Жарнама
Қоғам

КӘСІБІНЕН НӘСІБІН ТАПТЫ

Атырау қаласы бойынша ауыл кәсіпкерлерін шағын несиемен қамтамасыз етуге 880 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінген. Кәсіпті қалағандардың арасынан Ракуша ауылынан Айнұр Жақсылықова тігін цехын ашу жөніндегі жобасын ұсынса, Томарлы селосының тұрғыны Ғарифолла Жайбосынов өзінің жеке шаруашылығында өндірілетін түйе сүтін кәдеге жаратып, селолық округ орталығынан шұбатхана ашуды ойластырған. Ал, Рабиға Қасымғалиева Сарыөзектен шұжық цехын ашуға бекінген.
Бірінші жартыжылдықтың еншісіндегі ерекше жобалардың қатарында Дамбы селолық округінен жолданған Сатыбалды Көпжасаровтың ұсынысы аталды. Оның өзіндік жөні мен себебі де жоқ емес-ті. Анығын айтсақ, осы ауылда туып-өскен, ат жалын тартып, азамат атанған ол бұрын-соңды болмаған балықшылар мұражайын ұйымдастыруды ұйғарыпты. Оның үстіне бұл жігіт тым тәуір шахматшы, осы спорт түрінен өткізіліп жүрген қалалық біріншіліктердің жүлдегері, аймақтық сайыстардың жеңімпазы көрінеді. Сондықтан да ауыл балаларын шахмат өнеріне баулып, үстел теннисіне үйретпек ойының да барын білдік.
Бұдан бөлек, қалалық жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік бағдарламада атап көрсетілген, шағын несиемен қамтамасыз етілуі қажетті санаттағы адамдардың бәрін де назардан тыс қалдырмауға бағыт ұсталынған. Соның куәсіндей, күні бүгінде ішінде мүгедектері, зейнеткерлік жасына жақындап қалғандары, жетімдері, жалғызбасты аналары, оралмандары, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылары, тіпті еңбекпен түзеу мекемесінде шартты түрде жазасын өтеп жүргендері бар, барлығы елудің үстінде адам оның қатысушысы санатында тіркеліп, несиелі болған.
Мәселен, жұмысында жүріп, бақытсыздық жағдайға ұшырап, өндірістік жарақаттанудың салдарынан жастайынан бірінші топ мүгедегі атанған атыраулықтардың бірі Жеткізген Өркенғалиев қол қусырып, қарап отырмай отбасына, қоғамға пайда келтіруді жөн көріпті. Сөйтіп, өз тұрғынжайының ауласында үй тауықтарын асырауды ұйғарыпты. Және бірінші топ мүгедегі Федор Горячкин де өзінің шағын фермерлік шаруашылығында тауықтар мен жабайы үйректер өсіруді жоспарлапты.
Қаланың іргесіндегі Бірлік елді мекенінен шағын жиһаз жасау кәсіпорнын ашқан сондай ауыл кәсіпкерлерінің бірі таяуда ғана болып өткен «Атыраудың үздік тауарлары» аймақтық конкурсына қатысып, бағын сынаған. Қорытындысында жеңімпаз деп танылып, ел ордасы Астана қаласында өтетін бәйгеге жолдама алды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button