Қиындықпен бетпе-бет

kiunduk«Атырау» («Ерік») газетінің алғашқы санының жарыққа шығуына, кейін оның 
қалыптасуына өз қолтаңбасын қалдырған редакторлардың бірі – Ғатау Махамбетов.
Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттарда оның атына 1924 жылы толтырылған жеке іс сақталған. Мұрағат құжатында оған қатысты уездік партия комитетінің қаулыларымен бірге, өз қолымен жазған өмірбаяны бар. Ғатау Махамбетов Орал губерниясы, Орал уезі, Пируктукльский (Үйректі-Қ.С.) болысына қарасты №5 ауылында 1900 жылдың 15 тамызында дүниеге келген. Оның әке-шешесі егін орып, мал өсірумен шұғылданған.

1920-1922 жылдарда ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс атқарған. Бұл қызметте жүріп, ол газет жұмысына араласа бастайды. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің 1968 жылғы 17 қараша күні жарияланған дербес зейнеткер Ғ.Махамбетовтің «Сол бір кезде» атты мақаласында мынадай жолдар бар: «1921 жылдың ақпан айының бас кезі еді. Үйректі болысының №9 ауылындағы бастауыш мектепте (қазіргі Чапаев ауданы, «Восход» совхозының аймағы) сабақ беріп жатқанымда, бұрын көрмеген бір адам кіріп келді де, есік жақтағы бір бос партаға отыра кетті. Кідіріп қалғанымды сезді білем: «Сабағыңызды өткізе беріңіз» – деді. Бұл соңғы сағат еді.
Сабақтан кейін класта екеуміз қалдық. «Бұрын көрмеген боларсыз, мен губеринялық партия комитетінен келдім. Фамилиям Әлжанов, есімім Батырбек. «Қызыл тудың» редакторымын» – деп өзін таныстырды. Сонан кейін ол портфелін ашып, онан жұқа сары қағазға басылған «Қызыл ту» газетін маған ұсынды да, сөзін қайта жалғастырды». Одан әрі қарт журналист губерниялық газеттің ел ішінде таралуына, әсіресе мұғалімдердің толық жазылуына үгіттей келгенін түсіндірді.
– Сол күннен бастап «Қызыл тумен» бауырмаласып кеттім. Газет тарату, оған хат-хабар жазып тұру менің басты бір міндетіме айналды. Орал, Гурьев уезінде де «Қызыл тудың» белсенді тілшісі, әрі губерниялық, өлкелік газеттердің белсенді агенттерінің бірі болып кеттім, – дейді сол естелігінде Ғ.Махамбетов.
Ғ.Махамбетов 1922 жылдың 10 қыркүйегінде өз еркімен Орал губерниялық милициясының жанындағы командалық-саяси курсына түседі. Оны 1923 жылы 1 ақпанында аяқтайды. Осылайша курсты бітіріп, аттестат алған күні Гурьев уездік кеңестік милициясына жауапты қызметке жіберіледі. Қыстың ысқырық аязы, боранымен арпалысып, Гурьевке олар тоғыз күн бойы жүреді. Бойларында жастықтың оты лаулаған өрімдей жастардың араларында 24 жасар П.Ковалев деген азамат жол бастайды. Жол бойы азамат соғысының салған зардаптарын көздерімен көріп, адамдардың ауыр тұрмысына алаңдаушылық білдіреді.
Ғатау Гурьев кеңестік милиция құрамында аға милиционер болып, 1923 жылдың 1 қарашасына дейін қызмет етеді. Жаңа қоғам құруға ұмтылған азаматтардың тыныштығын күзетіп, қалада қоғамдық тәртіпті сақтауға сыбана кіріседі. Өңірде болып жатқан қоғамдық-саяси өмірден мақалалар жазып қана қоймай, Гурьевке тұңғыш қазақ тіліндегі газетті шығаруға араласады. Көзі ашық, білімді жігіт жергілікті басшы органдардың назарынан тыс қалмайды.
Ол 1923 жылдың 1 қарашасы күні уездік оқу бөліміне нұсқаушы болып тағайындалып, бұл қызметті 1924 жылдың 10 ақпанына дейін атқарады. Осыдан кейін Гурьев комсомол комитетіне нұсқаушы болып беркітіліп, бір жыл жарым ай атқарады. Осы тұста «Жұмыскер тілі» газетіне жауапты редактор болады. 1926 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Гурьев уездік партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылыққа тағайындалады.
Ғ.Махамбетов Гурьевте «Ерік» («Атырау») газетінің бірінші санының жарық көруіне тікелей араласқан жан. «Мұнайлы Ембінің социалистік қалыптасуы» атты кітапта «Жастық жылдары – ерік жылдары» атты естелігінде былай жазады: «1923 жылдың басында Орал губкомының шешіміне орай Гурьев уездік «Ерік» газеті шыға бастады. Бірінші саны 1923 жылдың 1 сәуірінде шықты, ал бірінші жауапты редакторы болып С.Мәмбетов тағайындалды. Одан кейін газетке мен редакторлық еттім. 1924 жылдың 28 тамызынан бастап, «Ерік» атауы «Жұмыскер тілі» болып өзгертілді. Басылымның қазақ тілінде жарық көруін уезд еңбекшілері қуанышпен қарсы алды. Редакцияға Ембіден мұнайшылар мен балықшылардан келген жедел телеграммалар мен хаттар толастамады. Газеттің бірінші саны қиын жағдайда шықты. Тәжірибелі журналистер мен баспаханашылар жоқ болатын, оның үстіне ана тіліндегі әріптер жетіспеді. Газет ұзақ уақыт бойы темекінің сары қағазына басылды. Аптасына 1-2 рет жарық көрді. Баспаханада электр жарығы болмағандықтан майшаммен жұмыс істеуге мәжбүр болдық»деп еске алады. Демек, бұл деректен Ғ.Махамбетовтің уездік аға милиционер болып жүріп те газет жұмысына белсене араласқаны көрініп тұр. Уездік комсомол, оқу бөлімінде жауапты қызметтерде жүріп, уақытпен есептеспей «Жұмыскер тілі» газетіне жауапты редактор ретінде қол қойған.
