Жарнама
Қоғам

Инклюзивті білім беру – тең мүмкіндік, ортақ жауапкершілік

Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясы – еліміздің білім беру жүйесінде маңызды бетбұрыстың бастамасы болды. Әсіресе, конференцияда көтерілген өзекті тақырыптардың қатарында инклюзивті білім беру тәжірибесін жетілдіру мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық.

Ерекше балаларды дамыту орталығының және “Belyes” инклюзивті кофеханасының жетекшісі ретінде мен бұл қадамды толық қолдаймын. Өйткені инклюзивті білім беру мен инклюзивті ортаны дамыту — бұл тек ерекше қажеттілігі бар балалар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін адамгершілік пен жауапкершіліктің көрінісі. Барлық баланың сапалы білім алуға, дамуға, әлеуметтенуге тең құқығы бар. Осы құқықтың іс жүзінде орындалуы – өркениетті елдің белгісі десек артық айтқандық емес.
Бұл бағытта бүгінде “Зейін-Атырау” ерекше балаларды дамыту орталығы жанынан ашылған инклюзивті кофеханада бірқатар жұмыс атқарылуда. Қазірдің өзінде оннан аса ерекше бала қоғамға әлеуметтеніп, кофеханада қызмет көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды арттырып, балаларды қоғамға қызмет көрсетуге әлі де бейімдей түсеміз.

Бұдан басқа айтарым, Елордадағы конференция аясында ұсынылған жаңа бағдарламалар мен цифрлық шешімдер мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу процесін анағұрлым икемді әрі қолжетімді етуге жол ашады. Сонымен қатар, мұғалімдердің инклюзивті білім берудегі құзыреттілігін арттыру, ата-аналармен жұмыс істеудің тиімді әдістерін енгізу – қазіргі таңда басты қажеттілік.

Инклюзивті мектеп – бұл қайырымды, ашық қоғамның негізі. Мұндай ортада балалар бір-бірін түсінуге, қолдауға, құрметтеуге үйренеді. Ал бұл қасиеттер болашақта мейірімді, әділ, бір-бірін қабылдай білетін азаматтарды қалыптастыруға негіз болады.

Сондықтан инклюзивті білім беруді дамыту – тек білім саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін естен шығармауымыз керек. Бұл бағыттағы нақты шешімдер мен қолдау тетіктері алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асады деп сенемін.

Әнуар БЕГІСБАЕВ,
“Зейін-Атырау” ерекше балаларды дамыту орталығының жетекшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button