Жарнама
Қоғам

Х.Ерғалиев ауылындағы жол қашан аяқталады?

Бұл – Атырау қаласынан 60 шақырым жердегі Х.Ерғалиев ауылы. Қалаға ең жақын орналасқан ауылда ішкі жол мәселесі айта-айта жауыр болған тақырыпқа айналды.

Жыл сайын аудан, ауыл әкімдерінің есепті жиынында жиі сөз болатын да, құжатынан қате кетіп жөндеу жұмысы кейінге шегерілетін де, әйтеуір осы ауылдағы ұзынсонар әңгімесінің өзінен жол салуға болатындай түйткіл – ауылішілік жол. Тұрғындардың жартысына жуығы тұратын ауылдың батыс бөлігі мүлдем жол көрмеген. Көпті мазалаған мәселе былтыр шешімін тауып, «жол салынады» дегенде бөркін аспанға атқандар аз болмады. Алайда, тұрғындардың ол қуанышы көпке созылған жоқ. Олай дейтініміз, 2022 жылдың 14 ақпанында «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС-мен отырған келісімшарттың ғұмыры ұзаққа бармады. Нақтырақ айтсақ, мердігердің жұмыс қарқыны мен сапасына көңілі толмаған тапсырыс беруші мекеме – Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі келісімшартты біржақты бұзуға шешім қабылдаған.

Жұмыстың жүру барысына тұрғындар да разы болмапты. Олардың айтуынша, жол салушылар жұмыстың сапасына аса мән бермейді екен. «Жолды биіктетпестен, жермен жексен күйде асфальт төсемек болды. Топырақ төгудің орнына қара жерді күреп, соның бетінен әр жерге құм төкті, оны тегістеп, үстіне қиыршық тас төседі. Оның да бір жері биік, бір жері аласа. Кейбір жерлері 10, 20 см-ден асады. Ал, бізде ой жерлерге жаңбыр суы 30 см-ге дейін жиналады. Мамандар құрылыс бастамас бұрын жеріміздің географиялық жағдайына да қараулары керек еді, балшықты, сорлы жерге тобықтан асатын тас жол салу қаншалықты дұрыс? Рас, таулы жер болса бетіне қиыршық тас төсеп, асфальттап тастауға болар еді» дейді ауыл тұрғыны Асылжан Мұхиденов.

Аудандық бөлім басшылары компанияның заңға сәйкес мердігерлік шартқа қол қойылғаннан кейін 21 күн ішінде тапсырыс берушінің мақұлдауына негізгі техника мен жабдықтау графигін ұсынуы қажеттігін, алайда жауапты құрылым ешқандай жұмыс кестесін ұсынбағанын, ал ол жұмыстың уақытылы басталмауына әкеліп соққанын айтады.    

«ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС келісімшартқа сәйкес 14 тамызда жұмысын жүргізуі тиіс еді. Бірақ, олар құрылысты мамыр айында ғана бастаған. Оның өзінде салған тротуарларын бірнеше мәрте бұзып, қайта жасапты.

– Арнайы мамандар сараптама жасап, жұмыстың сапасыздығын дәлелдеп берді. Алайда, кемшіліктер толық жойылмады. Наурыз айынан бері жұмыс жасау кестесін сұрағанбыз, оны да бермеді. Кейін ешқандай рұқсатсыз жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар, бастапқы жұмысты қосалқы мердігердің атқарғанын білдік. Бұл жерде олар қосалқы мердігер алғаны туралы тапсырыс беруші мекемені хабардар ету қағидасына да мән бермеді. Техникалық қадағалаушы да жұмыстың өрескел бұзушылықпен атқарылып жатқандығы жайлы хат арқылы хабарлап отырды. Оның «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС-нің жұмысына қатысты есебін айғақ ретінде сотқа да ұсындық. Техникалық қадағалаушының өзі де сотқа куәгер ретінде қатысып, атқарылған жұмыстардың талапқа сай болмағанын бүкпесіз баяндады, — деді Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Рита Сейқуатова.

Бірнеше ескертуден кейін кері байланыс болмаған соң аудан әкімдігі 19 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы хабарлама жолдап, 20 маусымда келісімшарт біржақты бұзылған және 24 маусымда Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арыз жолданады. Алайда, сотта ол арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Тапсырыс беруші мекеме апелляциялық шағым ұсынғаны мен, олда қанағаттандырылмайды. Керісінше, «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС біржақты бұзылған келісімшартты заңсыз деп тану туралы Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз жолдап, соттан жеңіп шыққан.    

– «Біздің екі ай шамасында уақытымыз өткенімен, алда келісімшарт мерзімі бойынша 6 айымыз бар еді. Яғни, келісілген 8 ай уақыт толық аяқталмай, келісімшартты біржақты бұзу – заңсыз. Оның үстіне біз жұмыс бастайтын тұста жазғытұрғы жауын мол жауды. Ол туралы синоптиктерден алған арнаулы анықтамаларымыз да бар. Осыларды ескермеген тапсырыс беруші мекеме заңға жүгінуде сәл асығыстық жасады деп есептейміз» деген компания жетекшісі Асқарбек Шамшиденов жолды биіктету туралы тұрғындардың талабына «жобаны дайындағандар жауапты» деп отыр. Ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова компания басшысының «құрылысқа ауа райы кедергі болды» дегенімен келіспейді. «Жұмыс жасауға қиындық келтіретін дей апталап жауған жауынды көрмедік» дейді әкім.    

– 8,6 шақырым ішкі тасжол мен 4,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы 2022 жылдың наурыз айында басталып, желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын. «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС міндетіне алған жұмысты жарты жолдан қалдырып, кейін тапсырыс беруші мекеме сотқа берді. Алайда, соттың қорытындысы қарсы тараптың пайдасына шешілуі себепті келісім шарт қайтадан қалпына келтірілетін болған. Яғни, аталған компания жұмысын қайта атқаруы тиіс. Жалпы, биыл жол құрылысының келесі кезеңінде 15 шақырым ішкі тасжол мен 5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынуы керек еді. Алайда, былтырғы жол құрылысы бітпей, келесі кезеңнің жұмысы жүзеге асырылмайды. Дегенмен, үшінші кезеңнің жобалықсметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтеді,- дейді Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.

Жыл бойы уақытты жол салу емес, соттасумен өткізген тараптар енді қайтадан келісімге келуге мәжбүр. Соттың шешімі солай.

Серікбол Панабердиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button