Жарнама
Қоғам

Ғылымсыз агроөнеркәсіп дамымайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы ғылымының қазіргі жағдайына тоқталып, бұл саладағы қайтарымның әлі де төмен екенін атап өтті.
Президенттің сөзімен айтқанда, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр.

“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бұл мәселені ұзақ жылдар бойы көтеріп келеді. Себебі ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдағы халықтың тұрмыс сапасына, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты қысқартуға тікелей әсер етеді. Ал осы саланың өзегі – ғылым болуы тиіс.

Президенттің “Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес” деген ұстанымы өте орынды.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппай тұрған бірқатар жүйелі проблемалар бар:
Атап айтқанда, ғылыми жаңалықтардың нақты өндірісте қолданылу үлесі өте төмен — коммерцияландыру деңгейі небәрі — 17%. Сала мамандары тапшы — аграрлық жоғары оқу орындарын бітіргендердің 40%-ы ғана өз саласында жұмыс істейді.
Ветеринария, фитопатология сияқты маңызды бағыттар ескерусіз қалуда. Ауыл мен ғылым арасындағы алшақтық күшейіп барады.

Мұндай жағдайда агросаланың бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын. Сондықтан Мемлекет басшысының Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырмасы — аса өзекті әрі маңызды шешім деп есептейміз.

“Ауыл” партиясы ретінде біз аграрлық ғылым мен нақты өндіріс арасында көпір болатын мынадай қадамдарды маңызды деп санаймыз:
Біріншіден, ғылыми кадрларды ауылмен байланыстырған жүйе құру – жас ғалымдар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тағылымдамадан өтсін, ауылмен біте қайнасқан практика арқылы дамысын. Екіншіден, ғылыми зерттеулерді нақты фермерлердің, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сұранысына бейімдеу. Үшіншіден, цифрлық агротехнологияны енгізуге арналған бағдарламаларды қолдау – бұл ауыл шаруашылығын тиімді әрі шығынсыз етуге жол ашады.
Төртіншіден, ауыл шаруашылығы университеттері мен колледждерін нақты агробизнестермен байланыстыру – білім беру мен өндірісті интеграциялау қажет.

Атырау облысы — мұнай-газ саласымен қатар мал шаруашылығы мен бау-бақша, егін шаруашылығына бейім өңір. Бұл бағыттарды дамыту үшін ғылыми сүйемелдеу қажет. Ауылда өнім сапасын арттыру, жаңа тұқым мен технология енгізу – бәрі де ғылыммен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше назар аударуы — ауылды ұмыт қалдырмаудың, қайта жаңғыртудың белгісі. Аграрлық ғылымды дамытпай ауыл өркендемейді. Ал ауыл өркендемесе ел дамымайтыны ақиқат.

Нұртас БАЙЖАНОВ,
«Ауыл» партиясы Атырау өңірлік филиалының төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button