Жарнама
Қоғам

«Кәсіпті несиемен бастамаған дұрыс»

«МЕКТЕПТІ ЖАҚСЫ АЯҚТАП, ОҚУЫҢДЫ БІТІР, СОСЫН ЖҰМЫСҚА ТҰРАСЫҢ» ДЕГЕН АТА-АНА КЕҢЕСІ МЕН ҚОҒАМНЫҢ ПІКІРІ ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ ЕНШІСІНДЕ ҚАЛДЫ. БҮГІНДЕ КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІ МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНАН БАСТАП ОҚЫТЫЛЫП ЖАТЫР. ШЫНЫ КЕРЕК, ҚАЗІРГІ ЖАС БУЫН АТТЕСТАТ ПЕН ДИПЛОМДЫ КҮТПЕЙ-АҚ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ АЛҒАШҚЫ САТЫЛАРЫНА ҚАДАМ БАСТЫ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН-АҚ ЕЛДІҢ ТҮКПІРТҮКПІРІНДЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖАҢА ЖАС БУЫНЫ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫ БАЙҚАЛАДЫ. ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.ТОҚАЕВ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА КЕЛГЕН САПАРЫНДА ДА ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ ТОҚТАЛДЫ.

screenshot 5 5

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Былтыр ел Үкіметінің қаулысымен 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған «Тəуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды. Тəуелсіздік күні қарсаңында 30 жас стартап иелері 3 миллион теңгеден қайтарымсыз грант сертификатын мемлекет басшысының қолынан алып, өз жобаларын бастап кетті. Биыл да бұл қолдау жалғасын тауып жатыр. Айта кетейік, грант қағидасына сай Қазақстанның мəдени мұрасын танымал етуге, халықтың мəдени дəстүрлері мен өнерін ілгерілетуге, жаңа ІТ-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру жəне əзірлеуге, экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жəне жаңа медиажобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құруға бағытталған жобаларды ұсынуға болады. Əзірге Атырау облысы бойынша бұл грантты иеленген жастар жоқ.

Жалпы Атырау облысы бойынша 29 жасқа дейінгі 2000-ға жуық жас кəсіпкер бар. Оның ішінде 1200-ден астамы Атырау қаласында тіркелген. Президент өз Жолдауында жастар кəсіпкерлігін дамытуға тағы да ден қойып, өз ісін ашып, оны дамытуды көздеген жастарға 2,5 пайызбен несие беруді тапсырды.

Бұл жеңілдік бүгінде тиісті Ұлттық экономика министрлігі қабырғасында талқыланып жатыр. Бұған қарамастан биыл Атырау облысы кəсіпкерлік жəне туризм басқармасы арқылы «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ісін жаңа бастаған кəсіпкерлерге, жас кəсіпкерлерге (өз бизнесін құруға) мемлекеттік гранттар беру» конкурсы бойынша 13 жас кəсіпкерге 32,9 млн. теңге қайтарымсыз грант берілді. Бұл кəсіпкерлер бүгінде өз бизнестерін бастап, дамытып жатыр.

screenshot 3 6

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТАН КӘСІПКЕ…

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз мемлекеттен ешқандай көмек алмай-ақ, пандемия қарсаңында өз кəсібін бастап, тоқырау күндерді бастан кешкен, сынаққа да сын бай, кəсібін жолға қойған ерлі-зайыпты жас кəсіпкерлер Айдынбек Зейнелқабды мен Құралай Бектиярова. Жуырда кəсіп иелерінің Вокзал маңы ықшамауданындағы «ZA.KZ» шағын шығармашылық шеберханасына арнайы іздеп бардық. Жалға алынған аядай жерге енгеннен-ақ жұмыс барысын анық көруге болады. Отағасы арнайы құрылғыларымен таныстырып, қолға алған кəсібінің қырсырымен бөлісті.

Құрманғазы ауданының тумасы Айдынбектің бала кезгі арманы архитекторлық болса да, отбасының жағдайына қарап, Орал қаласындағы техникалық колледждің бейнелеу, сызу жəне технология пəні мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Осы жерде өмірлік жары Құралаймен танысып, бір топта білім алады. Оқуды тəмамдағаннан кейін Айдынбек Отан алдындағы борышын өтеп, Теңіз қалашығына жұмысқа орналасады. Бала кезінен ағаштан түйін түйіп, қиялындағы жобаны жаңа дүниеге айналдыратын жігіт жұмыстан бос кезінде ағаштан көлікке тағатын ру жазылған тұмар жасайды.

