Жарнама
Қоғам

Каспий қазақтарының фототарихы

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Каспий маңы қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы фотоқұжаттарда» кітап-альбомның тұсаукесері өтті. Шара «Рухани жаңғыру» жобасының «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

ЕАС 131

Кіріспе сөз сөйлеген Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Сара Ізмұхамбетова шараның маңызына тоқталды.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Қатимолла Ризуанов шараның құндылығын айқындап:

–  Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Каспий маңына, Адай уезіне Ленинградтан, Мәскеуден экспедициялар келіп, зерттеулер жүргізген. Солардың ішінде өзіміздің Алаш ардагерлерінің бірі Әлихан Бөкейханов та болған. Сөйтіп, осы аймақты мекендейтін халықтың тұрмыс-тіршілігін қағазға жазып, фотосуретке түсіріп, тарих қойнына табыстаған. Суреттерді саралап, мазмұнға қарай бөлгенде бір ғылыми мазмұнда қызмет еткен ғалымдардың қолтаңбасы аңғарылады, — деді.

– Еділ-Жайықты мекен еткен қазақтар бұрын Атырауды «үйшік» деп атаған. Оның себебі, ерте кезеңде тұрғызылған үйшіктердің көп болуы. Үйшік құрылысы ерекше, оны тұрғызудың өзіндік тәртіптері бар. Мәселен, қазір Ақтөбе-Лаэти қаласының іргесінен  басталған бұл үйшіктер біздің қаламыздың тарихынан хабар береді.

Астанадан кейін шұғыл дамып келе жатқан қала – Атырау.  Алайда, қалада ішкі, сыртқы туризмге көрсететін жер тапшы. Шетелдіктерді биік, жарқыраған қазіргі заманның сарайларымен тамсандыра алмасымыз анық. Неге 1 га жерге бұрынғы Үйшік қаласының макетін жасамасқа? Үйшіктерді  тұрғызып, жасанды көл жасап, қайықтарды орналастырсақ шетелдік қонақтар да, қала тұрғындары  да тамашаламай ма? Асанқайғының өткен жерінің картасын жасап, оны да тарихи жәдігер ретінде пайдалануға болады. Туристерді сол жолмен алып жүруге болмас па еді? Облыстық өлкетанушылар қауымдастығын құрған дұрыс. Ұлы даланың, ат үстінде күн кешкен ата-бабаның тарихын осылай да танытуға болмай ма? — деп Өмірзақ Қажымғалиев  өз ұсыныстарын да айтты.

Атырау облыстық архивінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұхтар:

– Қолдарыңыздағы кітап-альбомға біздің елдегі мәдениетке қатысты 300 сурет түсірілген болса, соның 200-і алынған. Бұл жинақтың құндылығы фотосуреттердің бірінші рет жариялануында. Суреттерді түсірген – С.И.Руденко, — деді.

Өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмазия Жұмабаева   кітап-альбомның өлке тарихындағы орнының айрықша екенін айтты.

Кітап-альбомды құрастырушы облыстық мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру жөніндегі инспекция басшысы Мұханбетқали Кипиев те өзі ойға алған үлкен жоба жайында  оқырмандарға кеңінен түсінік берді.

Гүлзада Ниетқалиева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button