
Халықтар достығы — баға жетпес құндылық
Қазақстан — көпұлтты мемлекет, келісім мен бірліктің аясында 130-дан астам ұлт өкілдері қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда тату-тәтті өмір сүруде. Бүгін Атырауда ұлттар достығы тағы бір мәрте салтанат құрғандай болды. Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығының бастамасымен, сондай-ақ қарақалпақстандық “Еділ-Жайық”, өзбекстандық “Ынтымақ” мәдени орталықтарының және «Ватандош» қоғамдық қорының қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Наурыз мейрамы аталып өтті.

Іс-шара театр алаңында ұйымдастырылды, онда ақ шаңқан киіз үй тігілді. Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, ұлттық ойындар ойнатылды.

Ағайын елден келген қонақтарды қарсы алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов осындай керемет мейрам үшін алғыс айтты. «Әз-Наурыз — бүкіл түркітілдес халықтарға ортақ басталуы бар, бірақ соңы жоқ мейрам. Сондықтан бұл дәстүрлі ұлттық мейрамымыз әлі де жалғасын тауып келеді. Халықтар достығы — баға жетпес құндылық, ал қазақ пен өзбек халқын тек көршілік қана емес, терең тарих біріктіреді», — деді Дарын Шамұратов.

Қонақтар атынан «Ватандош» қоғамдық қорының өкілі Хаджиакбар Искаков сөз сөйледі.
Салтанатты іс-шара драма театрдағы мерекелік концертпен жалғасты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