– Алғашқы да аға — інілеріме , жұмыстас-құрдас жігіттерге жасап бердім. Кейін бір-бірінен естіп, тапсырыс көбейе түсті. Ол кездегі «хит» əлеуметтік желі «Вконтакте»-ге жарнама орналастырдық. Бастапқы жылы елдің түкпір-түкпірінен тапсырыстар өте көп болды. Əсіресе, қазақы өңір Маңғыстауға жиі-жиі жіберетінмін. Кейін басқа қаладағы жігіттер тура осындай тұмарлар жасай бастағаннан кейін, менің тапсырысым азая түсті. Бұл өнімді мен Қазақстан бойынша бірінші жасап шықсам да, оны патенттеген жоқпын. Бірақ, осы салада табыстың бар екенін түсіндім жəне шығармашылықпен айналысқанды жаным қалайтын, — деді Айдынбек.

Бұл аралықта Құралай да Орал жəне Атырау қалаларының жарнама агенттіктерінде дизайнер болып еңбек еткен еді. 2019 жылы ол осы салаға түбегейлі бет бұрып, екінші деңгейлі банктен 1 миллион теңгеге жуық тұтынушылық несие алып, кəсібін бастап кетеді. Енді ғана жұмысы жүре бастаған тұста əлемді жайлаған пандемияның зардабы бұларды да айналып өтпейді. Тұралаған жұмыс, төленбеген несие… Жас кəсіпкердің ойы сан-саққа жүгіреді. Несие алғанына бір өкініп, бастаған ісі уайымға айналып, дүние астан-кестен болғандай күй кешеді. Шын мəнінде аурумен алысып, дағдарыстың уысына түскен халықтың «байтал түгілі, бас қайғы» болған уақыты еді. Пандемияның қарқыны бəсеңдеп, ел еңсесін тіктей бастағанда бұлар да жұмысын жалғастырып, кəсібін кеңейтуді қолға алады. Кейін тағы да 2 млн. теңге қаржы құйып, шеберхананы жаңа үлгідегі лазерлі станокпен толықтырады. Тапсырыстың дизайнын Құралай компьютермен жасап береді де, техникалық жұмыстарын Айдынбек өзі атқарады. Осылайша, ерлі-зайыпты шеберлер ағаштан түрлі бұйым жасап, бүгінде кəсібін дөңгелентіп отыр.

screenshot 4 4

«ЕР КЕЗЕГІ ҮШКЕ ДЕЙІН»

Жас кəсіпкерлер былтыр қайтарымсыз грантқа құжат тапсыру үшін барғанда қалада тіркеуі болмаған соң қатыса алмады. Биыл тіркеуге тұрғанына бір жыл болмағаны үшін тағы да мүмкіндіктен айрылады. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, алдағы жылы тағы да бақ сынап көрмекші. Егер Үкіметтен көмек болса, жетіспейтін құрал-жабдықтар алып, шеберханасын кеңейтіп, қосымша жұмыс орнын ашу ниеттері бар.

– Біз кəсіп бастаған жылы қалада екі-үш осындай станок болған. Қазір мемлекеттің қолдауы шығар, мұндай кəсіп иелері көбейді. Бірақ, қаладағы қолжетімді бағаны ұстап отырған шеберхана біз деп айта аламын. Себебі, өзгеге берген тапсырыстары ұнамай, бізге келіп жасатқан тұтынушылар бар. Бұл кəсіпте бірінші – адамның икемі, екінші – суретшілік қабілеті, яғни түстерді келтіріп, «ойната білуі» керек. Талғам мен ниет те басты орында. Сен өз ісіңнің шебері болғанда ғана тапсырысың да, сəйкесінше табысың да жақсы болады. Бізге тек атыраулықтар емес, өзге облыс тұрғындарынан, тіпті Астрахан мен Саратовтағы қандастардан да тапсырыстар жиі түседі. Қандай өнімді де қазақы колоритте жасаймыз. Сондықтан шығар, біз дизайн жасағанда міндетті түрде ұлттық оюөрнектерді пайдаланамыз. Идея көп, əзірге қал-қадірімізше жүзеге асырып жатырмыз, — деді жас кəсіпкер.

