Жарнама
Қоғам

ҚАСИЕТТІ АЙЛАР КЕРЕМЕТІ: СӘУІРДЕ – ЕРЕЖЕП, МАМЫРДА – ШАҒБАН АЙЫ

 Миғраж түні

Ережеп айы «Рағайыб» (сәуірдің 23-інен 24-іне қараған түн) және «Миғраж» (мамырдың 15-інен 16-сына қараған түн) түндерімен де ерекшеленеді.  «Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді.

Миғраж сапарында Алла Тағала құлы, әрі расулы Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) жәннаттың ғажайып, әрі таң қаларлық оқиғалары мен тозақтан біршама көріністер көрсеткен екен. Миғраж оқиғасында ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мынадай әмір беріледі. Намаздың парыз болуы, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап: «Пайғамбарлардың ешбірі сенен бұрын, ешқандай үмбеттер де сенің үмбеттеріңнен бұрын жәннатқа кірмейді!», – деп баяндалуы (Рази, ХХVІІІ, 248) және «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты уахи етілді. Бір сөзбен айтқанда, Миғраж пенделерге тән мекенге және заманға жанаспайды. Бұл – ешкімнің ақылына сыймайтын ұзын сапар, әрі қисапсыз көріністер. Мұндағы жайттар секундтан аспайтын аз ғана бір уақыт ішінде өтті. Бұл сапардың негізгі ақиқаты мен ішкі сыры Аллаға және оның Елшісіне тән. 

Шағбан кереметі

19 мамырда кіретін шағбан айы да – қасиетті Рамазан айын сүйіншілейтін, әрі оған пендені дайындайтын ай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айда өзге айлардағы әдетінен көбірек ораза тұтатын болған.

Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы айдағы құлшылығын былайша жеткізеді: «(Пайғамбардың) Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағандығын көрмедім» (Мүслім, Сиям, 176);

Тағы бір хадисте: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын» деген (Нисаи, Саум, 70).

Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Себебі, Шағбан айындағы елеулі де, ерекше сәттердің бірі – Бәраат түні. Бұл түн биыл маусым айының 1-нен 2-сіне қараған түнге сәйкес келеді. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан, бұл түнді Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – дей келе, «Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», – деп те айтқаны бар (Сүнән ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191).

Халқымыз осындай қасиетті айлар жайында хабардар болса, әркім шама-шарқына қарай амал-әрекет жасап, құлшылығын арнаса, Жаратушы Алланың жарылқауына бөленері де сөзсіз, инша Алла! Олай болса, қайырымы мол айлардан құр алақан қалмай, сауапты істерді молайтқанымыз жөн.

Батыржан МАНСҰРОВ, 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырады: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп – адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»; «Ережеп – Алланыкі, Шағбан – менікі, Рамазан – үмбетімнің айы» (Дәйләми, Фирдаус ІІ, 275).

 

 

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім қасиетті айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады».

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button