Жарнама
Қоғам

ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының  салтанатты  ашылуы барысында  «Ассамблея – 20 ізгі іс» эстафетасының бастау алғаны белгілі. Ондағы мақсат –  халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне, интернат және балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін қайырымдылық шараларын өткізу. «Осыған орай, Атырау қаласы және аудандар бойынша әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты аналарға, қамқоршысы жоқ балаларға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, облыстағы ірі кәсіпорындар мен мекемелердің және этномәдени бірлестіктердің  ұйымдастыруымен түрлі деңгейде қайырымдылық акциялары өткізілді» дейді Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілі Әлия Шағыраева.

 Атап айтар басты жаңалық сол, жақсылыққа шақыратын жалпы республикалық эстафета аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би мектебі ашылды. Онда бойында таланты бар аялы алақанға зәру жандар тәлім алуда. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған жанұяларға арналған «Балаларға қуаныш сыйла!», «Детство без границ», «Жақсылық жасауға асығыңыздар!», «Подари детям надежду» атты қайырымдылық шаралары Ассамблеяның қарапайым халықты қолдайтын құрылым екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Этномәдени бірлестіктердің зейнеткерлеріне сауықтыру жолдамаларын тапсыру, көп балалы және жалғызбасты аналарды ұлығылау, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік көмегін көрсету сынды шаралар да биылғы жылдың әлеуметтік маңызын аша түскендей болды. Жиырма ізгі іс акциясы аясында, сондай-ақ, жетім балаларға арналған қайырымдылық концерті, зейнеткерлер мен жалғызбасты қарттарға арналған түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, жарым көңілді бір серпілтіп тастады.

Айта кеткен жөн, «Ассамблея — 20 ізгі іс» эстафетасы аясында облыс бойынша 56 әлеуметтік-қамқорлық іс-шарасы ұйымдастырылып, барлығы 6 миллион 935 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Мұқтаж жандарға мұндай игілікті көмек көрсетуде Исатай ауданына қарасты Нарын селолық округінің тұрғыны А.Қалуов, Тұщықұдық селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ш.Беркалиев, селолық кітапханашылар Г.Исмағұлова, Н.Хамметова сынды жекелеген азаматтардың да шет қалмай жатқанын өткен нөмірлердің бірінде хабарлаған болатынбыз. Қуанарлығы сол, игі істер акция шеңберімен шектеліп қалмайды. Жалпыхалықтық сипатқа ие болған игі істер эстафетасы жыл бойына жалғаса беретін болады.

 

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button