ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ
Атырау жұртшылығы, барша оқырмандары, облыстық мекемелер мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері белгілі журналист Любовь Монастырскаяның 70 жылдық мерей жасына орайғы облыстық филармония үйінде өткен кешке көп жиналды.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Любовь Михайловна ұзақ жыл газет басшысы болып қана қоймай, өңірдің қоғамдық тіршілігінің де бел ортасында жүрді, қазір де өзінің белсенділігін көрсетіп келеді. Біз ардагерлеріміздің осындай өмірлік ұстанымын жоғары бағалаймыз, — деді Айгүл Теміртасқызы.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев та журналистің ұзақ жылғы қаламгерлік жұмысын облыс экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына қосып келе жатқан еңбегін жоғары бағалап, құттықтау сөзін айтты.
Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев мерейгерді құттықтай отырып, халық үшін қызмет ету – қашан да абырой екенін, мерейгер журналистің жарты ғасырдан астам уақыттан бергі халықтың мұң-мұқтажына, оларға өмірдің сан-сапалы жаңалығын жеткізуге арналған жұмысы үшін шексіз ризашылығын білдіріп, сый-сияпат ұсынды.
Облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Қатимолла Ризуанов, Әліпқали Бекеш және ардагерлер Милләт Сабырова, Өтәлі Балғымбаев, Есен Тасқынбаев, Төкен Жұмағұлов, Қайыржан Әлиев, Әлібек Түсіпәлиев және басқалар ерекше толғанысты құттықтауларын жеткізді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тақырыбындағы оның материалдарының өзектілігі туралы атап көрсетті.
— Еселі еңбек, тынымсыз ізденіс оны үнемі биіктерге жетеледі. Облыс халқы оны қашан да құрметтеді. Ол бірнеше рет облыстық мәслихат депутаты болып сайланып, халық үшін үлкен еңбек етті, — деді облыстық мәслихаттың аппарат жетекшісі Тамара Аман-Турлина. Сондай-ақ, Л.Монастырскаяның Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірін, халықтар достығы мен татулығын, ел бірлігінің мәселелерін жазудағы шығармашылығы туралы Ассамблеяның облыстық хатшылығы жетекшісі Еркін Қадірғалиев, Татар-Башқұрт ұлттық мәдени орталығы жетекшісі Гүлсина Байкенова және басқалар тебірене сөйледі.
Ардагер журналисті еңбектес әріптестері де ұлығылап, сый-сияпат көрсетті. Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облыстық ұйымы төрағасы, Мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті жетекшісі Қуандық Батыров, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Өтеген Нәукиев, облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ермек Биғалиев, облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторы Нәсіп Шалабаева, ардагер журналист Регина Валишева құттықтап, ыстық әріптестік лебіздерін білдірді.
Иә, көптің құрметіне бөленген, оқырмандарының жүрегінен ыстық орын алған қаламы қарымды қаламгерді құттықтаушылар легінде шек жоқ. «Ембімұнайгаз» АҚ, «Атырау-Жарық» АҚ, Атырау мемлекеттік университеті, Атырау мұнай-газ институты, т.б. ұжымдардың жетекшілері мен өкілдері ыстық лебіздерін білдіріп, құрметтеді.
Адамзатты дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының соңғы жылында өмірге келген ұрпақтың өкілі Любовь Михайловна өзінің барлық тағдырын Жеңістің 70 жылдығымен қатар атап өтіп отырғанына шексіз ризашылығын, осы жылдары ел қандай жетістікке жетсе оған өзінше үлес қосқанын мақтан етті. Барлық тағдырын бейбіт те, тату, бірлігі жарасқан қазақ елінің тағдырымен байланыстырып, барша қонақтарға алғыс сезімін білдірді.
Кеште облыстың белгілі өнер жұлдыздары мен, «Фронтовичка» ансамблі, Татар-Башқұрт және Корей ұлттық-мәдени орталықтары өнерпаздары өнерлерін көрсетті.
Ермек Биғалиев.