Жарнама
Қоғам

Қиғаш пен Жемді тел емген

Ертең торқалы тоқсан жастың төріне көтерілгелі отырған Милләт Сабырқызының өмірбаяны өңір тұрғындарына аян, еңбек жолы баршаға белгілі. Оны қайталап жату артық тәрізді. Сондықтан, соңынан ерген сіңлілерінің бірі ретінде оның адами қасиеттерін сөз еткенді жөн көрдім.

ғибрат

Біздер, кезінде аймақта азды-көпті билік тұтқасын ұстаған әйелдер, оны өзімізге апа тұтамыз. Көбіне ол – басшы, біз – қосшымыз. Барлық шаруаны ақылдасып отырамыз, сол кісінің бағыт-бағдар бергенін қалаймыз. Онымыз да жөн. Өйткені, апамыздың өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп. Құрманғазыда қанаттанып, Жылыойда жарқыраған жанмен әр сырласу – өз алдына өмір мектебінен өткенмен тең. Қиғаш пен Жемді тел емген оның айтары да баршылық.

Милләт Сабырқызы кеңестік кезде алдымен Теңіз, кейін Ембі  аудандарында атқару комитеті төрайымы болған облыстағы жалғыз әйел еді. Содан 1983 жылы Индер ауданында осындай қызметті атқарып, апамыздың қатарына мен де қосылдым. Сөйтіп, ерлермен бірге жүріп, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге біз де үлес қосқанбыз. Аупартком саяси орган ғой, оған жалпы басшылық жүктелетін. Ал, барлық қара жұмыс атқару комитетінің мойнында еді. Қысы-жазы күн-түн демей, алыс қыстақ пен жайлауды аралап, малшылардың тұрмысын жақсарту, төрт түліктің жем-шөбін қамдау тәрізді сан алуан шаруаның басы-қасынан табылатынбыз. Қазіргідей кабинетте отыру жоқ, оқиғаның ортасында жүретінбіз. Рас, бастапқыда жүрексіндім. Сондай шақта облыстық деңгейдегі жиналыстарда кездесіп қалатын апамыз күш беріп, қолтығымнан демейтін. «Нұржиян, — дейтін ол, — сен ештеңеден тайсалма, батыл бол. Біз ер адамдардан артық болмаса, кем жұмыс жасамаймыз».  Жаспыз ғой, маған осындай ақыл-кеңес керек-ті. Онымен әр кездесуден бойыма қуат алатынмын.

Сол апам көп ұзамай  зейнеткерлікке шығып, Гурьевке көшіп келді. Сол кезде де хабарласып тұрдық. Уақыты жеткенде маған да еңбектен қол үзуге тура келді. Жә, еш ренжігеніміз жоқ. Орнымызды жастарға босатып, оларға сәттілік тіледік. Мен де облыс орталығына қоныс аудардым. Енді апамызбын бұрынғыдан да жиі араласа бастадық. Кейде түрлі шаруалардан босамай, ұзағырақ байланыспай қалсақ, апайымыз «Ау, сендерге не болды? Неге хабарласпай жатырсыңдар? Үйге келіп, шәй ішіп кетпейсіңдер ме?» деп біраз тұқыртып алады. Содан бір-бірімізге қоңыраулатып, жиналып апайға келеміз. Мол дастархан басында апай «айналайын» деп бастап, әңгіме өрбітеді. Сергіп қайтамыз.

Жалпы, біздің ұрпақтың бағына орай, өмір жолымызда жақсы адамдар жолықты. Әсіресе, Саламат Мұқашевтың қамқорлығын әлі ұмытқанымыз жоқ. Ол кісі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы еді ғой. Адам тани білетін, кадрларды сәтті орналастыратын. Кейін зейнетке шыққан соң жазған кітабында «Мен әйел адамдарды басшылыққа көтергенде кейбіреулер сенімсіздік танытты. Бірақ, Милләт Сабырқызы, Нұржиян Абдолқызы, Мәдина Ғабдысәлімқызы міндеттерін абыроймен атқарды. Олар ер адамдардан да артық жұмыс жасады» деп жазыпты. Оқығанда қатты қуанып қалдық. Кезінде өзімізге жөн сілтеген жанның жоғары бағасына көңіліміз көтерілді.

Милләт апайдың әдебиетке құштарлығы, қолы қалт еткенде өлең жазатыны бүгінде көпке мәлім. Біздің кезімізде үлкен де, кіші де қолынан кітабын тастамайтын еді ғой. Сол ұрпақтың білімді болып жетілуі де содан шығар. Бірақ, бәрі ақындықтың ауылына ат басын бұрған жоқ. Ал, апамыз Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова секілді қазақтың бетке ұстар ақын-жазушыларымен жақсы араласты. Дастархандас болып, пікір алмасты. Айтпақшы, апай институтта Бердібек Соқпақбаев, Серік Қирабаев, Шәмшиябану Сәтбаева, Рабиға Сыздықова сияқты елімізге танымал жандармен бірге оқыған. Кейін Б.Соқпақбаев кітабында «Қызыл телпек, келте мұрын қара қыздың (апамызды осылай бейнелепті – Н.А.) білімін одан әрі жалғастырып, Алматыда қалып қою мүмкіндігі бар еді» деп жазады. Алайда, ауылда ұжымшарда төраға міндетін атқаратын әкесінің аяқ астынан қайғылы қазаға ұшырауы оның туған жеріне оралуына себеп болды. Талант – адамға Алланың берген сыйы. Кейде ойлаймын, егер Милләт Сабырқызы ел басқару тізгінін жинап тастап, шығармашылыққа ден қойса, онда арқалы ақын, заңғар жазушы шығар ма еді, кім білсін? Ал, апайдың өжет мінезі, батыл болмысына қарап, оның қаламынан шыншыл туындылар туарына сенім де мол.

Милләт Сабырқызының жолдастары көп. «Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген бар ғой. Сол апайға арнап айтылғандай. Бұл кісі адамды алаламайды. Бәрін бауырына тартады. Жатты жақын ететін жан. Бізден басқа да үйінен кісі арылмайды. Түрлі себеппен келгендердің бір тобы тарап жатса, екіншісі табалдырықтан аттайды. Солардың бәріне келіні Ләззат қабақ шытпай, қызмет көрсетеді. Қазақ «жақсы келін – үйдің берекесі, жаман келін – елдің келекесі» дейді. Апайдың ұлы Бауыржанға серік болған Ләззатжан – бәріміздің мақтанышымыз.

Ақыры апайдың отбасына ойыстық қой, одан әрі жалғастырайық. Табылған ағамыз өмірден ерте өткенімен, Милләт Сабырқызы ерінен қалған үш қыз бен бір ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Бүгінде бәрі де өмірден өз жолдарын тапты. Қарашаңырақты Бауыржан ұстап отырса, Эльза, Рита мен Салтанат өз алдарына отау тікті. Қыздарының бірі ұстаз, екіншісі дәрігер, үшіншісі мұнайшы болып еңбек етеді.

Апай біраз жыл Ұлыбританияда тұрды. Шетелдік компанияда жұмыс жасайтын ұлы Бауыржан сол жаққа отбасымен іссапарға барғанда бірге аттанған. Қашан да белсенділігімен ерекшеленіп, көптің ортасында жүретін Милләт Сабырқызы мұнда да көш басынан көрінді. Қазақстанның осы елдегі сол кездегі елшісі Ерлан Ыдырысов бірде дастархан басында «Апай, көргеніңіз де, көңілге түйгеніңіз де көп. Осындағы алпыс шақты адамнан тұратын 14 отбасына бас болсаңыз қайтеді?» деп қолқа салған. Содан апамыз шабыттанып кетеді ғой. Сырт жерде қазақтың қағидалары мен салт-дәстүрі жарқырап көрінеді. Наурыз мерекесі, бесік тойлар аталып өтеді. Алтыбақан ілініп, жастар әнге басады. Жергілікті тұрғындар қазақтың көжесі мен бауырсағынан дәм татып, мәз болады.

Мұның бәрі, қазір ойлап отырсам, Елбасы айтып жүрген нағыз патриоттық тәрбие екен. Қазақ – қайда жүрсе де қазақ. Туған жердің саф ауасын аңсау, жусан иісін сағыну – әр қазақтың бойында болуы тиіс қасиет. Міне, Милләт Сабырқызы осындағы қазақстандықтардың бойына соны сіңіруге тырысты. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, дүние жүзіне «темір леди» атымен танымал Маргарет Тэтчер дастарханында болды. Құдіретті мемлекетті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған ол апайымызға разы болып, «Сіздің халық туралы мүлде білмейді екенмін, әлемде сіздердей ақжарқын, қонақжай, ілтипатты ел барына әбден көзімді жеткіздіңіз» деп қолтаңба қалдырған.

Сол Лондонда жүріп, Париж бен Римге сапар шекті. Соңғысында елшілік қызметте жүрген Олжас Сүлейменовпен кездесті. Арқалы ақын, белгілі қоғам қайраткері апайдың ақ батасын алыпты. Айтпақшы, Ұлыбритания сапары отбасына да өзгеріс әкелді. Бек есімді немере сонда өмірге келді. Бүгінде апайдың үш қызы мен бір ұлынан 12 немере, төрт шөбере бар. Алла бергенінен жаңылмасын, ұрпақ сабақтастығы деген, міне, осы. Ендігі тілек – солардың қызығына кенеліп, қайғысыз ғұмыр кешу.

Милләт Сабырқызының ел алдындағы еңбегі елеусіз емес. Ол қос мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Құрманғазы және Жылой аудандарының, Атырау қаласының Құрметті азаматы атанды.

Ертең – Милләт Сабырқызының туған күні. Апамыз торқалы тоқсанның төріне шығады. Бұл – бір отбасының емес, қазыналы өңірдің ортақ тойы. Алыс-жақыннан құттықтау жеделхаттары жетеді. Апайдың ақшаңқай үйінің есігі айқара ашылып, ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаран мен көрші-көлем ағылады. Бәрі де апамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейді. Біз де сондай тілеулес жандар қатарындамыз.

Нұржиян АБДОЛОВА,

Қазақстан Республикасының

 еңбек сіңірген қызметкері, қоғам қайраткері.     

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button