Хиуаз Доспанованың мүсіні мектеп алдынан бой көтерді
Кеше Мұнайлы астанасы – Атырауда қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш, жауынгер, батыр, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жылдығына арналған мерекелік салтанатты шаралары өтті.
Солардың бірі қаламыздағы Хиуаз Доспанова атындағы жалпы білім беретін орта мектептің алдында апамыздың мүсіні орнатылды. Мерекелік шараға Хиуаз апамыздың ұлы Е.Амиров, Мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері И.Елекеев, Қалалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Мұсағали, Қазақстан халық партиясының төрағасы, қалалық мәслихатының депутаты Е.Дәулетқазиев, Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары А.Хұсынов және т.б. қатысып, жиналған қатысушыларға құттықтау лебіздерін жолдады.
Хиуаз апамызды еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жариялап, кейін қайта орнатылған мүсіннің алдында барлық қатысушылар гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында Ұлттық ұланы №5646 әскери бөлімі оркестрдің дирижері ІІІ сынып сержанты Р.Урикешовтың сүйемелдеуімен бірнеше музыкалар орындалып, мектеп ұстаздарынан құрылған хор соғыс кезіндегі әндер шырқалды. Ақтөбеден арнайы «Әлия гүлі» би ансамблі келіп, өз өнерлерін көрермендерге паш етті.
Атырау облыстық Ардагерлер кеңесі Халық қаһарманы және қоғам қайраткері, офицер-ұшқыш Хиуаз Доспанова медалімен Х.Доспанова атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры Д.Далиев марапатталды.
Шараның жалғасы Х.Доспанова атындағы орта мектептің құрылғанына 70 жылдық мерейтойымен жалғасты.
Руслан Хамза,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі