ИСАТАЙ БАТЫРҒА кесене қашан тұрғызылады?
Дейтұрғанмен, қаза тапқанына 175 жыл өтсе де, күні бүгінге дейін батырдың зиратына кесененің тұрғызылмауы, шыны керек, елдігімізге сын болып отыр. Рас, батыр зиратына кесене тұрғызу бір адамның немесе бір мекеменің қолынан келер шаруа емес. Ол үшін, алдымен, осы жұмыспен түбегейлі шұғылданатын арнайы қор құрылуы және сол қорға жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік құрылымдар, тіпті жеке адамдар тарапынан қаржы аударылуы керек еді. Осы оймен 2009 жылы баспасөз бетінде «Исатай батыр» қорын құру туралы ұсыныс жасағанбыз. Көп кешікпей Ақтөбе қаласында «Исатай батыр» атты қоғамдық қор құрылып, онда батыр зиратына кесене тұрғызу туралы шешім қабылданып, тіпті эскизіне дейін дайындалған болатын. Бірақ, қоғамдық қорды құрушылар батырдың қаза тапқанына 175 жыл толуына жоспарланған кесенені тұрғызу бағытындағы жұмысты өрістете алмады.
Біздіңше, оның басты себептері мынадай: біріншіден, батырдың басын қарайтуға қажетті қаражат бұл қорға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан түсуі керек болатын. Себебі, Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс 1836-1838 жылдарда қазіргі осы облыстар аумағында кеңінен өрістеген еді. Аталған облыстардың жергілікті әкімдіктері жеке адамдардан, кәсіпкерлерден, мекемелерден қажетті қаржы жинақтауды ұйымдастырып, қоғамдық қорға аударуы керек еді. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін бұл шара жүзеге аспады, осылайша қажетті қаржы қорға түспеді. Сондықтан, ендігі жерде қор басшылығы мен әр облыстың әкімдігі арасындағы байланысты жақсартып, ұйымдастыру жұмыстарын жаңа сатыға көтеру керек.
Екіншіден, Орал қаласында құрылған «Исатай-Махамбет» қоры Батыс Қазақстан облысының орталығынан қос батырға ескерткіш орнатуды мақсат етіп отырған сияқты. Мақсат дұрыс-ау. Бірақ, бұл қадам Исатай батырға тұрғызылатын кесенеге аталған облыстан тиісті қаражаттың түсуіне кедергі болмай ма деген де қауіп бар. Ескерткіш те керек болар. Бірақ, құрылған қос қор алдымен Ақтөбе — Орал автомагистралінің 538 шақырымында орналасқан Исатай батыр зиратына кесене тұрғызу мақсатына жұмылуы тиіс. Әйтпесе, батыс өңірінің төрт облысы бірікпейінше, халық батырының басына тұрғызылатын кесененің мезгілі кешігуі мүмкін.
Үшіншіден, соңғы жылдары Исатай батырдың зираты нақты қай жерде екендігіне күмән келтірушілер пайда болды. Оның басты себебі, Х.Досмұхамедұлының 1924 жылы «Сәуле» журналында жариялаған «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» атты мақаласындағы мына сөйлемдер болып отыр. «… Исатай қырық тоғыз жасында 1838 жылы өлді. Сүйегі Темір уезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмола деген молада. Махамбет қырық екі жасында 1845 жылы өлді…»
Аталған мақалада Исатай мен Махамбет батырлардың өмір деректеріне байланысты бірнеше сәйкессіздіктер бар екенін байқау қиын емес. Біріншіден, Исатай батырдың 49 жаста емес, 47 жаста қаза тапқандығы толықтай дәлелденген. Екіншіден, Махамбет Өтемісұлының 1845 жылы емес, 1846 жылы 43 жасында қаза тапқандығы да еш талас тудырмайды. Ал, Исатайдың Шолақмолада жерленгені үлкен күмән туғызады. Содан болу керек, Х.Досмұхамедұлы мақаласының соңғы жағында былай деп жазады: «…Біздің Исатай, Махамбет туралы жазып отырғанымызды тарихи сөз деп түсіну керек емес, бұл – әркімдерден естіген әңгімелердің қорытындысы…».
Соңғы кездері жарияланған кейбір мақалаларға зер салсақ, бүгінгі күндері Шолақмоланы табудың өзі қиынға соғатын көрінеді. Сонда Шолақмоланы таба алмай жүргендер, өздері айтып жүрген еш белгі жоқ Исатайдың зиратын қалай таппақшы?…
Сонымен, жоғарыда айтылғандар негізінде Исатай батырдың Шолақмолада емес, Шейітсайда жерленгендігі туралы деректер шындыққа әлдеқайда жақын деген қорытындыға келеміз.
Соңғы жылдары республикалық баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларда батырдың және оның баласы Оспанның Шейітсайда жерленгендігі туралы деректердің әлдеқайда нанымдырақ екендігін де айтқымыз келеді. Сондықтан да бұдан былай «Исатай батыр Шейітсайда жерленген» деген тұжырымға біржола тоқтап, бұл мәселеге байланысты әртүрлі алып-қашпа әңгімелерді доғарған жөн. Тек осындай тиянақты шешімге келген жағдайда ғана Исатай батырдың зиратына кесене тұрғызу туралы мәселені таяу мезгілде шеше аламыз.
Аманкелді ШАМҒОНҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-өлкетанушы.
РЕДАКЦИЯДАН: Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Исатай батыр және ол бастаған көтеріліс – тарих беттеріндегі ең маңызды парақтардың бірі. Біз батырларымызды біліп қана қоймай, оларды бүгінгі ұрпаққа дәріптеуге тиіспіз. Ендеше, ел тарихын ақтаңдақтардан арылту мәселесіне мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан үлкен бетбұрысты пайдаланып, Шейітсайға кесене орнатып, батыр алдындағы парызымызды өтейтін кез жетті.