Жарнама
Қоғам

КҮРМЕУІ ҚИЫН, КҮРДЕЛІ ІС КӨП

 

Біз осыған орай Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының Қызылқоға аудандық филиалының басшысы Алтынзер Бақытжанқызы БАЙМҰРАТОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Мемлекет басшысы Нұр-сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 қадамында» кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау, бизнес-омбудсмен институтын нығайту жөнінде айтылып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне нақты міндеттер жүктелген. Осы бағытта ауданда қолға алынған істерге тоқталып өтсеңіз?

– Инвесторларға ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, аудан экономикасына шетелдік және отандық инвесторлар қаржысын тарту, яғни, өңірдегі инвестициялық ахуалды онан әрі жақсарту мақсатында Қызылқоға ауданының инвестициялық атласы жасақталып шығарылуының өзі үлкен жетістік екені сөзсіз.

Қазіргі таңда ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 916-ға жетті. Олардың 60-ы заңды тұлға, 175-і шаруа қожалығы, 681-і жеке кәсіпкер. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 пайызға артты. Үстіміздегі жылдың алты айында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімі және жұмыс, қызмет көлемдері 1025,0 млн. теңгені құрап, 102,3 пайызға орындалды. Бүгінде аудандағы 151 сауда объектілері, 1 базар, 40 қоғамдық тамақтандыру, 66 халыққа қызмет көрсету және 20 өндіріс орны жұмыс істеуде. Ауданда жыл басынан бері 19 кәсіпкерлік объектісі іске қосылып, 44 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 1 наубайхана, 5 қоғамдық тамақтандыру, 13 қызмет көрсету орындары өз істерін бастады.

Биылғы алғашқы жартыжылдықта шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша 177,5 млн. теңгенің несиесі алынды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жаңа идеялар бағыты бойынша қайтарымсыз грантқа қаржыландыруға ауданнан жеке кәсіпкер Жанар Разакованың «Бөдене өсіру» жобасы ұсынылып, грант иегері атанды.

– Ине шықса да, түйме шықса да, әйтеуір өзіміздің отандық өнім болғанға не жетсін?! Қазақстандық өнімге деген сұраныс жоқ деуге ауыз бармайды. Алайда, олардың дүкен сөрелерінде самсап тұрғанын да көрмейміз. Отандық бизнестің арқасүйері – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы бағытта қандай жұмыстар атқаруда?

– Осыған байланысты жер-гілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ауданымызда да шаралар өтуде. Бірнеше ірі сауда желісінің иелерімен кездесу өткіздік. Олардың айтуынша, дүкен сөрелеріне отандық тауарлардың аз шығуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, жергілікті тауар өндірушілер нарықты тиісті көлемде қамти алмай отыр. Яғни, отандық өнімнің дүкен сөрелеріне жүйелі түрде жеткізілмеуі мен логистика мәселесіне тікелей қатысты.

Тағы бір өзекті мәселе – тауардың сыртқы қаптамасы. Тұтынушылардың назарын аудару, жалпы тауардың өтімділігі сыртқы қаптамаға көп байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сауда орындары отандық тауардың сапасы жағынан ғана емес, сыртқы безендірілуі жағынан да шетелдік өнімдерден кем болмағанын, яғни бәсекеге қабілетті болғанын қалайды. Тауар қаптамасына мәселен, Ресейде 200 миллиард теңге жұмсалса, Қазақстанда бұл сома небәрі – 300 миллион теңге шамасында, яғни, 86 есе төмен. Ендігі бір мәселе – жарнаманың жоқтығы немесе әлсіздігі. Отандық телеарналардан көбіне шетелдік өнімдердің жарнамасын көреміз. Ал, тұтынушы үшін жарнаманың алатын орны ерекше.

Сонымен қатар, тауар өндірушілердің ірі сауда желілеріне тікелей тәуелді екенін де ескерген жөн. Ал, олардың келісім-шарттары көбіне екіжақты тиімді бола бермейді. Тауар өндірушілердің айтуынша, сауда желілері отандық өнімнің бағасын өз қалауынша қымбаттатып сататын көрінеді. Бұдан да басқа күрмеуі қиын күрделі мәселелер баршылық. Оларды заңдық негізде реттеу қажет. Сағыз селосында «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясы өткізіліп, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Акция барысында ет және ет өнімдерін өңдеу цехымен және жылыжай өнімдерін сатып алуға аудан кәсіпкерлері өзара келісімдерге қол қойды.

Акция аясында жергілікті тауар және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жәрмеңкенің мақсаты – халықты тиімді бағада негізгі азық-түлік өнімдерімен және көкөністермен қамтамасыз ету. Миялы селосындағы «Айбас» көтерме сауда орнында, жеке кәсіпкерлер Сағыз селолық округіндегі Ә.Таумұқанованың «Әсем» және Р.Жекшимовтың «Дана» дүкендерінде акцияның логотиптері ілініп қойылды.

– Мемлекет отандық кәсіп-керлерімізді қамқорлықтан кенде қылып отырған жоқ. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған бірнеше бағдарламасы бар. Бірақ, әлі күнге дейін біз бау-бақша өнімдерінің өзін шет жерден жеткіземіз. Өзіміздікі бар-жоғы 18 пайызды құрайды. Мұның басты себебі неде?

– Дұрыс айтасыз, кез келген қарапайым тұтынушыда осындай сұрақтың туындауы заңды. Бүгінде мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерді қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Қазақстандық бизнеске қолайлы жағдай туғызу бағытында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып отыр. Алайда, өнімді өндіруден бөлек, оны нарыққа енгізу, саудалауға қатысты түйінді мәселелер жетерлік. Олардың бірнешеуін жоғарыда атап өткен болатынмын. Өкінішке қарай, осы мәселе әлі жолға қойылмай келеді. Мысалы, өзіңіз айтып өткен еліміздің  Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып отыр, сол сияқты Инвестиция және даму министрлігі өндірістік тауар өндірісін қолдау мәселелерімен айналысуда. Бірақ, сауда саласына қатысты бірде-бір бағдарлама қарастырылмаған. Бір қызығы, қазақстандық өнімге өзімізден гөрі, шетелдерде сұраныс жоғары. Мәселен, отандық нарықта импорт көлемінің 75 пайызы қытайлық тауарларға тиесілі. Біз олардың сапасы мен денсаулыққа әсері жөнінде жақсы білеміз, бірақ, сонда да сатып аламыз. Ал, қытайлықтардың өздері ауылшаруашылық өнімдерін Қазақстаннан сатып алғанды қолдайды. Сондықтан, ең алдымен отандастарымызды қазақстандық өнімді сатып алуға үгіттеген насихат жұмыстарын жолға қою керек деп ойлаймын

– Дұрыс айтасыз, насихат кемшіндеу. Әйтпесе, халқымыз «арзанның сорпасы татымайтынын» біледі. Бағасы төмен болғанымен сапасы күмәнді шетелдік тауарлар отандық нарықты жаулап алды. Төл өнімді төрге оздырамыз деп жүргенде бұл жағдай кәсіпкерлерімізге де жеңіл тимегені жасырын емес. Осынау мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалай реттегелі отыр?

– Иә, Ресей рублінің арзандауы біздің нарыққа да өз әсерін тигізді. Шын мәнінде, көрші ел бізді отандық өнімнен әлдеқайда арзан тауармен қамтамасыз етіп отыр. Соның салдарынан жергілікті кәсіпкерлердің шығынға батқаны да шындық. Бірақ, арзанның сапасы бола бермейтінін дұрыс айтып өттіңіз. Мәселен, Ресейден әкелінетін құс етіне салмағын ауырлату үшін су немесе басқа қоспалар егу арқылы қолдан ісіндірілетіні анықталды. Бұл тауық етінің салмағын бірнеше есе арттырады. Ал, өзіндік құны екі есе арзандайды. Мұны ораманың ішінде қатырылған өнімнен байқау мүмкін емес. Отандық кәсіпкерлер әлгіндей көзбояушылыққа бармайды. Сол сияқты, сүт өнімдерін өндірушілер де осындай мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Қазір дүкендерден табиғи сүтті табу қиын, оның есесіне Ресейлік ұнтақ сүт «табиғи сүт» ретінде сатылуда. Сондықтан, кәсіпкерлерімізді мұндай қиын-қыстау тұста қолдағанымыз жөн деп ойлаймын. Ал, қазіргі таңда Миялы селосындағы «Дидар» супермаркеті арқылы Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Нұрай» шаруа қожалығының басшылығы жергілікті тұтынушыларға табиғи сүт өнімін жеткізсе, «Әділет» шаруа қожалығы халықты бие сүтімен және саумалмен қамтамасыз етуде. Ал, біздің осы орайда, қолда бар өнімді халыққа жеткізу үшін жастарымыздың ауыл шаруашылығы жұмыстарына әлі де болса бармай, бойларын аулақ ұстайтынын айтып өткеніміз жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген Мағрупа ҚАЗИХАН,
меншікті тілшіміз.
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button