ХАТ ЖАЗДЫМ, ҚАЛАМ АЛЫП…
Мәселен, Ата заңымыздың айтулы күніне орай жолданған бірнеше хаттың түйгені біреу. Ел тыныштығы мен тұтастығы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, қоғамның басты байлығы адам деп жоғары бағалаған айшықты заңымыздың атаулы күніне орай келіп түскен хаттардың айтары ойы осы.
Мәселен, бірнеше жылдар бойы тұрақты оқырмандарымыз қатарынан табылып келе жатқан ҚР ІІМ құрметті ардагері Құрмет Нұрсариев өз жазбасында «Халықтық жалпы дауыспен референдумда қабылдаған Конституция барлық заңдардың бастауы болып қана қоймай, еліміздің тарихи дамуының алтын діңгегіне айналды. Ата заңымыз – табандылықтың, қырағылықтың, тапжылмас қайнар бастауы. Қазақстан Республикасының Конституциясы – кең байтақ еліміздің, еркіндікті аңсаған халқымыздың қайырылған қанатын жазған, болашаққа батыл қадам жасауына мол мүмкіндік берген, талай адамның арманын ақиқатқа айналдырған шын мәніндегі Алтын заң» дей келе, аталық батасын да жолдап, ел тыныштығын тілейді. Ал, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының бас маманы Жанаргүл Жолдыбаева «Әр елдің жазылған, жазылмаған өз конституциялары бар. Қазақ елінде аталмыш идеялар Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәуке ханның Жеті Жарғысында нақты көрініс тапқан. Қазан төңкерісінен кейін кеңестер құрамындағы тұңғыш мемлекеттік конституциямыз 1924 жылы, одан кейін 1937, 1978 жылдары қабылданғанын баршамыз жақсы білеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған алғашқы Ата Заңымыз егемендігіміздің талаптарына толықтай жауап бере алмады. Адамдардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандарының жұмысын жүзеге асыру нақтыланбады. Бұрынғы кеңестік жүйенің ескі әкімшілік-әміршілдік қағидаттарын басшылыққа алған аталмыш Конституция шын мағынасында уақыт талабына жауап бере алмады. Осы мәселелердің бәрі ескеріле келе 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата Заң қабылданды» деп тарихи жазбалардан сыр шертеді.
Сол секілді дін тақырыбы да қазіргі қоғам үшін аса өзекті мәселенің бірі болып отырғаны анық. Осы ретте облыс көлемінде кешенді түрде жүргізіліп жатқан түрлі шаралардың тура жолдан адасқан жастарға үлкен көмек болары белгілі. Газетімізде де бұл тақырып ұдайы көрініс табумен келеді. Айтар ойын ақ қағазға жазып, редакция поштасына жолдаған бір топ хат та осы тақырыпты қаузайды.
Адалдық пен ықылас айы Рамазан мен ораза тұтудан болар сауап жайын егжей-тегжейлі талдаған Әт-тақуа мешітінің имамы Нариман Мәжитұлы «Шын жүрегімен иман келтірген адам оразасын Жаратушысына арнайды. Алланың елшісі (с.ғ.с) айтты: «Ораза тұтушының екі қуанышы болады: бірі – аузын ашқанда, екіншісі – Алланың алдына барғанда. Бірінші қуаныш ақшам намазын хабарлап, азан шақырғанда болады. Ораза тұтушы күні бойы өзіне тыйым салынған нәрселерге рұқсат есігінің ашылғанын түсінеді. Екіншісі – сөзбен айтып жеткізіп болмайтын орасан зор қуаныш. Ораза тұтушы ол қуанышын қиямет күнінде Алланың алдына барғанда көреді, — деп жазады. Ал, Құрманғазы ауданынан келген Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Таңатар Дәрелұлының хатында арақ-шарапсыз өткен тойдың барысы сипатталып, үлгі аларлық тұсының мол болғандығы сөз болады. «Той иесі осы жақсылыққа ішімдік қоя алмағандығын айтып, «тұңғыш баламның тойына рухани кең тыныс беріп, барынша ата-дәстүрді негізге алып, жаңаның жақсысын үрдістеп өткізуді ниет еттім. Есесіне, әнші-жыршыларым, күйші-бишілерімнің өнері молынан» деп айтып өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ән-бимен көмкерілген әсем тойдың барысында тіпті ащы суды жоқтағандар болмады да» деген хат иесі жалпы тақырыпқа қатысты жайттарды да айтып өтеді.
Кім-кімге де туған жері қашан да ыстық. Атқарушы биліктің араласуымен Байшонас, Ескене елді мекендерінің қалаға қоныстануы – өңір үшін айта қаларлық оқиғалардың бірі болғаны анық. Қаламыздың «Тұлпар» мөлтекауданына көшіп келген сол ауыл тұрғындары атынан жақсы жағдайларға қол жеткізіп, тұрмыстары түзелгені үшін осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын жеткізген Көңілқос Шамғонов өз хатын ақ батамен аяқтайды.
Көршілес Ақтөбе облысынан келген хат та алғыс арқалаған. Танымал геолог-ғалым Таумұш Нұрышұлының 95 жылдық мерейтойының Атырау облысында кең көлемде аталып өткенінен хабардар болған зейнеткер Тілек Майкөзов інісі ретінде осы шараны жоғары деңгейде өткізген аймақ басшыларына ақжарма алғысын жеткізіп, өңірдің өрістеуін тілейді. Сол секілді «Таумұш ағаның туған ауылына бюстін орнатып, орталық көшелердің біріне атын берсе» деген тілегін де жеткізіпті.
Міне, сіз жолдаған үшбу хаттың бірсыпырасы. Айтар ойыңыз бен түйткілді мәселеңіздің шешімін табу қажет болса, хат жазыңыз…
Гүлжан ӘМІРОВА