Құқықтық статистика: ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСА БАСТАДЫ

Құқықтық статистика басқармасында бүгінде атқарылып жатқан жұмысы көп. Халыққа қажетті жаңа жобалардың қолға алынуы соның бастысы деуге болады. Дегенмен, бұл құрылым туралы жұртшылықтың көп біле бермейтіндігі шын. Бүгінгі сұхбатымызда осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚР  Бас  прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы, аға әділет кеңесшісі Болат ТАЗАБЕКОВТІ сөзге тарттық.

 

– Біздің Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнінде комитеті 2003 жылдан бері Бас прокуратураның ведомствосы саналады. Қызметкерлеріміз құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалаудағы уәкілетті прокурорлар мәртебесіне ие. Әрине, атқарып жатқан жұмыстарымыздың бәрін бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес, алайда, тоқталғым келетіні, басқарма қажетті жобаларды өмірге енгізуде.

Жаңа жобалар туралы кеңірек айтып бересіз бе? Мәселен, «Бизнес тірегінің» кәсіпкерге қаншалықты пайдасы бар?

– Жұртшылыққа пайдасы болмаса біз, әрине, оны қолға алмас едік. Тілге тиек еткен «Бизнес тірегі» жобасына тоқталсам, оның ерекшелігі мынада: Бизнес нысанына тексеру тағайындау мен тексеру жүргізуді шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Алғашқысында, біздің қызметкерлеріміз тексерудің тағайындалу заңдылығын тексереді. Егер заң бұзушылықтарды анықтасақ, тексеру тағайындау туралы актіні тіркеуден бас тартуға құқылымыз.

Екінші кезеңде, тексерушілер кәсіпкерге тиісті актіні тіркемей барған кезде немесе тексеру барысында өз өкілеттіктері шеңберінен шығып кеткен кезде заң бұзушылықтар жиі кездеседі. «Бизнес тірегі» жобасының арқасында кәсіпкерлердің өздерін заңсыз әрекеттен қорғау мүмкіндігі пайда болды.    

Тексерудің заңды, заңсызын кәсіпкер қалай біледі?

– Ол үшін, яғни, тексеруді тағайындау негізді ме, ол құқықтық статистика органдарында тіркелген бе, соны білу үшін кәсіп иесі http://service.pravstat.kz сайтындағы «Кәсіпкерлерді тексеруді тіркеу туралы ақпарат» бөліміне кіруі керек. Бұл жерден тексеру жүргізу тәртібі бейнеленген тексеруші органның тексеру қағазымен танысуға болады. Заңсыз тексеру немесе оның барысында қандай да болмасын заң бұзушылықтар болған жағдайда кәсіпкер порталға тиісті ақпараттық хабарлама қалдыра алады.

1012 нөміріне тексеру актісінің тіркеу нөмірін sms-хабарламамен жіберіп немесе 1414 телефоны арқылы комитеттің Call-орталығына қоңырау шалып, осындай ақпарат алуға болады. Барлық осы хабарламаларға қатысты мобильдік топ шұғыл әрекет етеді.

– Тұрғын электронды форматта қалай өтініш береді?

– Сауалыңызға қатысты айтсам, «Электронды форматта өтініш беру» – Комитеттің инновациялық жобаларының бірі – «қылмыстық қудалау органдарының қылмыстар, оқиғалар туралы өтініштер мен хабарламалардың Электронды есепке алу кітабы». Ол электронды форматта әр өтініш берушіні тіркеуді қамтамасыз етеді.

Ішкі істер органдарына берілген кез келген өтініш автоматты түрде өтініштерді электронды есепке алу кітабының дерекқорына түседі. Ал, біз қай уақытта да өтініштің әрі қарай не боларына бақылау жасап, процессуалдық шешім қабылдау үшін мерзімдер сақтала ма, соны қадағалай аламыз. Егер әлдебір өтініш бойынша уақытында шаралар алынбаған болса, бағдарлама мұны бірден көрсетеді. Бұдан басқа, өтініш берушінің өз өтінішіне қатысты не болып жатқанын қадағалауға мүмкіндігі бар. Оған кодтық нөмірі бар хабарлама талоны беріледі. Оның келесі жағында тиісті ақпарат алуға болатын http://service.pravstat.kzэлектронды адресі, 1012 (SMS-сервис), 8 800 080 7777 (стационарлық телефоннан) және 1414 (ұялы телефоннан) телефон нөмірлері көрсетіледі.

