ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІ: МАҚСАТ – СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІ БІРЛЕСІП ШЕШУ
Конференцияның пленарлық мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, жүргізіп отырды.
— Қазақ қоғамы ғасырлар бойы ислам дінінің игілігін көріп келе жатыр. Десе де, соңғы уақытта діннің рухани қызметіне көлеңке түсірушілер де бар. Бүкіл әлемде исламға қытысты жауаптан гөрі сұрақтар көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Бүгін сол сұрақтарға жауап іздеуге жиналып отырмыз.
Қазақстан — зайырлы мемлекет, бейбітшіліктің байрағын ту етіп отырған ел. Мұнда 17 дінді ұстанған 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Айтуға оңай болғанмен, елдегі бейбітшілікті ұстап отыру, халықтың ниетін бір арнаға тоғыстыру оңай шаруа емес. Елбасы Н.Назарбаев ішкі бірлікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанды әлемдік діндердің бір-бірімен сұхбат құрып, ортақ мәмілеге келетін үлкен орталығына айналдырды. Ислам дініне бүгінде адамзат қол жеткізген жетістігі үшін қарыздар. Оның ішінде, исламның қазақ қоғамын қалыптастырудағы орны ерекше. Өкінішке орай, діннің атын жамылып, елдің арасында іріткі салып жүргендер де жоқ емес, — деді аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Ислам мәдениетінің діни радикализмнің алдын алудағы жасампаз әлеуеті» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов қалыптасқан кейбір көлеңкелі тұстарға қатысты мемлекеттік саясаттың қаншалықты дәрежеде жүргізіліп жатқаны жөнінде айтты.
— Конференцияның тақырыбы қазіргі жаһандық тұрғыда аса өзекті және мәнді болып табылады. Дінді саясаттың құралы ретінде қолдану салдарынан адамзаттың рухани қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін жағдайлар мемлекеттік деңгейде және барша адамзатты ғаламдық кеңістікте шешім іздеуге мәжбүрлеп отыр. Сонау Біріккен Ұлттар ұйымының үлкен мінберінде де бұл мәселе көтерілуде. Яғни, бұл – әр елді толғандырып отырған өзекті мәселе. Соңғы он жылдықта діннің тәрбие, білім беру мен адамзаттың дамуындағы үлесі айтарлықтай өсті. Бұл бірінші кезекте діннің қоғамдық өмірдің барлық салаларына елеулі әсер тигізетіндігімен тығыз байланысты, — деді вице-министр.
Ислам дінінің атқарып отырған игілікті істерінің басы-қасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүріп, еліміздегі барлық мешіттер мен имамдармен бірігіп жұмыс жасауда. Шынайы діннің шапағатын бүкіл халыққа жаю мақсатында мақсатты қызмет етуде. Басқосу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі, жиырма жылға жуық еліміздің бес өңірінде дін саласында қызмет еткен Наурызбай Өтпенов «Шынайы дін қоғаммен бірге қанат жаяды» тақырыбында біраз әңгіме өрбітті. Наиб-мүфтидің айтуынша, тарихтың қай бетін парақтасақ та, дінсіз қоғамның болмағанын көруге болады.
Төбесіне талай туды қадаған мекен Сарайшықтың атын әлемге мәшһүр етуге жұмыстанған жиһангез ғалым Ибн Баттута бұл жерді өзінің «Саяхатнамасында» былайша суреттеген екен.
«…Сарайшық қаласы, «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен. Дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында орналасқан. Мені таң қалдырғаны бір қалада төрт мешіттің болуы және үйді-үйдіге жүргізілген су құбырлары еді. Бұл қалада тақуа діндар кісілер көп екен, ата есімді құрметті діндар кісі бізді қонақ қылып, батасын беріп, шығарып салды…». Сол дәуірдің өзінде дәстүрлі ислам құндылықтарын берік ұстанған, арабтарға үлгі бола білген киелі қазақ жұртының қонақжайлы қалыбы, төріне отырғызып, құрметтеп, батасын беруінің өзі көп нәрсені аңғартады.
