«ИНДЕР КҮМБЕЗІНІҢ» екінші тынысы
Ауқымды жоба 2011 жылы «Өңірлік үйлестіру» кеңесіне ұсынылып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруға мақұлданды. Гипохлорит натрий өндіру зауытының құрылысына «AziaCreditBank» банкінен 290 млн. 300 мың теңге несие берілді. Ресейлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зауытта жұмыс жасайтындардың дені – индерліктер.
Мұнда негізінен тәжірибеде су мен тұзды араластырып, екеуінің ерітіндісінен ПИЖМ-565414.002 аппараты арқылы гипохлорит натрий алынады. Зауыт жеті ваннадан тұрады. Тәулігіне 100 текше метр суды тазалап, натрий гипохлоридін шығарады. Жалпы, мұнда су залалсыздандырылады, дезинфекцияланады. Тұрмыстық заттарды, ағартқышты (белизна) шығару да қолға алынуда. Соның нәтижесінде, зауытта алты-жеті өнім түрі өндірілмек.
Қазақстанда жасалған отандық өнім Атырау облысы үшін ғана емес, республика үшін де маңызды. Натрий гипохлориді еліміздегі таза су дайындайтын мекемелермен бірге медицина мекемелері, азық-түлік және химия өнеркәсібі, әскери және тәртіптік ведомстволар, ауыл шаруашылығы үшін де қажетті.
Біздің мекеме, сонымен қатар, техникалық тұзды да шығарады. Арнайы станоктың көлемімен кірпіш тастың көлеміндей болып жасалып, кептірілетін тұз ауыл шаруашылығына, соның ішінде малға арнайы дайындалады, сондай-ақ астма ауруына қарсы ем ретінде де пайдаланылады.
Дендер тұзды көлін кешенді игеріп, ашық әдіспен техникалық және ас тұзын өндірумен айналысатын мекемеміз 2003 жылы құрылған. Бүгінде ол елдегі ас тұзы мен техникалық тұзды жеткізушілер шоғырының алдыңғы легінен көрініп жүр. «Тұздың» өнімін тек қазақстандықтар ғана емес, «Бейкер Хьюз Сервис Интернэшнл», «Халлибуртон Интернэшнл», «Теңізшевройл», «Интергазсервис», «ЭраОйл» секілді шетелдік ірі мұнай компаниялары да пайдаланады. Өнімнің жоғары сапалылығы мен әлеуметтік жауапкершілігі үшін серіктестік бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен, дипломдармен марапатталды.
Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған Еуразиялық экономикалық одақ өндірісімізге жаңа дем береді, тынысын ашады деп сенеміз. Өйткені, біздің «Индер күмбезіндегі» мол байлықты бұрынғы Кеңестік Одақ көлемінен табу қиын. Сондықтан, оған сұраныс та ерекше артуда. Жаңа құрылым жаңа мүмкіндікке жол ашатыны анық.