КӘСІПТІК МАМАНДЫҚҚА – МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС
Өткен оқу жылында және кәсіптік-техникалық білімі бар 2365 маманды даярлауға мемлекеттік тапсырыс берілген. Жаңа, 2015-2016 оқу жылында бұл көрсеткіш 2415-ке немесе былтырғыдан 50 орынға ұлғайтылып, аймақ экономикасының 13 саласына, 38 мамандық бойынша мамандар даяраланады. Соның ішінде, орта арнаулы білімі барлар үшін 820 және білікті жұмысшыларды даярлауға 1595 орын қарастырылған. 2014-2015 оқу жылында 9 сыныпты (негізгі мектеп) бітірушілер саны 54-ке азайса, 11 сыныпты бітірушілердің қатары 132-ге көбейген.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көзделгеніндей, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін жыл сайын 10%-ға өсіру, оған қоса 11 сынып негізінде қабылданатын оқушыларға республикалық бюджет трансферті есебінен 100 орын бөліп отыру міндеті қойылған. Осыған орай, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, қала, аудан әкімдеріне хат ұсыныс жолданған. Өз кезегінде, қала мен аудан әкімдіктерінен келіп түскен сұраныстардың нәтижесінде, облыста 2018 жылға қарай экономиканың 15 саласы бойынша 700-дей кәсіби біліктілігі жоғары маманның қажетсінетіндігі анықталған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармалары, кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары кеңесі өкілдерінен құрылған комиссия жүргізген сараптама нәтижесінде, Атырау қаласындағы жеті және аудандардағы екі колледжде оқушылар жатақханасының жоқтығы белгілі болып отыр.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.