«ҚАҚПАҚТЫ ҚАРА ҚАЗАННЫҢ» ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН СӘТІ
НҰР ЖАУҒАН «НҰРШУАҚ»
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ. Дүйсембаев Қызылқоға өңіріндегі алғашқы жұмыс күнін өткен жылдың күз айынан бастап күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан аудан орталығы – Миялы селосындағы 250 балаға арналған «Нұршуақ» балалар бақшасының ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысудан бастады. Ол күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған батысқазақстандық «АзияТехСтрой» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесуде жұмыс сапасына ерекше мән берудің қажеттігін баса әңгімеледі. Балабақша үстіміздегі жылдың шілде айында пайдалануға берілуі тиіс. Мәліметтерге зер салсақ, Миялы селосы бойынша – 300 бала, ал, аудан бойынша 500 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
250 бүлдіршінге арналған балабақшаның бір ерекшелігі – мұнда 12 топ жұмыс істейді. «Нұршуақ» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны іске қосылғанда ауданда балабақшаға деген сұраныс түгелдей қамтамасыз етіледі деп күтілуде. «Нұршуақтың» өзге балабақшалардан тағы бір айырмашылығы – музыкалық зал, дене шынықтыру бөлмелері жабдықталады. Барлық пән мұғалімдеріне арналған жеке кабинеттер қарастырылған.
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ –БАСТЫ НАЗАРДА
Ағымдағы жылы аудан көлемінде бағаны тұрақты ұстау мақсатында облыстық тұрақтандыру қоры арқылы 56,1 тонна картоп, 15,9 тонна жуа, 5,5 тонна сәбіз, 0,2 тонна қызылша сатып алынып, халыққа қолжетімді бағамен сатылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев «Дидар» супермаркетінде нан бағасымен танысып, нанның пісірілу сапасына ерекше назар аударды. Жоғары сұрыпты ұннан дайындалған нанның бағасы – 70 теңге. Сөрелерде бірінші сұрыпты ұннан дайындалған нан түрлерінің жоқтығын байқаған ол бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеевадан сұрады.
— Нан өнімдері осы супермаркетке тиесілі наубайханада пісіріліп, тұтынушыларға жеткізіледі. Халыққа наннан дайындалған тағамдардың бірнеше түрі ұсынылады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша нан ұдайы жоғары сұрыпты ұннан дайындалады. Ал, бірінші сұрыпты ұнды жоғары сұрыпты ұнмен араластырып дайындау арқылы да халыққа нан түрлері ұсынылады. Дегенмен, жергілікті тұтынушылар жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан түрлерін дастархан мәзірінде ұдайы пайдаланады ,- деп жауап берді Зинеш Аққұлқызы.
— Батыс Қазақстан облысының «Желяево» ұн шығару кәсіпорнында ұнның бағасы да арзан, сапасы да талапқа сай. Сондықтан, келешекте астықты «Желяево» ұн шығару кәсіпорнынан алған аудан үшін өте тиімді,- деді Ғұмар Ислямұлы.
Сонымен бірге ол сөрелерге қойылған көкөніс пен азық-түлік түрлерінің бағасымен де танысып, картоп бағасының бір килограмының 180 теңге екенін көріп:
— Бұл қымбат баға, әрі өткен жылғы өнім. Атырауда картоптың бір килосының бағасы 80 теңге тұрады. Сондықтан, «Агросервис» ЖШС-нің қоймаларынан көкөніс түрлерін көптеп алуға болады. Қорда өнім түрлері жеткілікті. Қарапайым халықтың тұтынуына да бағасы өте қолайлы. Келешекте бау-бақша мен көкөніс түрлерін қордан алып, дүкен сөрелеріне жеткізуге тапсырма беремін,- деді.
«ЖЫЛЫЖАЙ» ЖЫЛ БОЙЫ ӨНІМ БЕРЕДІ
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев Қызылқоға ауданы көлемінде 2012 жылы кәсіпкер Тұрлан Бекешевтің бастамасымен пайдалануға берілген «Жылыжай» шаруашылығында болды. Ол өз кәсібін бастау үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 3 млн. теңге несие алған. Сол жылы көкөністерден 8 тоннаға дейін өнім алынған. Жергілікті тұтынушылардың сұраныстарына орай 2013 жылы 350 шаршы метрге «Жылыжай» шаруашылығы кеңейтілді. Қазіргі таңда «Жылыжай» көлемі 750 шаршы метрге жетті.
