Ханафи мәзһабының хадис мәтіндерінен алар орны
Деректерге көз жүгірту арқылы, Имам Әбу Ханифаның хадис үйренуге өте қатты көңіл бөлгенін көреміз. Ғалым Зәһәби «Сияру Ағламин-Нубәлә» атты еңбегінде Әбу Ханифаның хадис үйренуге ықыласпен мән бергенін және сол мақсатта бірнеше рет сапарға шыққандығын жазады. Әбу Ханифа қасиетті Мекке қаласына сапар шегіп, сол жердің әйгілі ғұламасы Ата ибн Әбу Рабах және Нафиғтан хадис үйренген. Сондай-ақ, ол Куфаға келген ғалымдардан да хадис тыңдап, олардан пайдаланып қалуға тырысқан. Надр ибн Мұхаммад әл-Қурайши әл-Марузидің айтуы бойынша Яхия ибн Сағид әл-Ансари, Һишам ибн Уруа және Сағид ибн Аби Аруба сынды ғалымдар Куфаға келгенде Әбу Ханифа: «Мына келген кісілерде біз тыңдайтын хадис табылып қалар, барып көріңдер» деп шәкірттерін хадис үйренуге үгіттеген.
Имамның өзінен жасы кіші ғалымдардан арланбай хадис үйренуі оның хадиске ерекше мән бергенін көрсетеді. Ашһаб ибн Абдулазиз Әбу Ханифаның имам Маликтің алдында құдды әкесінің алдында тұрған баладай аса құрметпен тұрғанын көргенін жеткізеді. Міне, бұл оның ілім мен ғалымдарға көрсеткен ізет-құрметіне және хадис үйренуге деген зор ықыласына айғақ болады. Ғалымның өзінен он үш жас кіші имам Маликтің алдында бұлай әдеп көрсетуін Пайғамбар (с.а.у.) хадисін құрметтеуі деп те түсіну керек.
Малики мәзһабының имамы Малик те Әбу Ханифаны құрмет етуден шет қалмаған. Оның мешітке дейін имам Әбу Ханифаның қолынан ұстап барғаны, мешіттің есігіне келгенде Әбу Ханифаға жол беріп, құрмет көрсеткені деректерде жазылған. Бұдан біз ғалымдардың бір-біріне деген құрметінің аса зор болғанын аңғарамыз.
Имам Шафиғидің айтуы бойынша имам Малик өзінен «Әбу Ханифаны көрдің бе?» деп сұраған кісіге: «Иә, оны көрдім. Ол мына бағананы алтын десе, алтын екенін дәлелдеп шығатын адам еді» деп жауап берген. Имам Маликтің бұлай жауап беруі Әбу Ханифаның оның назарында үлкен ғалым болғанын көрсетеді.
Хафыз әс-Самғани «әл-Әнсаб» атты еңбегінде Әбу Ханифа жайлы былай дейді: «Әбу Ханифа өмірін ілім жолына арнады. Сол жолда өзгелер бағындыра алмаған биіктерді бағындырды. Ол Аббаси халифасы Мансұрдың құзырына кіргенде, Иса ибн Муса Мансұрға оны меңзеп: «Мынау осы күнгі жер жүзінің ең үлкен ғалымы» дейді».
Хафыз әл-Миззи «Тәһзибуль-Кәмәл» атты еңбегінде Мәкки ибн Ибраһимнің: «Әбу Ханифа өз заманының ең білгір ғалымы еді» деген сөзін келтіреді. Қазылардың қазысы Әбу Юсуф: «Хадистің тәпсірін Әбу Ханифадан жақсы білетін ғалым көрмедім» деген. Хатиб Бағдади Ахмад ибн Мұхаммад әл-Бәлхиден Шәддәд ибн әл-Хакимнің: «Әбу Ханифадан асқан білгір ғалым көрмедім» деген сөзін жеткізеді.
Әбу Ханифа өмір сүрген кезеңде ілім дегенде ойға тек Құран мен хадис ілімі ғана оралатын. Себебі, ол кезеңде Ислам ілімдері бүгінгідей әртүрлі салаларға әлі бөлінбеген-тұғын. Хафыз әз-Зәһәбидің: «Логика, Жәдәл сынды ілімдер сахаба мен табиғиннің, Аузағи, Сәури, Мәлик және Әбу Ханифаның үйренген ілімдері болмаған. Олардың ілімдері Құран мен хадис ілімдері болған» деген сөзі осының айғағы. Ол уақытта Құран мен хадисті ең жақсы білген ғалым ең білгір ғалым болып табылды. Олай болса, замандастарының Имам жайлы жоғарыда келтірілген «ең білгір ғалым» деген сөздерін «Құран мен хадисті ең жақсы білген ғалым» ретінде түсінген дұрысырақ болады. Осыған орай, Әбу Ханифаны хадис ілімін терең меңгерген үлкен ғалымдардың бірі деп айту артық айтқандық емес.
Фиқх ілімінде Пайғамбардың (с.а.у.) хадистерін, сахабалар мен табиғиндердің пәтуалары мен кереғар көзқарастарын (ихтилаф), үкімдік күші жойылмаған және күші жойылған аяттар мен хадистерді білместен пәтуа беру әсте мүмкін еместігі мәлім. Бұл жайлы Имам Мұхаммед ибн Хасан: «Құран мен сүннетті, сахабалардың пәтуаларын және алғашқы фақиһ ғұламалардың тұжырымдарын білген кісі ғана туындаған мәселелерде өз пікірін білдіре (ижтиһад ете) алады» дейді. Олай болса, мұсылман ғалымдар Әбу Ханифаны «ең үлкен фақиһ», «имам» әрі «мұжтаһид ғалым» сынды жағымды сипаттармен дәріптей отырып, оның хадистерді жоғары дәрежеде меңгерген ғалым екенін де мойындаған болып табылады. Себебі, аз ғана хадис білетін кісіні «имам», «мұжтаһид» сынды ғылыми дәрежемен сипаттау әбестік болар еді.
Хадис ілімінде жеткізушілер тізбегімен (сәнәд) бірге жүз мың хадис білетін кісі хафыз, деп аталады. Мұндай хафыз ғалымдардың өмірбаяны жайында арнайы еңбектер жазылған. Сол хафыз ғалымдар хақында жазылған кітаптарда Әбу Ханифаны да кездестіреміз. Солардың бірі — хафыз әз-Зәһәбидің «Тәзкиратуль-Хуффаз» атты еңбегі. Хафыз әз-Зәһәби аталмыш еңбегінде Әбу Ханифаны хафыз ғалымдармен бірге атап өтіп, оған мақтаулар айтқан. Ол еңбегін кіріспесінде: «Бұл еңбек Пайғамбар (с.а.у.) ілімін арқалаған әділ, сондай-ақ, рауилердің (хадис жеткізуші) сенімді немесе әлсіз және хадистердің дұрыс (сахих) немесе әлсіз (даъиф) қабыл етілуінде сөздеріне құлақ асылатын ғалымдарға тоқталып өтеді» деп таныстырған.
Сонымен қатар, ғалым Мақдиси де Әбу Ханифаны өзінің еңбегінде атап өткен. Ол еңбегін кітабының бас жағында былай деп таныстырады: «Бұл — хадис ілімімен шұғылданып жүрген адамның білуі тиіс кейбір хафыз сахаба, табиғин (сахабаға еруші) және әтбағут-табиғиндердің (табиғинға еруші) өмірбаяны қамтылған ықшамды (мұхтасар) еңбек». Аталмыш кітаптың кішігірім еңбек болғанына қарамастан Әбу Ханифаның өмірбаянына тоқталып өтуі Имамның танылуы маңызды хафыздардың бірі екендігін аңғартады.
Хафыз шайхуль-Ислам әс-Салихи әш-Шафиғи «Уқудуль-Жуман фи Мәнақибиль-Имамиль-Ағзам Әби Ханифа ән-Нұғман» атты еңбегінің 23-ші бөлімінде Әбу Ханифаның көп хадис білгендігі және хафыз хадисшілердің алды болғандығы жайында тоқталады. Ол кітабында былай дейді: «Әбу Ханифа алдыңғы қатарлы хафыз хадисшілерден. Хафыз әрі сыншы (мунаққид) Әбу Абдулла әз-Зәһәбидің «әл-Мумтиғ» және «Табақатуль-Хуффазил-Мухаддисин» атты еңбектерінде оны хафыздардың арасында атап өтуі өте орынды болған. Әбу Ханифа хадистерге қатты көңіл бөлмегенде фиқһи мәселелерде мұншалықты үкім шығара алмас еді. Күмәнсіз ол дәлелдерден үкім шығарған білікті ғалым».
Хадис пен сүннетті шариғаттың қайнар көзі ретінде қабыл ету тұрғысынан Әбу Ханифаның өзге ғалымдардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол өзінің бір сөзінде былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.у) айтқан сөздерін естісек те, өзіміз естімесек те қабыл етеміз. Оларға сенеміз және олардың тура хазреті Пайғамбардың (с.а.у.) айтқанындай екендігіне куәлік етеміз». Сондай-ақ Имам шәкірті Осман әл-Бәттиге жазған хатында «Біліп қой, үйренген және адамдарға үйреткен нәрселеріңнің ең хайырлысы – сүннет» деген.
Деректерде Әбу Ханифаның қандай да бір мәселені шешу барысында алғаш Құран Кәрімді, сосын хазреті Пайғамбардың (с.а.у) сүннетін зерттейтіндігі, одан кейін сахабалардың пәтуаларынан қалағанын таңдап алатындығы айтылған. Имам Ағзам Құран мен Сүннеттен дәлел таппаған жағдайда сахабалардың пәтуаларын қарастырған. Бұлардың тысындағы пәтуаларды дәлел етіп алуды міндет деп санамаған. Ол осыған қатысты айтқан бір сөзінде: «Кезек Ибраһим, Шаъби, Ибн Сирин, Хасан, Ата, Саъид ибн Жубайр сияқты табиғиндерге келгенде, олар қалай зерттеу жүргізіп, өз пікірлерін білдірген (ижтиһад еткен) болса, мен де солар сияқты ижтиһад етемін», — деген.
Қорыта келе айтарымыз, Әбу Ханифа «Алланың елшісінен (с.а.у) келген хадистерді қабыл етеміз, сахабадан келгендерді ішінен таңдап аламыз, ал табиғин өкілдерінен пәтуа жеткен болса, олармен жарысамыз» дей отырып, хадис ұстанымын ашық түрде баяндаған. Сондай-ақ, ол «хазреті Пайғамбардан (с.а.у) жеткен хадисті төбемізге қоямыз» дей отырып та, Пайғамбардың хадисіне қаншалықты берік екендігін көрсеткен.
Ерлан АЛПЫСБАЕВ,
теолог-дінтанушы,