Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы МӘЛІМДЕМЕСІ
Мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялаймын.
Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуіне қажетті жағдайды әрі қарай жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды жүктедім.
Бақылау қызметі саласында: Біріншіден, жоспарлы тексеріс тәжірибесінен бас тартамыз.
Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, объективті, әлемдік талаптарға сай тексерістерді анықтау жүйесін әзірлейді.
Бұл жүйе бойынша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тек шынымен де заңды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер тексерілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем бармауға тиіс!
Екіншіден, тексерісті жүргізу форматы кәсіпкерлерге қойылатын барлық артық талаптарды алып тастайтындай етіп, түбегейлі қайта қаралады. Нәтижесінде талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге азаяды. Ол үшін Үкімет барлық тексеріс жүргізу регламенттерін қайта қарауы қажет.
Үшіншіден, тексерістерге балама ретінде үшінші тұлғаның алдында ерікті түрде сақтандыруды заң жүзінде бекіту қажет.
Төртіншіден, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жою ресімі оңайлатылады. Бұл – елдегі барша тексерулердің үштен бірі.
Бесіншіден, Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнеске қатысты тексерістер жөніндегі ақпаратты қолжетімді етеді. Бұл тексеруші органдардың жұмысын ашық ете түсіп, қоғамдық мониторинг тиімділігін қамтамасыз етеді. Рұқсатнама ресімдері саласында: Біріншіден, рұқсатнамаларды беруді автоматтандыру аяқталады. Олардың кемінде 140 түрі электронды форматқа көшеді.
Екіншіден, құрылыс саласындағы ресімдер қысқартылуы тиіс. Бұл бағытта айтарлықтай кедергілер бар. Мен Үкіметке жер телімдерін беру және оларды пайдалану мақсатын өзгерту ресімдерін, сонымен қатар, құрылысқа рұқсат беру және инженерлік жүйелерге қосу ресімдерін 50 пайызға азайту туралы тапсырма бердім.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жер телімдерін ресімдеу мерзімі 30 күннен аспауы керек. Институттық-заңнамалық салада: Біріншіден, мемлекеттік органдардың тиімсіз, қолайсыз және өзектілігін жоғалтқан актілерінің күші жойылатын болады. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарға қызмет көрсету жөніндегі ішкі ресімдері де қайта қаралады. Осы жылдың 1 маусымына дейін Үкімет ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, тиісті заңнамаларға толық ревизия жасауы тиіс.
Екіншіден, бизнеске ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлік кодексінің жобасына кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жөніндегі заңдардың барлық нормалары шоғырландырылуы тиіс.
Үшіншіден, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде қабылданған реттеуші ықпал қағидаты заңдық тұрғыда бекітіледі.
Төртіншіден, Қазақстанда жаңадан Бизнес-омбудсмен институты құрылады. Оның басты міндеті – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Мен атап өткен шаралар заңнамалық өзгерістерді талап етеді.
Үкімет: 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін рұқсат беру және хабардар ету мәселелері жөніндегі заңның жобасын; 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кәсіпкерлік қызметке қажетті жағдайды түбегейлі жақсарту жөніндегі заңның жобасын; 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметі мәселелері жөніндегі заңның жобасын Парламентке енгізуі керек.
Құрметті қазақстандықтар!
Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту – «Қазақстан 2050» Стратегиясының ең басты міндеттерінің бірі. Менің Жарлығымды жүзеге асыру Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамытуға қажетті жағдайларды түбегейлі жақсартуды қамтамасыз етеді. Бұл – бизнес жүргізіп отырған әрбір қазақстандыққа нақты көмек. Кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағдайды ұдайы жақсартып отыру әрқашан да мемлекеттің басты назарында болады. Бұл – Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадам. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына серпін береді деп сенемін.