Шеберхана да дайындалу процесіндегі жəне дайын тұрған өнімдермен таныстық. Жиі тапсырыс берілетін, «топ» өнімдердің көшбасшысы – шежіре, медальға арналған тақтайша мен кілт ілгіштер. Əсіресе, ер-азаматқа сыйлық іздеген жандар осы жерге жиі келеді екен. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген мақалды санамызға құйып өскен қазақ емеспіз бе? Жеті ата, руы, таңбасы басылған шежіре бұрышының құны 15 мыңнан басталып, күрделілігіне, көлеміне қарай 45 мың теңгеге дейін бағаланады. Ал, спорт пен мəдениет салаларында жетістікке жеткен қызжігіттерге арналған медаль ілгіштердің бағасы 7500 теңгеден, кілт салғыштар 2500 теңгеден басталады. Ең кішкентай жəне арзан бұйымдар – магниттер мен брелоктар. Сонымен қатар, нарыққа шығарғалы отырған жаңа өнім – балалар бөлмесіне арналған сағаттармен таныстырды.

– Қазір этностиль трендте. Қолдан келгенше бұйымдардың бəрін оюөрнектермен сəндеп, халықтың көзін қазақи нақышқа үйреткіміз келеді. Жас кəсіпкерлерге айтарым, қандай қиындық болса да мойымау керек, күту керек, бастаған істі аяғына дейін жеткізу қажет. Бірақ, несие алып, кəсіп бастауға кеңес бермес едім. Мүмкіндігіне қарай мемлекеттік бағдарламалармен кəсібін бастағаны дұрыс, — деді Айдынбек.

Иə, алғашқыда бұл кəсіпті бастап, жүргізіп кету екеуіне де оңай болмаған. Атырау – орталықтан алыс жатқан қала. Қажетті шикізаттарды таңдау түгілі, оның түрі де жоқ. Сондықтан алматылық сенімді делдал тауып, жұмысты бір ізге келтіргенше əуре-сарсаңға түскені рас. Бірақ, алдына мақсат қойған соң, қалай да соған жетуге асықты. Ойлағанына жетті де.

Шеберханада өз ісімен шұғылданып, сұхбатымызды үнсіз тыңдап отырған Құралайға «Жұмыста да, үйде де, бір басшы, жұмысыңыз ұнай ма?» деп əзіл аралас сұрақ қойып, сөзге тарттық.

– Үнемі бірге жүрсек те, арамызда келіспеушілік туындап көрген емес. Бір-бірімізді айтпай түсінеміз. Тіпті бір толқындағы жандармыз десем де болады, — деді ол. Б і р і н і ң т у ы с ы ш а л ғ а й д а ғ ы Құрманғазы ауданында, екіншісінікі көршілес Батыс Қазақстанда. Соған қарамастан олар бірлескен істе береке барын дəлелдеп отырған жас отбасы. Жай отбасы ғана еме с, өңірге жаңашылдық əкелген жас кəсіпкерлер.

P.S: БИЗНЕС ДЕГЕНДЕ БӘРІМІЗДІҢ ОЙЫМЫЗҒА АЛЫПСАТАРЛЫҚ НЕ ДЕЛДАЛДЫҚ ТҮСЕДІ. ШЫН МӘНІНДЕ КӘСІП – ШИКІЗАТТАН ӨНІМ ӨНДІРУ, ҚОЛЖЕТІМДІ ТАУАРДЫ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҰСЫНУ. БІЗДІҢ МАҚСАТ ЖАС ТА БОЛСА ҮЛКЕН ІСКЕ БЕЛ БУҒАН ЖАСТАРДЫҢ ТАБЫСЫН САНАУ ЕМЕС, ОСЫНДАЙ ЕҢБЕКҚОР ЖАНДАРДЫҢ БАРЫН ҮЛГІ ЕТУ. АЙДЫНБЕК ТЕ ҚАЗАҚТЫҢ «КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ» ДЕГЕН ҚАҒИДАСЫМЕН ӨСКЕН ҰЛ ЕКЕНІ КӨРІНІП ТҰР. «ҮЙРЕНЕМІН ДЕГЕН ЖАС БОЛСА, ҮЙРЕТУГЕ ДАЙЫНМЫН» ДЕП АҒЫНАН ЖАРЫЛДЫ.

Салтанат САНСЫЗБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button