
Кәсіпкер әйелдерге қандай қолдау бар?
Атырауда ауыл әйелдері форумы өтті. Шара аясында әр ауданнан келген кәсіпкер қыз-келіншектер өз тауарларын көрмеге қойып, көпшілік назарына ұсынды. Форум қатысушылары кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері туралы ақпарат алды.

Қызылқоғалық Ләйла Нұрғалиеваның қолынан шыққан бұйымдар алыстан көз тартады. Осыдан бес жыл бұрын қайтарымсыз грант алып бастаған кәсібі бүгінде қанатын кеңге жайып, табыс көзіне айналған. Ауылда Ләйла апаның қолөнер бұйымдары сұранысқа ие. Өйткені, тауары сапалы әрі бағасы да қолжетімді. Айталық, сыпыра облыс орталығында 6 мың теңгеден басталса, Ләйла Нұрғалиева оны фартугімен бірге өз қолымен тігіп 3500 теңгеге сатады екен.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Данияр Орынбасаровтың айтуынша, өңірімізде 55 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, оның 58 пайызы әйел кәсіпкерлерге тиесілі. “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ Атырау филиалы арқылы өткен жылы барлығы 174кәсіпкер қолдау тапса, оның 71-і бизнесвумен. Оның ішіде Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында өңірлік бағдарлама (Бизнес-аймақ) іске асырылып, жергілікті бюджеттен былтыр 500 млн. теңгеге жуық қаражат бөлініп, нәтижесінде кәсіпкер әйелдердің 17 жобасы қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 400 бизнесвумен қолдау алған.

Форумды ұйымдастырушы, кәсіпкер Айгүл Баямированың айтуынша, мұндай шара мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түріне қолы жетпей жүрген облыстан шалғай орналасқан ауыл әйелдеріне үлкен көмек болмақ. Әсіресе, кәсібін кеңейткісі келгенмен қаржы көзін таба алмай жүрген, жеңілдетілген несиелер туралы білмей келген қыз-келіншектерге жол ашылып отыр. “Ауыл әйелдері үйінде отырып-ақ сүт сауады, нан пісіреді, тезек теріп, соны сатады. Олар жеке кәсіпкер емес. Ал бүгінде мемлекет тарапынан бизнес иелеріне көрсетіліп жатқан қолдау түрі көп. Осы мақсатта форум ұйымдастырдық. Мұнда бәрі бірдей кәсіпкер емес. Жаңадан іс ашып, неден бастарын білмей жүрген жастар бар. Менің байқағаным, дамыған елдерде кәсіпкерлік экономиканың 70 пайызын құрайды. Біз де алға қарай дамуымыз үшін бизнесті өркендетуіміз қажет”,-дейді Айгүл Баямирова.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