Ғылым өңірдің проблемаларын шешуге бағытталуы керек
Бүгінгі таңда адамзат ғылым мен техниканың жоғары дамыған кезеңінде өмір сүріп жатыр. Сәт сайын бұл салада түрлі жаңалықтар жасалуда. Қазақстанның әлем көшінен қалып қоймауы үшін отандық ғылымның дамуы аса қажет. Егер ғылыми-техникалық процестерді жетілдірмесек, жаңа технология өндіріске келмесе, біз сол бұрынғы табиғи байлықпен күн көріп отырған деңгейден аса алмаймыз. Қазақ жері қанша бай десек те, есепсіз пайдалана беру, тіпті оны өзіміз үшін емес, өзге елдердің қажеттілігі үшін шиізаттай сата берсек, түбінде еліміздің болашағына қауіпті болады. Біз үшін Жапония секілді елдер ғылымды дамытудың үлгісі болуы тиіс.
Қазірде Атыраудың өзінде үлкен мәселелер бар. Кейде адамдар ғылым дегенде күрделі мәселелерді ойға алады. Біздің міндетіміз ғылым тілін қарапайым халыққа жақын болатындай етіп түсіндіре отырып, ғалымдардың зерттеулерін өндіріске әкелуіміз қажет.
Екіншіден, атыраулық ғалымдар өз зерттеулерін өңірдің қажеттіліктеріне арнауы керек дер едім. Бүгінде біздің өңірімізде экологиялық жағдай, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, адамдардың денсаулығының күрт нашарлауы, аурудың жасарып кетуі, бұрын болмаған ауру түрлерінің шығуы, ерекше балалардың көбеюі және басқа да көптеген мәселелер бар. Бұл сұрақтардың тиімді жолдарын шешуде ғылым мен жергілікті билік арасында байланыс болуы тиіс. Жергілікті әкімдіктерде ғылымды дамыту, ғалымдарды қолдау және қолданбалы ғылымға қатысты арнайы гранттық тапсырыс беру жолдары қарастырылуы керек. Ғылымды қолдау тек кітап шығарумен шектелмегені жөн.
Мысалы, кеше ғана мұнайшылар арасында наразылық болды. Бұл жерде өндіріс орындарын салу, моноқалалардағы демографиялық жағдай, жұмыс орындарын беру, аудандастыру секілді проблемалар бар екедігі анықталды. Негізі, осы жағдайларды экономистер, әлеуметтанушылар және басқа да бірқатар ғылымның кешенді зерттеулері арқылы алдын-ала болжамдар жасау туралы анықтауға болатын еді.
Менің ойымша, теориялық зерттеулермен қатар практикалық мәні бар, қолданбалы зерттеулерге назар аударған дұрыс.
Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИҚЫЗЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры