«ҚАЙРАН ЕРЛЕР, ҚАҺАРМАН АРДАГЕРЛЕР»
«Қариясы бар елдің — қазынасы бар» дегендей, шығармашылық шеруге Атырау қаласы және оған қарасты селолық елді мекеннен келген өнерпаз ардагерлер киелі сахнаның төрінде барша қауымды қуанышқа бөледі. От пен оққа оранған майдангерлердің фашистерге қарсы жорыққа аттанған сәттерінен әскери әндер айтылып, билер орындалды. Күмбірлеген күй төгіліп, сахна төрі жаңғырды.
Кешке Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова қатысып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылған аталмыш фестивальдың мәні мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ, шаһар басшысы атынан үш кезеңнен құралған гала-концерттің «Хор» номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапаттап, диплом мен ақшалай сыйлық ұсынды.
Фестиваль барысында хор айтудан ерекше өнер көрсеткені үшін Атырау селолық округінің «Әжелер» ансамблі жүлделі бірінші орынға ие болса, «Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері» хоры екінші орынды иеленді. Үшінші дәрежелі орын Атырау қаласының «Татулық» ансамбліне бұйырды.
Ал, күй номинациясы бойынша жеңімпаздарды Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің мұғалімі Ғазиз Қарабөпин марапаттады.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада Атырау селолық округінен келген 80 жастағы жайдары жүзді тыл еңбеккері Нәсіп Жаңбырбаева қазақтың қара өлеңін нақыныша келтіре орындап, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Ардагерлер ансамблі мен хорының өнеріне сүйсінбеген жан қалмады.
Шара барысында ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Хат тасушы» атты шығармасынан театрландырылған көріністегі жалғызын қан майданда жоғалтқан ананың запыраны көрермендер көзіне жас үйіргізді. Оны Дамбы селолық округінің өнерпаздары сахналады.
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш осындай өнер байқауының өтуі — жас ұрпақты өз Отанын сүюге, оның намысы мен абыройын қорғауға даяр болуға үйретіп, қаһарман ардагерлеріміздің ерлік істері мен халқына сіңірген еңбегін ұмытпауға үндейтінін айтты.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында қараша айында Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың рухына тағзым етіліп, ерлігін насихаттауға арналған болатын. Гала-концерт аталмыш айлықтың қорытынды жиынымен жалғасып, оған Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысты. Шаһар басшысы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін айтулы датамен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Шара қонақтары – Жеңісті бір табан жақындатқандар майдан даласындағы естеліктерімен бөлісті. Аталған фестивальдың жеңімпаздары өнер көрсетіп, ардагерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.