Ғұмар Ислямұлы «Жылыжай» шаруашылығындағы жұмыстарға аса риза болды. Мұнда көкөніс тамшылатып суару әдісімен қоректендіріледі.
— Ең бастысы, көкөніс түрлері тұтынушыларға жеткілікті болуы тиіс. Астарында көліктері бар адамдар қайда барып алса да мүмкіндіктері мол. Бастысы, өнімдер Жанкелдин, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл, Тасшағыл, одан әрі Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтеріндегі тұтынушылар үшін қолжетімді болуы тиіс,- деді ол.
АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОЙМАСЫ 8 ОКРУГТІ ҚАМТИДЫ
Ғұмар Ислямұлы Миялы селосында орналасқан 1000 тонналық азық-түлік, көкөніс сақтау қоймасында болып, жұмысымен танысты. Осы қойма арқылы ауданның 8 ауылдық округі толық қамтылуда.
Миялы селолық округінің балансында тұрған бұл қойманы жеке кәсіпкер Тұрлан Бекешев өзі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сенімгерлікпен басқарып отыр. Ол келешекте бұл қойма жеке иелікке берілетін болса, азық-түлікті сақтаудың сапасын жақсартып, жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп, мұндағы жұмыстарды одан әрі жандандыруға мүмкіндік болар еді деген ұсынысын айтты. Жеке кәсіпкердің сауалына Ғұмар Ислямұлы аудан әкімі Мақсот Мұқановқа мүмкіндігіне қарай құжаттарды қайта саралаудан өткізе отырып, жолдарын қарастыруға тапсырма берді.
«ЕРАЛЫҒА» КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ҚАЖЕТ
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ. Дүйсембаев Ойыл өзені бойына салынған «Ералы» суландыру жүйесінде болды. Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша келешекте атқарылатын жұмыстармен танысты.
Аудан әкімі Мақсот Мұқанов «Ералы» суландыру жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің қажеттігін, «ҚазСуШар» РМК Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесінің жұмысын жандандыруды, білімді кадрлармен, қуатты техникалармен қамтамасыз етуді сұрады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары келешекте облыс орталығынан су шаруашылығы мәселесімен ұдайы айналысатын арнаулы кәсіпорынды жабдықтаудың қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп көрсетіп отырғандығын, сондықтан, бұл жұмыстарды тез арада шешудің жолдары қарастырылатынын әңгімеледі.
АУДАННЫҢ КЕМЕЛДЕНГЕН ШАҒЫ
Село орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде Қызылқоға ауданының құрылғанына 70 жыл толған мерейлі күнге орай салтанатты жиналыс өтті. Онда аудан әкімі Мақсот Мұқанов «Қызылқоға ауданының құрылғанына – 70 жыл» тақырыбында баяндама жасады.
— 1928 жылы 3 қыркүйекте Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Гурьев облысы округ болып қайта құрылып, оның құрамына кірген алты ауданның бірі Қызылқоға ауданы болды.
Жаңадан құрылып жатқан ауданға Қызылқоға, Соркөл болыстары негіз болып, оған Орал облысы Жымпиты уезінен Қаракөл болысы қосылды. Аудан орталығы болып Қызылқоға елді мекені белгіленді. Бұл өлкенің қазіргі құрылымға дейін алғашқы аудан болып құрылған кезеңі еді. Ақыры 1930 жылдың 23 қыркүйегінде Қызылқоға ауданы Доссор ауданына қосылып, ауданның өз алдына отау тігуінің бірінші кезеңі аяқталды.
Ауданның таратылуына байланысты оның бір бөлігі Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданына, енді бір бөлігі Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қосылды.
Сөйтіп, Қызылқоға ауданы екінші рет Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің 1944 жылғы 11 мамыр күнгі қаулысымен қайта құрылып, оның қарамағына бұрынғы Гурьев қазіргі Атырау облысынан Аманкелді, Молотов атындағы, «Қызылқоға», «Социал», «Коммуна», «Чкалов», «Тайсойған», «Алғабас» сынды колхоздары, «Былқылдақты», «Гурьев» совхоздары, Батыс Қазақстан облысынан «Мәдениет», «Молотов», «Сталин» колхоздары енді.
70-ші жылдардан бастап аудан халқының әл-ауқаты түбірімен жақсарып, тұрмысы түзелді. Көп ұзамай ауданның «Қызылтулы Қызылқоға» атанған даңқты жолы басталды. Ауданның атағы республика, Одақ көлеміне танылды. Қызылқоға бірнеше рет одақтық, республикалық социалистік жарыстардың жеңімпазы болып танылып, үш мәрте ауыспалы Қызыл Туларды жеңіп алды. Аудан Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің Алтын кітабына жазылды. Мұнда, әсіресе, Ленин, Энгельс атындағы кеңшарлар мен «Гурьев» асыл тұқымды қой зауытының қосқан үлесі қомақты еді. «Гурьев» зауыты аспан түстес қаракөл елтірісін шығарудан атағы әлемге танылды. Кейін бұрынғы «Қызыл ту» кеңшары ізіндегі Х.Досмұхамедұлы атындағы асыл тұқымды қой шаруашылығы жаңадан сұр түсті елтірі шығарып, елге танылғаны мәлім. Осы шаруашылықтың орнын басқан «Жасқайрат» акционерлік қоғамында жаңа асыл тұқымды Атырау сүтті-майлы, елтірілі қаракөл қойы дүниеге келді.
Елге сіңірген қажырлы да нәтижелі зор еңбектері үшін Қызылқоғада сегіз адам ең жоғары награда – «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. 26 жерлесіміз Ленин орденімен, 43 адам — Еңбек Қызыл Ту, 7 адам — Октябрь Революциясы, 4 адам-«Халықтар Достығы», 52 адам — «Құрмет белгісі», 12 адам — «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталды. 11 қызылқоғалық азаматқа Республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері атағы берілді. Олар аудан халқы жақсы білетін Қосаев Есқали, Досниязов Асан, Қабесов Дабыс, Иманғазиев Бек, Қазмағанбетов Орынбасар, Аққожиев Аманжол, Мұқанов Сайпол, Қисыманов Қаржау, Көшкінбаев Орынбасар, Мейрамов Нәсіпқали, Тәжіғалиева Жәниялар еді.
Ауданда оқу-ағарту, денсаулық сақтау және мәдениет салалары бойынша Дәулетиярова Зәуза, Көбенов Бағыт, Насырова Зәуреш, Нұрғалиев Жәкула, Есенғалиев Сисенбек, Сисенғалиев Тұрсын республикаға еңбегі сіңген қызметкерлер атанды.
ҚЫЗЫЛҚОҒА – ҰЛЫЛАРДЫҢ МЕКЕНІ
Қызылқоға – академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың, заңғар жазушы Ғабдол Слановтың, академик-заңгер Салық Зимановтың, Қазақ мұнай өнеркәсібін алғашқы ұйымдастырушылардың бірегейі Сафи Өтебаевтың, ғалым-геолог Таумыш Жұмағалиевтың, ақиық ақын Марат Отаралиевтың, жазушы, актер Сатымжан Санбаевтың, композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың, басқа да елімізге аттары кеңінен мәшһүр қайраткерлер мен алаш азаматтарының кіші Отаны. Қазірде аудан бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 914-ке жетіп отыр. Оның 21-і заңды тұлға болса, 164-і шаруа қожалығы, 729-ын жеке кәсіпкер құрайды. Аудан кәсіпкерлеріне жыл ішінде 400,0 млн. теңге несие берілді.
Автокөлік жолдарын салуда тек соңғы екі жылда 129,0 шақырым облыстық маңыздағы, 24,1 шақырым селоішілік жол құрылыстары салынып, пайдалануға берілді. 2017 жылға дейін облыстық маңыздағы 195,5 км Миялы-Қарабау-Индер аралығында жол құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Салтанатты жиналысқа облыс басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатынасып, сөз сөйледі. Ол қызылқоғалықтарды Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтап, мерекелік сәлемін жолдады.
— Қоғам бір орнында тұрмайды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, Қызылқоға ауданы да 70 жылда елмен бірге талайлы тағдырларды, қуанышты да, қиындықты да бастан өткерді. Ол – отызыншы жылдардың зобалаңы, қырқыншы жылдардағы соғыс қасіреті, елімізді қалпына келтіру қиындықтары, социалистік бесжылдықтардың белестері мен жеңістері.
Халқымыз ежелден ырыздықты – жерде, ырысты – малда, ынтымақты елде деп ұққан. Бұл үрдіс Қызылқоға жерінде де лайықты көрініс тауып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, іске қосылды. Жолдар жөнделді, елді мекендер көркейді. Өткен жылы аудан экономикасына 11 397 млн.теңге инвестиция тартылды.
Бұл қаржы негізінен ауыл шаруашылығы салаларын, оның ішінде мал және егін шаруашылығын өркендетуге, тұғын үй құрылысына, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталып отыр. Биыл аудан орталығынан 3 бөлмелі 10 үйдің құрылысы басталып, «Миялы-Қарабау-Индер» жол құрылысының жұмыстары жалғасады.
Ғұмар Ислямұлы аудан әкімі Мақсот Мұқановқа облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтауын және аудан тойына облыс басшысының тартуы — мини автобустың кілтін табыс етті.
Сонымен қатар, салтанатты жиналыста «СағызПетролеумКомпани» ЖШС бас директорының орынбасары Мейрамбек Мәмбетов, «Мәтен Петролеум» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ғабидолла Жақсы өз лебіздерін білдіре отырып, сыйлықтар ұсынды.
Жеке кәсіпкер, осы Қызылқоға өңірінің төл перзенті Махмуд Мералиев аудан тойына автокөлік тарту етсе, Қызылқоға өңірінің алғашқы кәсіпкерлерінің бірі, Біріккен компаниялар бас директоры Мұрат Сатыбалдыұлы Сарманов жазушы, ақын Төлеген Жаңабаевтың «Кәусар» жыр жинағы мен журналист Назарбек Қосшиевтың «Арғы дәуір аманаты» кітабын 2000 данамен шығарып, ауданымыздың 70 жылдық мерейтойына сыйлады. Жазушылар Мереке Құлкенов, Рақымжан Отарбаев, Ақтөбе облысының Ойыл, Батыс Қазақстан облысының Қара төбе, Индер, Мақат, Исатай аудандарының әкімдері және басқа да той қонақтары сөйлеп, жүрекжарды тілектерін арнап, естелік сыйлықтар тапсырды.
Салтанатты жиналыста осы ауданның түрлі салаларында ұзақ жылдар еңбек еткен төмендегі азаматтарға аудандық мәслихаттың шешімімен «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олар — Асанғалиев Мұратбек, Әубәкіров Хамит, Дәулетқалиева Гүлсара, Дәулетяров Тілекқабыл, Есқалиева Самиға, Қонысбаев Шәпиғолла, Қуанышев Қыдырқожа, Махамбет Гүлмаржан, Өтеген Ораш, Сахиев Ақниет, Сәрсенбаев Амангелді, Шомажанов Қайырлы, Ізбасқан Жәния болатын.
Салтанатты жиналысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов қатынасты.
«ЖІГІТ СҰЛТАНЫ» БАЙҚАУЫ
Қызылқоға ауданының әкімдігі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық ғылыми- әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, Қызылқоға ауданының құрылғанына 70 жыл толуына орай орталық стадионда аймақтық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті.
Аймақтық «Жігіт сұлтаны» байқауына көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан, Мақат, Құрманғазы, Индер, Қызылқоға аудандарынан жігіттің сұлтандары қатынасып, өнерлерін ортаға салды.
Байқау нәтижесінде ақтөбелік Дәулет Жаңабайұлы Мергенбаев Бас жүлдеге тігілген 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Екінші орындарды қызылқоғалық Роман Мағауияұлы Майлашев пен мақаттық Бақытбек Мырзағалиұлы Сартбаев жеңіп алып, 80 мың және 60 мың теңгеге ие болды. Үшінші орынның жүлдесі – 40 мың теңге маңғыстаулық Бауыржан Байлыевқа берілді. Батысқазақстандық Мейірбек Қыдырғалиұлы Қаберов – «Сері жігіт», құрманғазылық Жасөмір Нұрланұлы Ажыханов – «Сымбатты жігіт», исатайлық Болат Қанатқалиұлы Мағзомов – «Өнерлі жігіт», ақтөбелік Нұрсұлтан Қойшыбайұлы Қаратаев – «Білімді жігіт», индерлік Абзал Дәуітұлы Ғабдісалимов «Көрермендер көзайымы» атанды. Сайысқа қатынасқан жігіттер заттай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
ТОЙ БӘЙГЕСІЗ БОЛМАЙДЫ
Аудан бойынша ат спорты ойындарының бас төрешісі, аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Жолдас Ыбырашевтың әңгімесіне қарағанда, ауданның 70 жылдық тойына арналған «Аламан» бәйгеге Батыс Қазақстанның төрт облысынан 30 шақырымға 43 сәйгүлік қатынасты. Мұндағы ең қуанып айтатын жайт, «Аламан» бәйгеге тігілген бас жүлде «Нива» автокөлігін Мұқыр ауылдық округінің тұрғыны Бекболат Қанатов қосқан Қара бүркіт сәйгүлігі жеңіп алды. Ал, екінші орынға тігілген жүлде үй кинотеатры мен түрлі түсті теледидарды Сағыз ауылдық округінен бәйгеге қосылған Қайрат Сәрсенбаевтың Тайфун сәй-гүлігі, үшінші орынға тігілген екі камералы тоңазытқышты Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Сарыбие селосынан Әлібек Биюрин баптаған Ақ моншақ қанжығасына байлады. Жүлделерді аудан әкімі Мақсот Мұқанов иелеріне табыс етті.
Тоқ бәйгеге 10 шақырымға Қазақстанның Батыс өлкесіндегі төрт облыстан 31 сәйгүлік қатынасты. Бірінші орынды Сағыз селолық округінен Қайрат Сисеновтің Көсем торысы, 2-орынды Ақтөбе облысының Алға ауданынан Бауыржан Кереевтің қосқан тайы, үшінші орынды Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан Абдолла Жәйкеновтің, төртінші орынды Миялы селолық округінен Нұржан Ілиясовтың, бесінші орынды «Жасқайрат» ЖШС-нен Еламан Ерғалиевтың жүйріктері иеленді.
«Атан» жарысқа 8 атан қатынасты. Бірінші орынды Жанкелдин ауылдық округінен Зұлқожа Молдашев қосқан 5 жасар Қоңыр атан жеңіп алды.
«ТҮЙЕ ПАЛУАНҒА» – ЖЫЛҚЫ!
Қазақша күрестен «Түйе палуан» жүлдесі үшін сайыс ұйымдастырылды. Додаға Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан 17 палуан қатынасты. «Түйе палуан» атағын Миялы селолық округінен Сұңғат Закариев жеңіп алып, бәйгеге жеке кәсіпкер З.Баймұратов тіккен жылқыға қол жеткізді. «Қошқар көтеру» сайысына 20 адам қатынасып, Атырау қаласынан келген Кенжебек Күзембаев алдына жан салмай, 50 килограмм қошқарды көтеріп, оны сыйлыққа алды. Жүлдені «Жарылғас» шаруа қожалығы арнады.
Қазақтың «Қыз қуу» сайысына Жанкелдин ауылдық округінен — 2, Миялы селосынан 1 жұп қатынасып, жүлделерге ие болса, «Теңге атуда» тігілген бәйгелерді 6 жігіт атып түсіріп, қанжығаларын майлады.
Бәйге төбеге жеті ағаш үй тігіліп, қонақтарға қызмет етті. Селодағы орталық стадионда «Қоңыр» тобының әншілері өнер көрсетті.
Сонымен, Қызылқоға ауданының құрылғанына 70 жыл толуына арналған салтанат алыстағы ауданда ерекше қуанышты жағдайында аталып өтті. Бұл салтанат тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көп қиындықты көрген ауданның өсіп-өркендеу, қайта түлеу кезеңімен тұспа-тұс келді. Аудан мерекесіне Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау және басқа қалаларда тұрып жатқан қызылқоғалықтар жиналып, бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре болды. Бұл той шын мәнінде елді біріктірген, келешекке сенімін, туған жерге деген сезімді оятқан тамаша шара болды. Оған осы өңірдің басшысы да, қосшысы да көп еңбектенгені айқын көрініп тұрды.
Мағрупа ҚАЗИХАН, Нұрлан ҚАБЫЛОВ.
Cуреттерді түсірген Жанат ҚОЖЫРБАЕВ,
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.
Қызылқоға ауданы.