
Кәсібіне адал қызметкер
Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімді қажет ететін, ел игілігіне бағытталған абыройлы міндет. Ел мүддесіне қызмет ету қашанда оңай емес екенін ескерсек, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптың да жоғары екендігі айтпаса да түсінікті.
Өзінің адал еңбегімен, кәсібилігімен, жауапкершілігімен әріптестері арасында құрметке ие болып жүрген мемлекеттік қызметшілердің бірі – Жадыра Тұрғанғалиқызы.
Жадыра Тұрғанғалиқызы 2014 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтайды. Еңбек жолын 2015 жылы Атырау облыстық әкімдігінің Индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы ретінде бастауы мемлекеттік қызметтегі алғашқы баспалдағы болды. Одан кейін Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінде заңгер лауазымында екі-үш жыл еңбек етеді. 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің медициналық қызметті лицензиялау және сертификаттау бөлімінің бас маманы қызметін атқаруда.
Ол білімі мен біліктілігі арқасында денсаулық сақтау саласы бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетік меңгерген, мемлекеттік қызметтегі іс-әрекетіне жауаптылықпен қарап, өзіне талап қоя білетін, тәртіп пен адамгершілікті ту еткен маман.
Қызметтегі адал еңбегі еленіп, өткен жылы 8 наурыз –Халықаралық әйелдер күніне орай Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарованың «Алғыс хатымен», Тәуелсіздік күнінде Атырау қаласы әкімі Ш.Кейкиннің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Мемлекеттік қызметкер мәртебесімен қатар, Ж.Тұрғанғалиқызы – үш қыздың тамаша анасы, аяулы жар. Еңбек жолында ол бірнеше рет үлгілі кәсіби қызметімен көзге түсті. Мектеп қабырғасынан әртүрлі олимпиада, жарыстарға қатысып, облыстық деңгейде өз мектебінің намысын қорғады. Бүгінгі күнде де департамент аясында өтетін әртүрлі шараларға белсенді қатысып келеді.
Сұлушаш ҚУАНҒАЛИЕВА,
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі