![Инклюзивті білім - мүмкіндіктер алаңы 1 caf4a742 75cf 439d 82bc 647ca9e1b89c](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/caf4a742-75cf-439d-82bc-647ca9e1b89c-780x470.jpeg)
Инклюзивті білім — мүмкіндіктер алаңы
Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ғана емес, бұл сонымен қатар, болашақта экономикалық дамудың маңызды кепілі. 2020 жылдан бастап қазақстандық мектептер инклюзивті болды. Заң бойынша, елдің барлық азаматына жеке мүмкіндіктеріне қарамастан, білім берудің қолжетімділігіне кепілдік беріледі. Бірақ іс жүзінде инклюзивті білім беру мәселелері әлі де өзектілігін жойған жоқ.
![Инклюзивті білім - мүмкіндіктер алаңы 2 d3f65af1 2ad4 415f 96c2 ebc12b49be67](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/d3f65af1-2ad4-415f-96c2-ebc12b49be67-1024x683.jpeg)
Білім берудің осы бағытындағы түйіні шешілмеген түйткілдерді талқылау мақсатында Д.Қонаев атындағы «BINOM» мектеп-лицейінде облыстық “Асыл жүрек” конференциясы ұйымдастырылды. Бұл жолғы конференция – жоспар бойынша өтіп жатқан төртінші іс-шара екен.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Инклюзивті білім беру» орталығының директоры Светлана Ісмағұлова, Астана қаласындағы BINOM мектеп-лицейлері желісінің мамандары, облыстың білікті педагогтері тақырып төңірегінде маңызды зерттеулерімен, мазмұнды баяндамаларымен таныстырды.
![Инклюзивті білім - мүмкіндіктер алаңы 3 98b2774a 25af 47c9 8869 13b19e55a715](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/98b2774a-25af-47c9-8869-13b19e55a715-1024x683.jpeg)
Сонымен қатар үздік отандық және шетелдік педагогикалық тәжірибелерге негізделген шеберлік сыныптар өткізілді.
Өңірдің 300-ге жуық педагогі қатысқан іс-шара орта білімнің сапасын арттыруға септігін тигізетін ауқымды әрі нәтижелі жобалардың бірі болды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН