КӘРІС АҒАЙЫНДАР ЖАҢА ЖЫЛЫН ҚАРСЫ АЛДЫ
Осыған орай жұма күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл» атты кәріс ұлтының жаңа жылдық кеші болып өтті. Қаңтар айының аяғында ай күнтізбесі бойынша тойланатын жаңа жылдық мереке — кәріс халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі.
Шымылдық ашылысымен сахнада барабаншылар триосының дүрсілі жаңғырып, бір сәтке қараңғылық басты. Сәлден соң жарық қайта жанып, led-экраннан бір айдаһардың, екі алаудың және үш зодиактың суреттері көрінді. Бұдан кейін сахна төрінде «Жұлдыз» атты бүлдіршіндер хоры мен «Фантазия» вокалды тобының орындауында «Жаңа жыл» әні шырқалды.
Кеште облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін өнерпаздардың өнерін тамашалайтын сәт те туды. Кәрістің әйгілі «Саранг» атты хор ұжымы орындаған «Бангабсымнида» әні, өткен жылы Польшада, одан кейін Германияда өткен «Рождестволық концерттер» халықаралық байқауының лауреаты, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің Сабина Байкенова жетекшілік ететін «Татулық» ансамблінің орындауындағы башқұрт биі мен «Шәл байладым» әні көрермендерді бірден жақсы әсерге бөледі. Сондай-ақ, скрипкашылар Виктория Ким мен Виолетта Мен қазақтың сал-серісі Жаяу Мұсаның әні «Ақ сисаның» композициясын аса шебер орындаса, «Довира» украин қауымдастығының «Хуторянка» ансамблінің мүшелері Павел және Лаура Салыниндер қазақтың «Япурай» әнін нақышына келтіре шырқады. Концертке өнерін ала келген әншілердің арасынан атағы асқақ, әлемге танылған таланттар да табылды. Соның бірі 1993 жылы Сеулде өткен Бүкіләлемдік этнографиялық фестивальде Гран-приге қол жеткізген Анжелика Унашева жаңа жылдық «Happy new year» әнін шырқап берді.
Осылайша, кәріс халқының жаңа жылдық кеші көңілді өтті.
Диас НАУРЫЗАЛИЕВ,
Cуретті түсірген
Асантемір Қаршығаұлы.