Жарнама
Қоғам

КӘСІБИ СЫРҚАТ ЗАРДАБЫ

апталдай азаматты қызметінен айырды
Редакцияға шағымданған Бекарыс Тұрсынғалиев өзінің 2005 жылғы 24 қазанда
«Сайпем S.p.A.» компаниясына бұрғышының көмекшісі ретінде қызметке қабылданғанын айтады. Содан осы күнге дейін жұмыс жасап келген. Ендеше, аяқ астынан не болды? Қалыпты тірлік қалай бұзылды? Оны оқырманның айтуымен тарқатып көріп көрелік.
Бекарыс Тұрсынғалиев өткен жылы «Интертейч» медициналық клиникасында кезекті тексеріс кезінде денсаулығы нашарланғаны байқалып, Балықшыдағы №6 емханаға жіберілген. Одан әрі алдымен Ақтөбедегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында қаралып, кейін Қарағандыдағы осындай медициналық мекемеде емделеді. Соңғысы өткен жылғы 25 қазанда Бекарыс Тұрсынғалиевтың кәсіби ауруы жөнінде комиссия сараптамасының қорытындысын шығарады.
Құжат қолымызға орыс тілінде тиіп отырғандықтан түпнұсқаны тәржімаламай, сол күйінде берелік. «КЛИНИЧЕСКИЙ ДИАГНОЗ: Хроническая рецидивируюшая поясничная радикулопатия с поражанием L5 корешка на фоне остеохондроза позвоночника на уровне L.2-S1 позвонков, протрузии дисков L2-L3, L3-L4, L4-L5, L5-S1, период неполной ремессий, нерезко-выраженный болевой синдром. Заболевание ПРОФЕССИОНАЛЬНОЕ, первичное.
Двухстороняя нейросенсорная тугоухость с легкой степенью снижения слуха от воздействия пройзводственного шума. Заболевание: ПРОФЕССИОНАЛЬНОЕ, первичное»
Одан әрі комиссия Бекарыс Тұрсынғалиевке ауыр нәрселерді көтеруге және алып жүруге, құрал-жабдықтардың қатты дауысы шығатын орында және биікте жұмыс жасауға болмайтындығын айтады. Сөйтіп, сырқатты одан әрі кәсіби еңбекке жарамдылығын анықтау үшін арнайы медициналық комиссияға жіберуді ұсынады. Медицина ғылымдарының докторы М.Отарбаева, тағы үш ғылым кандидаты мен қос жоғары білімді дәрігер қол қойған құжатқа күмән келтірудің өзі мүмкін емес.
Соны қолына ұстаған Б.Тұрсынғалиев компания басшылығына келіп, өзінің кәсіби ауруға шалдығуына байланысты тексеру жүргізуді, оның құрамына өзінің өкілін енгізуді және Н1 актісін беруді сұрайды. Мұндай шараны кәсіпорын жетекшісі өз тарапынан да жасауы тиіс еді. Алайда, бұл міндетіне немкетті қарағандай.
Осы орайда, сәл шегініс жасап, тағы бір жайдың бетін ашып алған жөн. Біздің түсінуімізше, компанияда екі кәсіподақ ұйымы бар. Оның біріншісімен кәсіпорын жетекшілігі бірлесіп жұмыс жасағанымен, екіншісін мойындамай отырғандай. Бекарыс Тұрсынғалиев – Сәндібек Тілеумұханов жетекшілік ететін, басшылыққа онша жұғысты емес, тәуелсіз кәсіподақ ұйымының мүшесі.
Алайда, Б.Тұрсынғалиевтың кәсіби ауруын анықтайтын актіге қызметкерлердің өкілі ретінде екінші кәсіподақ ұйымының жетекшісі Жандос Иптильдаев қол қояды. «Профсоюзный комитет «Сайпем бурение» делінген мөрін де басады. Жұмысшының аурушаңдығын анықтайтын осы актіде жұмыс беруші кінәсінің небәрі 20 пайыз екендігі айтылған. Ал, 80 пайызында бұрғышының көмекшісі өзі айыпты екен. Тіпті, ол өзінің сырқатқа шалдыққандығын жасырған-мыс.
Орыс тілінде жазылған бірнеше беттік актімен де танысып шықтық. Оған қол қойған компания өкілдері өздерінде жұмысшылардың қауіпсіз қызмет атқаруына барлық жағдай жасалғанын егжей-тегжейлі баяндапты. Вахталық әдіспен еңбек етушілер демалыс бөлмелерімен қамтылыпты. Байланыс құралдары, теледидарлар, т.б. орнатылған. Қысқасы, бәрі бар. Әйтсе де, осылардың бәрі міндетті талаптар емес пе? Олар қолданыстағы ережелерде көрсетілген ғой. Ендеше, несіне тізіп шықты екен? Әлде ақталмақ болғаны ма?
Міне, осыларды айта келіп, компания өкілдері жұмысшының кәсіби ауруға шалдығуына өздерінің айтарлықтай кінәсі жоқтығын, сондықтан Бекарыс Тұрсынғалиевтың айыбы басымырақ екендігін көрсетеді.
Әділдік үшін айтар болсақ, актіде теңіздегі бұрғылау жұмыстары аяқталған соң 2010 жылғы шілдеден 2012 жылғы желтоқсан аралығында қондырғыдағы жұмыстар тоқтатылғаны, жұмысшылардың қызметке тартылмағаны да көрсетілген. Мұнымен, сірә, жұмыс беруші жұмысшының кәсіби ауруға шалдығуы мүмкін еместігін айтпақ болса керек. Алайда, мұндай дерт бір күнде жабыса ма? Ол жылдар бойы жинақталмай ма? Жұмыс беруші өкілдері өздері қол қойған актіде көрсетілгендей, Б.Тұрсынғалиев кәсіпорында сонау 2005 жылдың 24 қазанынан бері істеп келеді. Бүгінге дейін атқарған бұрғышының көмекшісі қызметіне 2006 жылғы 1 сәуірде ауыстырылған. Алдымен 28 тәуліктен вахталық міндет атқарған, кейін 2007 жылғы 1 шілдеден бастап 14 тәулікке көшкен. Сонда сан жылғы теңіз төсіндегі тірлік сондағы жұмысшылардың саулығына әсер етпеді деп айтуға бола ма? Сондықтан, аз ғана уақыт бұрғылау қондырғысында жұмыс жасамауы кәсіпорын басшыларының ақталуына негіз емес.
Аталмыш актіде Б.Тұрсынғалиевтың компанияда қызмет істеген кезінде әр жылы медициналық байқаудан өткізілгендігі айтылады. Алайда, ол жұмысқа 2005 жылы қабылданғанымен, 2007 жылға дейінгі мәлімет ұсынылмаған. Сонымен қатар, 2008 жылғы деректер де жоқ. Бұған кім кінәлі екендігін қазбалап жатпалық, бірақ былтырға дейін жұмысшының қызметке жарамдылығы айтылады. Тек өткен жылғы медициналық тексеру кезінде ғана аурушаңдығы анықталады.
Мұнда да жұмыс беруші кінәні жұмысшыға артады. Яғни, ол өзінің ауруын жасырған тәрізді. Белінің ауыратындығы туралы тұрғын мекені бойынша емханаға қаралғанымен, мұны кәсіпорын басшыларына айтпаған. Мұндай жайды да жоққа шығаруға болмас. Бүгінде қызметтен айырылып қалудан қорыққандар сырқатын да жасырады. Алайда, «Сайпем» тәрізді іргелі кәсіпорында қызметкерлер жан-жақты тексеруден өтпейтін бе еді? Оның үстіне, әрі залалды саналатын, әрі қол күшін қажет ететін бұрғышылар еңбегі ерекше назарды қажет етпей ме? Мен мұны да жұмыс берушінің салақтығы дер едім.
Бұрын сол салада істегендіктен өзіміз білеміз, бұрғылау қондырғысында дауыс қатты шығады. Жүріп тұрған станоктар дауысының қаттылығы сондай, екі адам бір-бірімен ыммен ғана түсініседі. Бізге берген ауызша түсініктемесінде Б.Тұрсынғалиев өзі комиссияда болғанында дауыстың шекті мөлшерін есептеуге қатысқанын айтады. Оны, сірә, жұмысшы өкілі ретінде енгізсе керек. Ол 80 децибильден аспауы тиіс екен. Бірақ, өлшеу кезінде одан едәуір көп көрінеді. Тек мұны қағазға көрсетпейтін тәрізді.
Жә, актіде келтірілген жайлардың бәрін тәптіштеп шығу қажет емес. Қайтсе де, жұмыс беруші барынша ақталуға тырысқан. Бірақ, таяқтың бір ұшы өзіне тиіп жатқандығын аңғармаған сыңайлы. Өйткені, алдымен Ақтөбедегі, кейін Қарағандыдағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны берген сараптама нәтижесі компания кінәсінің де жеткілікті екендігін көрсетеді. Бұл жөнінде жоғарыда айттық.
Енді Бекарыс Тұрсынғалиев не талап етіп отыр? Әрине, ол құқын қорғау жөнінде сотқа талап-арыз берген. Онда кәсіби ауруға шалдығуына байланысты кәсіпорын кінәсін 100 пайыз деп тануды өтінеді. Сонымен қатар, компания тарапынан құрылған комиссияға өкілі С.Тілеумұхановты енгізуді сұрайды. Биылғы 17 наурызда болған сот отырысы талап-арыз бойынша азаматтық істі қарауды Алматы қаласының Медеу аудандық сотына жолдау туралы ұйғарым шығарыпты. Бұл ретте судья «Сайпем S.p.A» акционерлік қоғамының жоғары филиалының кеңсесі Алматыда екендігін, мұнда тек өкілдігі жұмыс жасайтынын басшылыққа алса керек. Жауапкер өкілі де соны ұсынған. Әрине, заңға қайшы да бола қоймас, бірақ ат арытып Алматыға баруға үйлі-баранды қарапайым жұмысшының шамасы жетер ме? Адами тұрғыдан таразылағанда, Алматыдағы кеңседен заңгер немесе ресми өкіл келіп, бар мәселені осы жерде шешуге болмас па? Жалпы, бұған дейін де компанияның осындағы өкілдігінде сот төрелігіне жүгінуге тура келген оқиғалар орын алған шығар. Соның бәрінде даулы мәселе Алматыда ғана шешілді ме екен, әлде түйіні осы жерде тарқатылды ма?
Атырау қалалық сотының ұйғарымына апелляциялық шағым жолдаған талапкер Бекарыс Тұрсынғалиев азаматтық істі осында қарауды сұрайды. Оның үстіне, өкілдік қызметін Атырауда жүзеге асырып жатыр. Бұл ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 32 бабының талаптарына да қайшы емес екен. Жақында Атырау облыстық сот судьясы З.Абдикулова талап қоюшының жеке шағымы Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық алқасында биылғы 30 сәуірде 09.00 сағатта қаралатындығын хабарлапты. Осы отырыста Б.Тұрсынғалиевтың өзінің кәсіби ауруға шалдығуына байланысты құрылған комиссия құрамына С.Тілеумұхановты енгізу жөніндегі өтініші де таразыланбақ.
Редакцияға түскен хат тағдырын сот шешімімен тұйықтап, осы жерден түйіндеуге де болар еді. Әйтсе де, тағы бір жайға назар аудардық. Жиырма пайыз ба, әлде одан да көп пе – қайтсе де, кәсіпорын жетекшілері Б.Тұрсынғалиевтың кәсіби ауруға шалдыққанына жұмыс берушінің де кінәсі барлығын жоққа шығармайды. Сол себепті биылғы 31 наурызда уақытша басқа жұмыс ұсыныпты. Онысы – Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Құрық базасында орналасқан бейне-бақылау жүйесінің операторлығы. Жалақысы айына 73,140 теңгені құрайтын көрінеді. Тұрғын жайымен және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы ұсынысқа бір аптада жауап беру керектігі айтылған. Жауап берілмесе, ұсыныстан бас тартқан болып есептеледі екен. Әрине, бір қарағанда бәрі жақсы. Барлық жағдай да жасалған, жұмыс беруші де мәселе анықталғанша заң шеңберінде әрекет етіп отыр.
Әйтсе де, өкілдік басшылығы Б.Тұрсынғалиевтың отбасылық жағдайымен санасып отыр ма? Ұсынылып отырған уақытша қызмет бес күндік. Демек, екі-ақ күн демалыс беріледі екен. Үйлі-баранды, бала-шағалы Б.Тұрсынғалиев осы уақытта Каспий теңізінің ар жағындағы Маңғыстаудан Атырауға қалай келмек? Құс болып ұшып жете ме? Әлде айлап отбасын көрмей жүре бере ме? Оның үстіне, тұрғылықты мекенінде әлсін-әлсін қаралатын дәрігері бар. Сонымен қатар, ұсынылған жұмыс Бекарыстың саулығына да зиян. Демек, жұмыс беруші нақты жағдайға қайшы ұсыныс жасап отыр.
…Осы материал дайындалып жатқанда Бекарыс Тұрсынғалиев өзінің ауруханаға «Жедел жәрдеммен» түсіп қалғандығын хабарлады. Сірә, біраз уақытқа созылған текетірес саулығына сыр берсе керек. Ендеше, небәрі 46 жастағы тепсе темір үзетін жігіттің отбасы ойландырады.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button