ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР КЕШКЕН АҒА
Осыған орайластырылып, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өткізілген қаралы жиында алғашқы сөз кезегін Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев алды.
-Қадірменді жамағат, міне, біз бүгін қазыналы да қасиетті өлкеміздің тағы бір айтулы азаматын ақтық сапарға шығарып салғалы жиылып тұрмыз,-деді Ғұмар Ислямұлы. — Ол – есімі барша атыраулықтарға белгілі Ғатау Нәсіпқалиұлы Ибішев ағамыз. Жетпіс бес жасқа қараған шағында дүниеден озып, ортамыздан кетіп отырған бұл азаматтың өткен өмір жолына көз салсақ, оның өнегемен өрілген ғибратты ғұмыр иесі болғанын көреміз. Осыдан жетпіс төрт жыл бұрын қасиетті Манаш елді мекенінде кіндік қаны тамып, осы өңірде алғаш мектеп табалдырығын аттап, жоғары білім алу жолында Алматыға аттанған ағамыз өмірінің саналы бөлшегін өзінің туған жерінде өткізді. Осы өлкенің ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге арнап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып, сүбелі үлесін қосты. Мұның сыртында, Ғатау Нәсіпқалиұлының өнегелі отбасының отағасы бола жүріп, аймақтың мәдениеті мен өнерінде, рухани тұрғыдан өрлеуінде өзіндік өрнегі мен қолтаңбасын қалдырған, осынау киелі өнер жолында шәкірттердің талай буынын тәрбиелеп, қияға қанат қақтырған ұстаз, үлкен жүректі азамат болғанын да жақсы білеміз,–деп жалғастырды сөзін Ғұмар Ислямұлы. — Әрине, осындай қадірлі де қимас азаматтармен, елге тұтқа болған ағалармен қоштасудың да оңай еместігін түсінеміз. Сол себепті де облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтің және өзімнің атымнан марқұмның отбасы мен ағайын-туыстарына, балаларына, сондай-ақ, осы жерге аза тұтып келген барша атыраулықтарға қазаның артының қайырын берсін, асыл ағамыздың жаны жәннатта, топырағы торқа болғай, иман байлығын бергей, алдынан жарылқап, артында қалғандарға шапағатшы болсын,-деп тілек етемін.