— Бүгінде біз – әлемдік заң нормаларын қабылдаған, өз дінін қастерлеп, өзгенің ар-намыс, сеніміне де құрметпен қарайтын зайырлы қоғамның мүшесіміз. Яғни, мемлекетіміздің маңызды құжаты – Ата Заңымыздың алдында барлық діннің құқығы бірдей. Дегенмен, қазақ тарихымен қоса өріліп, өсіп-өнген ислам дінінің, дәстүрлі жолымыз – Имам Ағзам Әбі Ханифа мәзһабының орны өте айрықша. Өйткені, қанға сіңісті болған, дәстүрге кіріккен Ханафи мектебі өзінің өміршеңдігімен, ұлт қайнарына үйлесімділігімен тарих сүзгісінен өтіп отыр, — дей келе наиб-мүфти туған жердің қадірін пайғамбарымыз да айрықша бағалағандығын айтып өтті.
— Пайғамбарымыздың туған жер туралы әр сөзіне терең ой жүгірткен әр пенде, — деді наиб-мүфти, — өзінің туған мемлекетіне шынайы махаббаттың дәмін сезіп, Отаны үшін отқа күюге дайын болары сөзсіз. Оның Отанына деген ыстық ықыласынан туындаған сөздері Мекке шаһары әлі ислам еліне айналмай тұрған кезде айтылған еді. Осы орайда, теріс діни ағымның жетегінде жүрген бәз біреулердің Қазақстан мемлекетін айыптап, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін өшіргісі келетіндердің әрекеті еш қисынсыз.
Сонымен қатар, жиын барысында Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының ішкі істер департаменті басшысы Ренат Ислямов, Египеттегі Әл-Азхар университетінің оқытушысы Хашим Мухаммад Жамалуддин Махмуд Омар, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Жалалитдин Нұриддинов, Ливан Республикасындағы Триполи университетінің шариғат және ислам ғылымдары факультетінің деканы, доктор Рафат Миқати, Түркиядағы «Хасеки» институтының аға оқытушысы Жігер Юсуф және басқа да шетелдік дін ғалымдары мен сарапшылары сөз сөйлеп, баяндамалары арқылы дін атын жамылған лаңкестік ұйымдардың іс-әрекетін сынап, діни сауаттылықты арттыру және ислам дінінің дұрыс ұғымдарын насихаттаудың озық үлгілерін талқылады.
Қырғыз Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты туралы терең мағлұмат берген Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы дін істері жөніндегі комиссияның талдау бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Исаева өз сөзінде Қазақстаннан үлгі алар тұстар бар екендігін айтты. Ол ұлтаралық келісімге ерекше мән берген Қазақстанды толеранттылықтың үлгісі деп бағалап, Қырғызстанды қоғамдық бірегей институт — Қазақстан халқы Ассамблеясы мен еліміздің дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне еріп кеткен адамдарға арналған оңалту орталықтарын ашудағы тәжірибелері қызықтыратынын жеткізді.
— Біз көптен бері осы жобаларды қолға алуды көздеп келеміз. Өйткені, елде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – мемлекетте мекен ететін халықтың саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі, — деді ол.
Ал, Қазақстандағы Түркия Республикасы елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Ибрахим Йылмаз өз баяндамасында ислам мәдениетіндегі экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың жолдарын көрсетті. Оның айтуынша, алдын ала сақтанып, діни сауаттылықты тереңдете түсіретін көпшілік шаралаларды көбірек ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру, насихаттау жұмыстарын барынша жандандырған жөн.
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, Фиқһ ғылымдарының докторы, профессор Жуда Басюни қазақ жастарын тәрбиелеудегі исламның рөліне жан-жақты терең тоқталып: «Ислам дінінде жастардың тәрбие жүйесі өте тиянақты құрылған. Құран мен сүннет жастар үшін үлгі-өнегеге, дәрістерге, ақыл-кеңеске толы. Исламнан біз жастарды қалай сақтайтынымызды, оларды дұрыс жолға бағыттауды, дұрыс тәрбие беруді, пайдалы ілім беруді үйренеміз», — деді.
Конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы «Өзара сенім: қажеттілік қағидаты» атты баяндамасымен қорытындылады.
Дін саласындағы проблемаларды шешу бойынша тәжірибе алмасу, халықаралық тәжірибелер негізінде еліміздегі діни экстремизм мен радикализмнің қауіп-қатеріне қарсы тұрудың ғылыми-идеологиялық тәсілдерін пысықтау мақсатында ұйымдастырылған халық-аралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның секциялық жұмыстары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтті.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.