Оның үстіне, электронды есепке алу кітабы іске қосылғандықтан, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, құқық  бұзушылық туралы өтініш беруге болады. Ол үшін электронды сандық қолтаңба болу керек (оған өтініш www.pki.gov.kz сайтында немесе www.egov.kz электронды үкіметінің порталында online режимінде беріледі). Өтініш беру www.pravstat.kz сайтында жүзеге асырылады, онда «Қылмыстар туралы өтініштер беру» сілтемесінде пайдалану ережесі орналастырылған. Қолданушы өз өтінішінің қаралу барысы туралы ақпарат алу үшін кез келген қолайлы тәсілді – электронды поштаны немесе ұялы телефонға sms-хабарламаны таңдай алады (sms құны – 15 теңге).

– Ал, «Айқын» жобасының ерекшелігі неде?

– Құқықтық статистика жөніндегі комитеті ҚР Президенті әкімшілігімен бірлесіп, «Айқын» жобасын іске қосты. Оның айта қаларлықтай ерекшелігі көп.

Мемлекеттік органға өтініш берген кезде өтініш беруші өтінішті қабылдаған кеңсе қызметкерінен дербес 18 орынды нөмірі бар талонды алады. Осы нөмір бойынша ол өтінішті қарау барысы, мерзімі және нәтижелері туралы ақпаратты келесі тәсілдермен ала алады:

– 8 800 080 7777 (стационарлық телефоннан), 1414 (ұялы телефоннан) нөмірлеріне тегін қоңырау шалып және операторға талон нөмірін айту; 

– 1012 нөміріне талон  нөмірі жазылған sms-хабарлама жіберу (барлық байланыс операторлары үшін бір хабарламаға 15 теңге);

http://service.pravstat.kz сайтына кіріп, «Мемлекеттік органдарға өтініштер» бөлімін таңдап, арнайы алаңнан талон нөмірін теру.

Кеңсе қызметкері талон бермеген жағдайда өтініш беруші Бас прокуратураның 115 телефоны бойынша call-орталығына хабарласа алады.

– Бұрын сотталған немесе сотталмағаны туралы мәлімет қалай беріледі?

-Еңбекке жарамды адамдардың өзіне қатысты соттылығы бар-жоғы туралы мәліметтерді білу, сол мәліметтері бар анықтаманы жұмыс орнына табыстау үшін алуға, сондай-ақ қысқа мерзімде алу қызметтері көрсетіліп жатыр.

Тіпті соттылығы болмаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтар 10 минут ішінде қолына анықтамасын ала алады.

Ал, адамның тегі бірдей немесе көп кездесетін аты, тегі болған жағдайда қосымша жұмыстары үш жұмыс күнде жүргізілгеннен кейін беріледі.

Біздер бұрынғы тәртіпте адамға қатысты соттылығы өтелген жағдайда мәліметтер жоқтығы  туралы анықтамаларын беретін болсақ, еңбек заңнамасының өзгеруіне байланысты және мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы бойынша бар мәліметтерді атап көрсету міндеттеледі.

Осындай өзгерістерге прокуратура органдары қызметкерлерінің білім беру мемлекеттік мекемелерін тексеруі кезінде сорақы жағдайларды анықтағандығы себеп болды. Яғни, аталған салада бұрын кісі өлтірген, зорлау, зомбылық іс-әрекеттерін жасағандығы үшін сотталғандардың қызмет атқарып жүрген дерегі анықталды. Бүгінгі қолға алынып жатқан шаралар келешекте осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін қажет.

Әңгімемді түйіндер болсам, биылғы жылдың шілде айының 3-жұлдызында Мемлекет басшысы жаңа қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық, қылмыстық істер жүргізу туралы кодекстері және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне қол қойды, енді 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолдану құқығы беріледі.

Осындай өзгерістерге байланысты келесі жылдың алғашқы күнінен бастап сотқа дейінгі тергеу жүргізудің бірыңғай реестрі бойынша арыздарды тіркеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Аталған жүйе іске қосылғаннан соң оқырманға қосымша толығырақ мәліметтер бермек ойымызда бар.

Сұхбаттасқан Бек АЙДАРАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз