ІЗ ТАСТАП АҚҚАН БІР ЖҰЛДЫЗ
«ДЕНДЕРІМ — БАЙТАҚ МЕКЕНІМ»
Киелі өнердің шырағын бірге жағып жүрген дос-бауырлас, сырлас-сыйлас жандар үшін араларының сиреп қалғаны – үлкен өкініш. Еліміздің әр аймағынан Табылды Досымовтың өнерін құрметтеп Индерге жиналған фестиваль қатысушылары ақынның шаңырағына бас сұғып, бата-тілектерін арнады. Мұңлы күйінде мүлгіп тұрған мазарының басына барып, дұға оқыды. Аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Серік Арыстан елі тау-тұлға атап кеткен Табылды Аяшұлын еске алуға арналған фестивальға қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл күні Борат мәдениет үйінің сахнасы гитараның сазды әуеніне толды. Қонақтармен бірге аудан өнерпаздары да Табылды әндерін шырқады. Ақынның көзін көрген замандастары естеліктер айтты.
ҒҰМЫРЫНЫҢ БАЯНЫ БОЛҒАН БІР КІТАП…
«Кеткенде келмес сапарға, хабарсыз, ізсіз, қалмасам екен жоқтаусыз», — деген Мұқағалидың арманы – бар ақынның көкейіндегі ой. Іздеушісі жоқ ақынның соры үлкен. Бұл тұрғыдан алғанда, Табылды Досымов, сөзсіз, бақытты. Өйткені, оның жоқтаушылары көп. Көзін көрген, азаматтығын ардақтаған дос-замандастары мен үзеңгілестері бір төбе. Белгілі жазушы Жұмабай Құлиев пен республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, журналистер Қаншайым Байдәулетова мен Тәуірбек Жұмабергенұлы дайындаған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты ғұмырнамалық кітап ақынды еске алу кешіне тамаша тарту болды. «Ұнатамын мен сені», «Жанарымның жарқылы» атты ақынның жыр жинақтары мен сұхбаттары, замандастарының естеліктері, ой-толғамдары, арнау өлеңдер топтастырылған кітаптың тұсаукесерін жасау құрметіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Атамұра» баспасының директоры Рахымғали Құл-Мұхаммед ие болды.
Ақын мұрасының жанашыры болып жүрген бір азамат – «Табылды Досымов» қорының директоры Бижан Қалмағамбетов қазақ әдебиеті мен өнеріндегі Табылды Аяшұлының қайталанбас қолтаңбасын лайықты пайымдауға жол ашу төңірегінде жұмыстанып жатқандарын айтты. Ақын шығармашылығын мектеп оқулықтарына, «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізу, деректі фильм түсіру, көше атын беру, жыр жинақтарын шығару, мұражай ашу сынды біраз игілікті істер де – болашақтың еншісінде.
«ҚЫР БАЛАСЫ ҚОЛ СОЗАДЫ АСПАНҒА»
Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған аймақтық бард-ақындар фестивалі осылай аталды. Ақынның өмірі мен өлеңінен айшықталған моноқойылым көзі тірісінің өзінде аты аңызға айналған Табылды тұлғасын биіктете түскендей әсер қалдырды. Бір шындық — Табылды негізін қалаған бардтық өнер бүгінде ел арасына дендеп енді, Табылды мектебі қалыптасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Қытай Халық Республикасынан келген бард-ақын, әншілер — осының айғағы.
Ақын есімінің туған жерінде ардақталуына ұйытқы болған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов шара шымылдығын ашып, бұл фестиваль енді екі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтып қуантты. Сондай-ақ, Табылды ақын туралы естелігімен бөлісіп, өзі соңғы жазған өлеңін де оқып берді.
Ғұмырнамалық кітапты шығаруға демеуші болған «Атамұра» баспасының директоры Рахымғали Құл-Мұхаммед тоқсаныншы жылдары Табылды әндері жастар арасында кең таралғанын, оның атына студент кезінен қанық болғанымен, өзімен жақын араласпағанын, өнерін құрметтейтінін айтты. «Осы кітапты шығару арқылы Табылды өнеріне, оның талантына, ұлтын сүйген азаматқа деген құрметімді білдіргім келді. Бұл жинақ табылдытануға, оның шығармашылығын зерттеушілерге үлкен көмек болары сөзсіз. Кітаптың ішкі мазмұны қандай терең болса, безендірілуі де сапалы болуына бар күшімізді салдық. Бұл батыс өңірі – от ауызды, орақ тілді ақындар мен тұлпар мінген батырлардың мекені. Ел іргесі аман болса, қасиетті топырақ әлі талай таланттарды дүниеге әкелеріне сенемін», — деді Рахымғали Абрарұлы.
Ақын жайлы ақжарма естеліктер ақтарылған кеште «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, жазушы Жұмабай Құлиев, «Қаражорға» ансамблінің жетекшісі Жамали Дихан, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Майра Ғұмаровалар да сөз алды.
Аймақтық бард-ақындар фестивалінде Табылдының кең тынысты, мазмұны бай, мәні терең әндері әуеледі. Саадат Нұрманов, Сәрсенғали Бисенғалиев, Жаскелең Ғайсағалиев, Әбдіхан Есенғалиев, Нағим Сатимов, Бақытбек Сәрсенов, Айбек Қабыланбек, Есенбай Құлиевтар әуелете ән салды. «Қазақтың сары тентегі» атанған қарағандылық Қуаныш Мақсұтовтың өнері көрерменді тәнті қылды. Табылдының әндері алыс-жақын шетелдердегі қандастар арасында да танымал. Осы фестивальге арнайы Қытайдан келген Елеусіз Сүлейбекұлы, Орақ Тұрсынбекұлы, Құрмет Қалиоллаұлы сынды әншілер қазақтың тұңғыш бардының шығармашылығын аспан асты елінде насихаттап жүргендерін айтып, әндерін орындады. Белгілі әнші, ақын-сазгер Елена Әбдіхалықова «Табылдыға арнау» әнін орындағанда, толқымаған адам аз. Шынайы өнердің, шын достықтың көрінісі осындай болар…
Бұл күнгі айтылған естеліктер де, әуелеген әндер де, ақжарма тілектер де Табылды ақын жаққан оттың өшпеуі жайында өрбіді. Артына өлмейтін сөз ғана емес, Абылдай талантты ұл қалдырған Табылдының шырағы сөнуі мүмкін де емес. Абыл Табылдыұлы қазір Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген, фестиваль барысында Абыл да әкесінің әніне салды. Ақынның жары Қарлығаш осы шараны ұйымдастырған барша азаматтарға деген алғысын жеткізді. Ақын да адам баласы, тумақ барда, өлмек хақ. Тек қасиетті өнер ғана мәңгілік. Табылдының өзі ортаны ойсыратып, о дүниеге аттанса да, артынан іздеп жүрер, еске алып жүрер елі бар. Ол – бәрібір бақытты ақын.
Бақытгүл БАБАШ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.