КҮЙ-ҒҰМЫР
Әзағаның есімін оқушы кезімде есіттім. Патефоннан күй табағын ойнатушы ек. Шашын шалқасынан қайырған қара костюмді әдемі жігіттің суреті открыткаға басылған. Ақ көйлектің қатырма жағасына жабысып бабочка тұр. Өңірінде сәбидің алақанындай кішкене медаль. Ондайды бұрын-соңды көрмеген қыр баласына бәрі таңсық.
Үлкендер жағы: «Әзидолла өзіміздің бала ғой. Шет елге барып дүбірлі додада күй тартып, бәйге ұтып алыпты. Елді сағынған ғой. Қайтар жол да келді. Күй шалған. Ой, шіркін, киіз үйдің түндігін желпілдетіп жіберді»,- десіп отыратын. Оны естіген менің де бала қиялым қозып, күйші болсам, үстіме таңсық киім киіп елден ерекше жүрсем дейін. Болжағыштардың айтуымен ұйықтағанда басыма домбыра мен нан жастап жатайын. Түсіме нан енсе енген болар, домбыра енбегені анық. Сөйтіп, бізге музыка қонбады, сөзыка қонса қонған шығар…
Алматыда бір тойдан шығып ек. Белгілі әнші ағамыз Биғали Абдрахманов екеуміз. Түн жамылып, түгесілмес әңгімеге түсіп көп жүріп қалыппыз. Ат басы асау шақ қой.
— Кеттік, Әзағаның үйіне,- десін серілігі басым Биағаң. – Сәлем берейік. Сыбағамызды жейік.
Тартыншақтап ек, ерік бермеді. Өзім де көп қолқа салдырмасам керек, асылы. Түн ортасы ауа есік қағайық. Сырбаз жымиып алдымызда ағамыз тұр. Жеңгеміздің мәлике жүзі көрінді. Ілтипаты бөлек. Тіпті бізді келіп қалар-ау деп, оны айтасыз, зарығып күтіп отырғандай құрақ ұшсын. Дастархан жайнап кетті. Қызыл тіл сайрап кетті. Ән ұшты. Күй көтерілді. Ұят тарады. Ірге кеңіді. Таң бозарып атып, Алматының еріншек торғайлары шырылдағанда бата қайырыппыз.
Түн ортасы ауса да дастарханы жиналмаған шаңырақты содан қайтып Алматыдан көрген жоқпын. Құдай да пейілге береді дейді. Әзағаң барда да, жоқта да бірдей дархан жаратылыс. Жаңыл жеңгем мейірім мен қайырымның қайталанбас үлгісі. Екі жақсыдан өрбіген ұрпақтың бойына осы асыл қасиеттердің жұғысты болғаны қуантады.Әзағаның небір сәулелі сахналарда күй шалғанына куә болдым. Сөзге жоқ, сезімге мол тұлға елге өзінен гөрі домбыраны, домбырадан гөрі орындалып жатқан күйдің құдіретін танытсам деп шамырқанып бағады. Таза өнер де кез-келгенге емес, таңдап-таңдап қонар кие. Киенің кепиетін түсірмей ұстап жүру де ерлік. Үзілмей жеткен үздік өнерде Әзағаның да үлесі бар. Бар болғанда қандай! Ағылшын ақсүйегі Байрон ақын:
… Перне бойлап он саусақ жорғаласа, Пейіштен үн келгендей қоңыр салқын,-деген.
Ұлы күйші сол пейіштің бейкүнә үнін исі қазақтың құлағына қорғасын ғып ғұмыр бойы құйып келеді. Қанша ұрпақ сол әлдимен өсті. Қанша шәкірт түлеп ұшты. Кім есептепті?
Аман жүріңіз, аға. Көңіліміз кірлесе, сіздің күйіңізбен ағартып алғымыз-ақ кеп тұрады.