ҒИБРАТ АЛАР ҒҰМЫР
Жер қойнауының байлығын зерттеп, топограф болуды қалаған жасөспірім ел шетіне жау тигенде қолына қару алып, майданға аттанды.
Ленинградтағы байланысшылар дайындайтын училищені бітіріп, аға радист ретінде инженер-саперлер батальонында әскери міндетін атқарды. Бұл бөлімнің қызметі ауыр, жұмысы жауапты болатын. Жау тылына жарылғыш миналар қою, жау әскерлерінің жеке құрамдары және қару-жарақтарының шоғырланған нүктелерін барлап, әскери штабқа мәлімет жеткізу — негізгі жұмыстары еді. Кез келген жауапты тапсырманы тиянақты орындағанының куәсі ретінде екі рет «За отвагу», «За боевые заслуги» медальдарын өңіріне тақты.
Соғысқа бастан-аяқ қатынасып, бірнеше қала, елді мекендерді азат етуге атсалысқан кешегі жауынгер бейбіт күнде топограф болып, мұнай барлау экспедициясына қарасты геологиялық іздестіру кеңсесінде ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұзақ жылдар ардагерлердің бастауыш ұйымын басқарды.
Осыдан екі жыл бұрын Байжан Өмірбайұлының торқалы 90 жасын атап өткенде «Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге тойлайық» деп құттықтап едік, шүкір, сол тілек орындалып, нағыз батырларша 9 мамырда бірге болып, келесі күні дүниеден озды. Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ардагердің есімі ел есінде қала бермек.
Әліпқали БЕКЕШ,
Атырау қалалық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.