерлігі сол, «Астана арландары» арқылы 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро олимпиадасына ауыр салмақтағы екі азамат Василий Левит (91 келі, Қазақстан) және Филип Хргович (+91 келі, Хорватия) жолдама алды. Жалпы WSB тарихында «Астана арландары» – екі мәрте чемпион (2013 — 1, 2015 — 1) болған алғашқы бокс клубы.
Кәсіпқой бокс: ұландарымыз ерлеп тұр
Кәсіпқой бокстағы қазақ ұландары шаршы алаңда атой салып жүр. Өткен жылы үш жекпе-жек өткізген Геннадий Головкин жалпы спорттық мансабындағы 34 кездесуін де жеңіспен аяқтады. Ақпанның 21-і күні Мартин Мюррейді 11 раундта, 16 сәуірде кіші Вилли Монроны 6 раундта және соңғысы IBF белдігінің иесі болған Давид Лемьені 8 раундта нокаутпен жеңді. WBC белдігінің кіші және уақытша чемпионы Геннадий Головкин негізгі белдікті алуға ниетті.
Ауыр салмақтағы Бейбіт Шүменов бір жылда бір кездесу өткізіп, WBA белдігінің уақытша (кіші) чемпионы болды. Бұл белдікті 25 шілдеде Ви Джей Флорестен тартып алды. Шүменов ендігі кезекте WBA белдігінің толық иесі ресейлік Денис Лебедевпен жолығады. Тағы бір ұланымыз Қанат Ислам екі жекпе-жек өткізіп, екеуін де нокаутпен жеңді.
Олимпиадаға құрам толығымен дайын
Қараша айы да отандық спортшылар үшін сәтті кезең болды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы алдына қойған мақсат пен жоспарларын толықтай орындап, Рио Олимпиадасына он жолдаманы (6 ер, 4 қыз) алды. Бұл – Бразилияға толық құрамда барамыз деген сөз.
Ал, Грозныйда аталмыш спорт түрінен өткен Ресей президенті кубогына қатысқан Бейжің және Лондон олимпиадаларының чемпионы Илья Ильин екі рет әлемдік рекордты жаңартты.
Атырау спорты дамып келеді
Өткен жылы Атырауда да спорт саласында елеулі жаңалықтар орын алды. Соның бірі – ел тарихындағы дзюдо күресінен паралимпиадалық ойындарға қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы лицензияны атыраулық дзюдошы Әнуар Сариевтің иеленуі. Енді ол Рио де Жанейро қаласында өтетін паралимпиадалық ойындарда Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Сонымен қатар, биыл Атырауда тұңғыш рет спорттық және әскери самбодан Азия чемпионатының өтуі – мұнайлы өлкенің де халықаралық додаларды өткізуге мүмкіндігінің бар екендігін аңғартты.
Үш күнге созылған дүбірлі додада он екі команданың палуандары өзара бақ сынасып, атыраулық құрама сегіз алтын, үш күміс және екі қола медаль еншіледі.
«Атырау» волейбол командасы өз тарихында төртінші рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Бұған дейін волейболшыларымыз 2000, 2009 және 2010 жылдары осындай жетістікке жеткен болатын.
Павлодар қаласында өткен финалда жерлестеріміз тараздықтармен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Ал, «Атырау» футбол командасы Премьер-лига клубтары арасында бесінші орынға тұрақтаса, команданың жас құрамы биылғы Премьер-лига клубтарының қосалқы құрамдары арасындағы ел чемпионатында өз тарихында тұңғыш рет чемпион атанған болатын. Жас футболшылар биылғы маусымда 22 ойын өткізіп, 15 кездесуде жеңіске жеткен. Төрт рет қарсыласпен тең түссе, тек үш матчта жол берді. Сонымен қатар, 53 рет қарсылас қақпасының саңылауын таба білді. Міне, бұл үздік командаға лайық көрсеткіштер.
Сонымен қатар, бокстан қыздар арасында өткен халықаралық турнирде жерлесіміз Назым Ищанова алтыннан алқа тағып, әлем чемпионатына жолдама алды.
Көріп отырғанымыздай, өтіп бара жатқан жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Алда – Олимпиада!
Бетті дайындаған: Айгүл ЕРТІЛЕУ.