Бұл жерде оқырмандар назарына «Жұмыскер тілі» газетінің басқа жұмыстардан босатылған редакторы болмағанын, сондықтан жауапты редактордың жиі өзгеріп отырғанын қаперге бергім келеді. Мысалы, осы аралықта «Жұмыскер тіліне» редактор болып уездік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі З.Зұлхайыров та қол қойған. Оның кезінде газеттің таралымы 800 данаға жеткен.
Ғ.Махамбетов газеттің жұмысын жолға қойып, жоғарғы органдардың қаперіне көкейкесті мәселелерді ұсынып отырған. РКП (б) Гурьев уездік комитетінің Орал губкомы арасында хаттарда сақталған мына құжат – осының куәсі:
«Рабочая Правда» мен «Жұмыскер тілі» газеттерінің 1925 жылғы 1 маусымдағы жағдайы туралы
Екі газет те түскен қаржыға орай жарық көреді. Бірақ, олар толықтай өзін-өзі ақтай алмай отыр, оған қоса баспахана мекемесі қосылып берілгендіктен оның аз ғана пайдасы газеттің жетпестігіне жұмсалып отыр. Алайда, қаржының жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында қайтарымсыз қарыз алуға мәжбүр болдық.
Күні бүгінге дейін газет қағазы болмағандықтан бұрыннан сақталған қордағы барға басып келеміз. Қазір оның таусылуы да жақын, әрі газет басуға жарамсыз сарғайып кеткен. Ондай қағазға КСРО-ның ешбір жерінде газет басылмайды. Демек, жаңа қағаз сатып алу қажет, ал оған баспахана мен редакцияда қаржы жоқ.
Бұдан әрі әріптер мен баспахананың құрал-жабдықтары әбден ескірді, жаңадан толықтыруды талап етеді. Әріптер ескі, мүжіліп біткен, сондай-ақ, үтір мен тасымалдауды білдіретін сызықша белгілері жоқ. Оны жаңарту қажет, ал ол үшін тағы қаржы керек.
Енді газетке басылған материал үшін қаламақы төлеу мәселесі. Газетте басылған материал мазмұнын жақсарту үшін жұртшылықты тарту керек, ал оларды ақша төлеу арқылы ынталандыруға болады.
Қазіргі уақытта «Рабочая Правда» таралымы 610 дана, ал «Жұмыскер тілі» газеті 500 дана, ал оның «Рабочая Правда» – 58 данасы және «Жұмыскер тілінің» – 44 данасы тегін таратылады.
Сондықтан, мұндай таралыммен газет өзін-өзі ақтайды дегенді ойлауға болмайды. Таралым санын арттыру қажет, сондықтан газетті жақсартып және жазып алдырушылардың қызығушылығын тудыру қажет…»
«Жұмыскер тілі» газетінің редактор: Ғ.Махамбетов.
20 маусым 1925 жыл».
…«Жұмыскер тілі» газеті жастар тәрбиесі міндетін алға қойды. Уездік партия-комсомол ұйымдарының шешіміне орай комсомол жұмысын жақсарту мақсатында газетке қосымша бет шығарылды. 1925 жылы 15 сәуірде «Жұмысшы жастар» («Рабочая молодежь») атты бетше шығарылды. Комсомолдық бетшенің редколлегия мүшелеренің бастамасымен Гурьев жастарын мұсылмандардың мерекесі «Ораза айтта» қала сыртындағы баққа 250-300 түп ағаш отырғызып, барлық кәсіпорындар ұжымдарына үлгі көрсетті».
Газетке деген құштарлығы ақыр соңы Ғатауды осы жолға біржола салады. Гурьев уездік комитетінің 1927 жыл 10 тамызда өткен бюро мәжілісінде мынадай қаулы қабылданыпты: «ВКП(б) уездік комитетінің нұсқаушысы болып Ғ.Махамбетов 1926 жылдың желтоқсанынан бері атқарады. Оның нұсқаушылық қабілеті төмен, жұмыстағы белсенділігі әлсіз, бірақ, газет ісіне деген бейімі бар. Сондықтан, баспасөз бағытына пайдалану керек» деп шешім алыпты.
Көп ұзамай Гурьев уездік комитеті жолдамасымен Ғ.Махамбетов Мәскеудегі ВКП(б) Орталық Комитеті жанындағы партия қызметкерлерін дайындайтын курсқа жіберіліп, оны 1928 жылы маусым аяғында бітіріп келеді. 1928 жылы 11 маусымда Орал губерниялық «Қызыл ту» газетіне хатшылыққа тағайындалып, 1929 жылы шілде айына дейін атқарады. 1929 жылы 11 мамырда өткен ВКП(б) Орал округтік комитетінің қаулысымен редакциядан кері шақырылып, өлкеде жаңа алфавитті енгізу үшін мәдени-үгіт бригадасына округтік оқу бөлімінің қарамағына жіберіледі.
Ғ.Махамбетовтің бұдан кейінгі шығармашылық қызметі мен өмір жолы өзінің туған өлкесі Батыс Қазақстан облысында жалғасты.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз