КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Аталған бағдарлама шеңберінде 2010-2015 жылдары жалпы несие сомасы 35,3 млрд. теңге болатын 348 жоба мақұлданды. Соның ішінде, 249 жоба субсидияланып, 87-сі ішінара кепілдендірілді. Ал, 12 кәсіпкердің жобасына қайтарымсыз негізде мемлекеттік гранттар берілді. Нәтижесінде, жаңадан 3 127 жұмыс орны құрылды.
Облыс бойынша биыл трансферттер есебінен 1 872,8 млн. теңге қаражат қарастырылуда. Биылғы 1 наурызға дейін өңірлік үйлестіру кеңесімен 46 жаңа жұмыс орны ашылып, несие сомасы 203,60 млн. теңгені құрайтын тоғыз жоба мақұлданды. Бағдарлама шеңберінде қаржылық емес қолдау тәсілі де қарастырылған. Яғни, өңірдегі «Даму» АҚ филиалы мен аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бизнес-тренингтер, семинарлар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Бизнес Кеңесші», «Іскерлік байланыстар» және «Топ-менеджмент» оқыту бағдарламаларына қатысқан кәсіпкерлерге сертификат беріледі.
2010-2015 жылдарда 3 170 шағын және орта бизнес субъектілеріне барлығы 6 990 сервистік қызмет көрсетілді. Айта кеткен жөн, Атырау – ауыл кәсіпкерлерін несиелеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлетін республикадағы бірден-бір аймақ. Осы мақсатта жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен ауыл кәсіпкерлеріне қайтарымды несие беру үшін жергілікті бюджеттен әр жылы қаражат қаралып тұрады. Соңғы үш жылда бөлінген 657 млн. теңге – ауылдық жерде 147 бизнес нысанының құрылып, 352 жаңа жұмыс орнының ашылуына жасалған мүмкіндік. Ал, үстіміздегі жылға 150 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр.
Сонымен бірге, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қор есебінен өңдеу өнеркәсібі саласында екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы сомасы 7,6 млрд. теңгеге 38 жоба қаржыландырылып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осы секілді жұмыстар биыл да жалғаспақ. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы барлық кәсіпкерлердің «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасына белсенді қатысуларын сұрайды.
А.ШАМАР.