ИМАМДАРДЫҢ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтан білгеніміздей, талқыланатын тақырып – дін саласындағы өзекті мәселелер және олардың шешімін табу жолдары болмақ. «Форум аясында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту тұжырымдамасы», «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі» және «Имамның тұлғалық келбеті» сынды дін саласы үшін маңызды құжаттар қабылданады деп күтілуде.
«Өкінішке орай, қазір исламның өзіне қарсы шығып жатқан ағымдар көбейіп кетті. Осындайда біздің имамдарымыздың, жалпы мешіттердің жұмыс бағыты қандай болуы керек?» деген сұрақтың нақты жауаптары табылады деген сенімдеміз» дейді облыстың бас имамы.
Мүфтият өкілінің сөзіне қарағанда, форум барысында Отанға деген құрмет, Әбу Ханифа мәзһабының насихатын күшейту, теріс ағымдардың таралуының алдын алу, иман шарты, исламның өзге діндермен қарым-қатынасы сынды өзекті мәселелерді қоғамға дұрыс жолмен жеткізу жолдары қарастырылады. «Ең бастысы, қабылданатын құжаттардың барлығы еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды. Және олар қажеттіліктен туындап отыр. Форум жас буынның жүрегіне, отбасына, қоршаған ортаға, салт-дәстүрлерге деген құрмет қалыптастыру мақсатын көздейді» дейді орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.