ҚАСТЕРЛІ ДЕ ҚАСИЕТТІ КҮН

Тәуелсіздік – қазақ халқының асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі де қасиетті күн. Тәуелсіздік күні - еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке. Себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандады, күтумен өтті.

 

Қилы  кезең  қияметі

Бір тудың астына жиылып, біртұтас ел болуын армандаған қазақтың ұлы ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы,  Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов және тағы басқалар тәуелсіздік үшін өмірлерін қиды. Алаш ұлдарының арман-тілегі сол кездері жүзеге аспай қалғанымен, ұлттық сананы оятуда рухани түрткі болды.

Қазақ халқы не көрмеді? Өткен ғасырдың басында саны 1,5 миллиондай адам Қытай, Ауғанстан, Түркия асты. 1928-1955 жылдары зиялылар репрессияға ұшырады. Қазақ халқының саны үш есеге дейін кеміп, 1 миллионға дейін азайды. Одан қалды, Ұлы Отан соғысы жылдары 700 мыңдайы өз еліне оралмады.

 XX ғасырдың соңында әлем картасы тарихи өзгеріске түсті. Алып империя – КСРО күйреді, осы қираған жұртта тәуелсіз жаңа 15 мемлекет орнады. Соның бірі – Қазақстан Республикасы.

Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз, Ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең-байтақ  даласында  жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің бар екенін мойындаттық.

Алғашқы  нәтиже

Алдымен «экономика» деп ұран тастады тұңғыш  Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы реформалардың алғашқы басталар шағында. Егемендік алғаннан кейінгі іс-қимылдың ең басты бағыты, шешуші басымдылығы  экономика саласы деп атап көрсетті. Бұл дұрыс пікір еді.

Сол алғашқы онжылдықта бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде шетел инвестициялары молынан келген бірінші ел Қазақстан екенін біз мақтанышпен айтамыз. Жалпы, тәуелсіздік жылдары елімізге 120 млрд. доллардан астам инвестиция келген. ТМД елдерінің ішінде бұл – ең жоғары көрсеткіш. Ал, қазіргі кезде оның көлемі 136-140 млрд. долларға өсіп отыр. 

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы еліміз үшін ерекше сынақ жылдары болды. «…Әлем тарихында капитализмнен социализмге өткен елдердің тәжірибесі бар, ал кері қайтқан, яғни социализмнен капитализмге көшкен бірде-бір ел болған жоқ. Осы бағыттағы алғашқы қадамды біздер, Кеңес Одағының құрамында болып, оны таратып егемендік алған республикаларға жасауға тура келді

Біздің экономикамызға салқынын тигізген 1997-1998 жылдардағы бірқатар аймақтық дағдарыстарға қарамастан, стратегиямызда өрілген барлық экономикалық өлшемдеріміз іске асырылды. Бүгінгі таңда Қазақстан 32 млн. тонна мұнай өндірсе, енді он жылдан кейін 100 млн. тонна мұнай шығаруға жетеміз. 

Мамандардың айтуынша, дүние жүзінде 220-дан астам мемлекет болса, соның 20-сы ғана экономикалық дамыған елдер қатарына кіреді.  Сондықтан, экономикалық жағынан әлем елдері бір-бірінен ажырағысыз, Қазақстан да – әлем экономикасының құрамдас бір бөлігі. Соңғы мәліметтер бойынша, АҚШ әлемдік экономиканың 30 пайызға жуығын иемденіп отыр. Ал, Қазақстан әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойынша 9-орында тұр.

 22 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін бүгін де және әрқашан да айтып өтеміз.

Енді  біз  адаспаймыз

1993 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – Теңге айналымға шықты. Ел тарихында теңгенің айналымға енгізілуінің аса зор саяси және экономикалық маңызы болды. Ұлттық валюта тәуелсіздіктің белгісі ретінде Қазақстанның халықаралық беделін көтерді.

Президентіміз «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әдеттегідей тәуелсіз еліміздің  табыстарын, еліміздің әлемдік аренадағы алар орнын айта келе, Қазақстанның  болашағы жолындағы  асуларына жан-жақты тоқталды.

Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерінен озып, халықаралық рейтингте 50-ші орынға ие болдық. Қазір Қазақстан – халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарында. Енді дамыған 30 ел қатарына ену – басты мақсатымыз.

Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының тұңғыш Елбасы болды.  Елбасымыз,  Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен біздің Отанымыз әлемге танылды. Елдің елдігін көрсетті, ерлігін танытты. Бүгінгі күні Н.Назарбаевтың есімі әлемнің көрнекті мемлекеттік қайраткерлерінің қатарында бірге аталады. Бұл тегін болмаса керек. Түркияның астанасы Анкарада Н.Назарбаев ескерткішінің орнатылуы, Иорданияның астанасы Амман қаласындағы бір көшенің Назарбаевтың есімімен аталуы тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз дәуірінің ұлы көшбасшысы екендігін айқын дәлелдесе керек. 

  ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында біз үшін аса маңызды оқиғалардың бірі – әлемнің ешбір елінде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының дүниеге келуі. Бүгінгі таңда Ассамблея  өміріміздің ажырамас бөлігіне, бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың кепіліне айналды және әр этносқа өз тілін, дінін және салт-дәстүрін өркендетуге мүмкіндік берілуінің өзі Қазақстанның болашағы зор ел екендігін таныта түсті. Жүздеген ұлттың өкілдері бір-бірімен тату өмір сүріп, ынтымағы жарасқан елге айналуының бастау арнасында Елбасының елдікке негізделген саясаты жатыр. 

«Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің  таңдаулы университеттерінде 3,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды, қазіргі уақытта 3 мыңдай қазақстандық оқып жатыр.

ЮНЕСКО-ның деректеріне сәйкес, біздің еліміз білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшы елдердің алғашқы төрттігінен берік орын алып отыр. Қазақстандықтардың өз елінде де, шет елдерде де озық білім алуға мүмкіндіктері бар.

«Қазақстандық  ғаламат  жол» 

Осыдан 22 жыл бұрын біздің еліміздің қай жерде екенін нақты білетін жандар әлемде кемде-кем еді. Бүгінде Қазақстан – бүкіл Орталық Азияның локомотиві, саяси, экономикалық орталығы, дүние жүзіне белгілі әрі құрметті мемлекет! Ендігі жерде алдағы онжылдықтарда  біздің еліміз бұдан да серпінді, бұдан да қарышты дамуға бет бұратын болады. Ең бастысы, елімізді индустрияландыру бағыты ұсталып, кең көлемдегі әлеуметтік жаңғырту және жаңа әлеуметтік саясат бастау алады. Елдің негізгі ошағы мен тірегі болған ауылды дамыту жаңа қырынан үдей түсуде.

Атамекенге 22 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша, ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Президенттің Жарлығымен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы көшіп келу квотасы 20 мың отбасыға өсті. Елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Оны ойдағыдай  іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінді.

Сөйтіп, Қазақстан бүгінде аймақ пен әлем қауіпсіздігі тұрғысынан маңызды елге айналды. Ең бастысы, ел бірлігінің арқасында бүгінгі күні берекеміз артып, ынтымағымыз нығая түсуде. Осы орайда әлем тәнті болған «Қазақстандық ғала­мат жол» – Мемлекет басшысының елі үшін еткен ерен еңбегінің жемісі, егемендігіміздің шежіресі десек, артық айтқандық емес. Соған сай «Егемендік пен Елбасы – егіз ұғым» дегенді үлкен құрмет, зор мақтанышпен айта аламыз.

Киікбай ЖАУЛИН,

Атырау инженерлік гуманитарлық институтының

ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің

озық қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз