Жарнама
Қоғам

ҚҰТТЫҒАЙ БАТЫР

 Жақында Атырау қаласында оның атына көше берілді. Біз бүгінгі мақаламызда батыр туралы талай ғасырлар бойы беймәлім болып келген тарихи деректердің қалай табылғандығы хақында әңгімелеуді жөн көрдік.

Атап айтарымыз, мұндай қастерлі іске көкірегінде зердесі бар кейінгі буынның ішінен бастаушы болып, көп еңбек сіңірген Құттығай батырдың тікелей ұрпағы Қалыбай Әбілқайыров болатын. Ең алдымен, бұған дейін белгілі деректерді жинастырып, ой елегінен өткізген ол өз ізденісін бұдан он бес жыл бұрын бастаған-ды. Біріншіден, батыр туралы қысқаша мәлімет 2002 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясынан табылды. Онда Құттығайдың XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүргені, қол бастаған мыңбасы болғандығы жазылыпты. Сондай-ақ, Қалыбай батыр бабасы хақында бұрын беймәлім тың деректерді алғаш рет жинақтап, оны аталған энциклопедияға енгізген белгілі журналист Самат Бектенұлы Ибраимов екенін білді. Самат та – Құттығай батыр ұрпақтарының бірі.

Алдына мақсат қойып, індете дерек жинау басталды да кетті. Қалыбай алдымен Нарын құмындағы Айбас елді мекеніне (Құттығай батырдың туған ағасы Айбастың есімімен аталған – И.Қ.) арнайы экспедиция ұйымдастырды. Бұл экспедиция құрамында есімдері елге мәлім Қатима Дайырова, Сақтай Бекқалиев, Мәлік Әбілқайыров, Махмут Айбатыров, Сәулен Нұғыманов та бар еді. Айбаста бұлар көнекөз қариялардың аузынан өткеннің шежіресін жазып алып, сондағы қорымда жерленген атасы Әбілқайыр мен әжесі Балқаштың бастарына (Үшмола-Бәйгетөбе деген қауымда әулие Қарамен ата да жатыр) белгі қойды.

Ақсақалдар әңгімесінің ішінде, әсіресе, Қатау Рамазановтың берген деректері аса дәлдігімен, көңілге қонымдылығымен, тарихи сипаттылығымен ерекшеленеді (Оның «Қазақ батырлары» газетінің №7 санында жарияланған «Құттығай батыр» атты мақаласы да осы тұрғыдан құнды). Бұл кісі Құттығайдың бесінші ұрпағы Дәулетәлі Ақпамбетұлының (1871-1951) нақты деректерін де өз аузынан жазып алған екен. Соның ішінде «Құттығай жылқы жылы туып, доңыз жылы 41 жасында қайтыс болды, яғни 1702-1743 жылдар аралығында өмір сүрген. XVIII ғасырдың 20-30 жылдарында қалмақтармен талай шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түскен. Ол Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы аумағында орналасқан «Торыатбасы» деген төбеде жерленген…» деген нақты мәліметтер баба рухына тағзым етуді мұрат тұтқан ұрпақтарын қатты толқытты. Олар тағы да бас қосып, өзара кеңес құрды. Батыр баба жерленген орынды іздеп табу үшін орталарынан осы шаруаның ең басты ұйытқысы болып жүрген Қалыбай Әбілқайыровтың өзін жіберуге бәтуа жасалды. Ақсақалдар оның жанына немере ағасы Сәулен Нұғымановты ақылшы-серік етіп қосты. Олар ойға алған қасиетті парызды абыроймен орындап қайтты. Көршілес облыстың Шыңғырлау ауданына барып, екі жарым ғасырдан астам бұрынғы оқиғаны қайта жаңғырту айтар ауызға ғана оңай. Талай табан тоздыруға, талай тұшымды дерек ұшын ұстай алмай торығуға тура келген сәттер аз болмады. Бірақ, ата-бабадан бері қанға сіңген төзімділік пен қайсарлық мақсатқа жеткізді.

Әуелі Шыңғырлаудан 69 шақырым жерден «Торыатбасы» деген ауылды, сосын «Торыатбасы» деген төбені тауып, тұрғындармен кеңес құрды. Сөйтсе, ел аузында аңызға айналғандай әңгімелер әлі де бар екен. Сол жерде мешіт болғанын, төбе басында беделді де, батыр адамның төрт баласымен бірге жерленгені туралы да жергілікті жұрт майдан қыл суырғандай қылып айтып жатты. Аңсағандары алдарынан шығып, қуаныштан көздеріне күлкі орнына жас ұялаған қос азамат батыр бабасы жерленген орынға бастарын ие  тағзым етіп, өз қолдарымен уақытша белгі орнатты.

— Бұл сапар біз үшін ерекше ұмытылмас жорық іспетті болды. Көңіл толқынысы мен жүрек бұлқынысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — деп еске алады бүгінде Қалыбай Әбілқайыров. – Қандай мерейлі сәт болды десеңізші. Ұрпақ парызы орындалып, есіл ер рухы елімен арада ғасырлар керуені алмасқанда ғана қайта табысты…

Ауылға оралған Қалыбай ағасы Мәлік екеуі өздеріне қарасты ең жақын туыстары – Рысбай Зинеденұлы, Әділжан Зинеден немересі, Арман Дайыров, Махмут және Құрмет Айбатыровтар, Мұрат Бектенов, Елеусін Рахметұлы, Қайрат Мұратұлы  Бектенов  және басқаларының басын қосып, бабаларына Жетібайдың ақшаңқан ұлу тасынан салмағы тоғыз тонналық ескерткіш тұрғызып, қара граниттен еңселі құлпытас қойды.

Осылайша, Құттығай батырдың есімін ардақтау, келешек ұрпақ есінде қалдыру мақсатында көп шаруа сәтімен тындырылды. Көнекөздердің естеліктеріне, соның ішінде Қатау Рамазановтың жазбасына сүйенсек, Еділ-Жайық бойындағы қалмақпен соғыстарда еңсегей ерлер Саржала, Шұбар, Құттығай есімдері қатар аталады екен. Осындай толағай тұлғаны елге танытуға еңбек сіңіргені үшін Қатау ақсақал ерекше тебіреніп, Қалыбайға ақ батасын бергенін де айта кеткен жөн.

Қазақтардың қалмақтарды ең соңғы есін жиғызбай жеңуі 1738 жылы болған, бұл он бір айға созылған жойқын соғыс тарихтан да белгілі. Соған Құттығай да мыңбасы болып қатысқан екен. Осы жорыққа аттанарда ағасы Айбас «биыл мүшел жасың ғой, жорыққа шықпағаның жақсы еді, ел үшін, жер үшін атқа қонып бара жатырсың, тек сақ болғайсың» деп тапсырыпты. Ұрыс кезінде Құттығайдың ту сыртын қорғап жүретін оққағарын найзамен түйреп тастап, одан кейін көз ілеспес жылдамдықпен өзінің қара санына сүңгі жұмсап үлгерген жас қалмақ батырына Құттығай қылыш сермеп қалғанда қарсыласының дулығасы ұшып кеткен екен дейді. Найзагер қалмақ батыры дегені, енді байқаса, ұзын шашын төбесіне түйген қыз екен. Құттығай қанжығасында жүретін қыл арқанмен оны байлап алады. Бұл қалмақ қолбасшысының қызы болып шыққан. Кейін тұтқын қыздарға жігіт таңдауға рұқсат берілгенде әлгі қыз «сенен басқаға әйел болмаймын» деп, Құттығайдың өзін таңдапты. Қазақтар Марха деп атаған осы бойжеткенді өзі алып, одан Тасболат, Құлшан деген ұлдар сүйіпті. Бұлардан басқа жұбайларынан Қазанғап, Көрпе, Кешу, Көбек, Елші, Қасболат, Байболат деген ұлдары да болған. Қазір олардан тараған ұрпақтары Атырау облысының Исатай ауданында, енді бір бөлігі Батыс Қазақстан облысында, сондай-ақ, Ресейдің Астрахан, Саратов облыстарында тұрады.

Тағы бір ерекшелеп бөліп айтарымыз, Атырау аймағына аты мәшhүр Сәт әулие де – Құттығайдың немересі, ол сынықшы, емші, көріпкел атанған қасиетті адам еді. Сәттің осы қасиеті бүгінде ұрпақтарының бойында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ал, Басықара деген немересі Исатай батырдың сенімді серігі, қол бастаған батырларының бірі болған. Басықараның ұрпақтары 1925-1930 жылдары Нарын құмында кеңес үкіметі-нің солақай саясатына қарсы көтеріліп, ол күшпен басылды, басшылары қызыл отрядпен атыс кезінде қаза болып, қолға түскендері қатаң жазаланды.

Міне, атамекенін сырт жаудан қызғыштай қорғап өткен қазақтың тағы бір батыры хақында ақтаңдақ болып келген тарихтың көмбесі осылай сөгілген еді. Бас-аяғы он бес жылдың ішінде Құттығай батыр туралы талай зерттеулер жарық көрді, атап айтқанда, Қатау Рамазанов («Қазақ батырлары» газеті, 2002 ж., №7), Самат Ибраимов (Батыс Қазақстан энциклопедиясы, «Арыс», 2002 ж.), Мұрат Бектенов («Мұнайлы Астана» газеті, 2013 ж., қаңтар, ақпан), Өтепберген Әлімгереев («Атырау» газеті, 2013 ж., 6 сәуір) және басқалары жазды.

Осының бәріне ұйытқы болып, зор еңбек сіңірген Қалыбай Әбілқайыровтың орны бөлек. Шыңғырлаудағы батырдың жерленген орнына ескерткіш  тұрғызып, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында арнайы ас ұйымдастырды. Торыатбасыдағы батырға арналып қойылған ескерткіш Батыс Қазақстан облыстық мәдени мұра және тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясына тіркеліп, ел қорғаған баба туралы жинақталған  деректер Орал, Атырау, Аққыстаудағы тарихи-өлкетану мұражайларына тапсырылды. Арнайы телефильм  түсірілді. 2003 жылдан бастап Құттығай батырдың баласы Қасболат ұрпақтары – қасиетті Зинеден мен оның ұлы Уәлитханның рухына арнап жасөспірімдер арасында күрестің үш түрінен (қазақша күрес, еркін күрес, дзюдодан) халықаралық турнир өткізіп келеді. Енді, міне, Атырау қалалық мәслихатының шешімімен және Атырау қаласы әкімдігінің қаулысымен шаhардағы бұрынғы Элеваторная көшесіне Құттығай батырдың есімі беріліп, жуырда бұл атау ресми түрде ілінді. Бұған да Қалыбай табанынан тозып, жүзеге асуы үшін зыр жүгірді…

Тарихымызға бейжай қарамау, оның әрбір нақты дерегін іздеп табу, осы арқылы жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға күш салу – әр жанның қасиетті парызы. Сондықтан да, Қалыбайдай ұлтжанды азаматтар көп болса, олардың осындай ұлағатты істері баршаға үлгі-өнеге болса, нұр үстіне нұр дер едік.

Исатай  ҚҰНДЫЗБАЙҰЛЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button