Жарнама
Қоғам

«ГУРЬЕВ — АСТРАХАН» ТЕМІР ЖОЛЫ

Бұл зұлмат соғыс талайды тамырынан шабылған бәйтеректей қуратып әкетті. Жаны жараланбаған пенде кемде-кем болатын. Жасы тоқсан төртке келген Бірман атамыздың шаңырағының төрт бірдей баласы — Қоқат, Өтеғали, Бердімұрат, Демесін  соғысқа  аттанды.

Ерлерді жаппай соғысқа алу 1941 жылдан басталды. Елде қалғандар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен, темірдей тәртіппен еңбек етті. Біздің «Жаңа шаруа» колхозынан 60 адам Бақсай каналын қазуға жіберілді. Бұл жұмыстың басы-қасында Бисен Тұңғатаров, Балжан Аралова, Ибаш Атамбаевалар жүрді.

Осыдан көп ұзамай, КСРО мемлекеттік қорғаныс комитеті «Гурьев-Астрахан» темір жолын салу жөнінде қаулы қабылдады. Бұл 1943 жылдың жазы болатын. Тамыздың онынан бастап біздің «Жаңа шаруадан» 40 адам алынды. Олардың арасында 15 пен 18 жас аралығындағы өрімдей қыз-жігіттер де, 45 пен 50-ден асқан аналарымыз да бар болатын. Олардың санатында комсомол мүшелері – Бекбай Жаңбыров, Әмірбай Күзембаев, Мәулет Көшкінбаев, Ыбыраш Әбитов, Нәсіпбай Қошанов, Жекеш Тасмағанбетов, Сәрсембай Дүйсешов, Үміт Әбуева, Мүкіл Мусина, Тастай Дауылбаев, Жазық Шағыров, Сәбіл Әбуева, Ұштап Әбдешева, Сәруа Сүлейменова, Зиба Әбитова, Жуа Тәжікенова, Ақатай Бисенова, Кәлекен Жұмағалиева, Зияш Жақыпова, Мақпал Айтпаева, Ханым Рақметова, Аппақ Тасмағанбетова, Жұмсақ Сұлтанова, Қаншайым Сұлтанова, Тәжен Шонаева, Орын Шәкуова, Зияш Дауылбаева, Құндыз Нәубетова және осы жолдардың авторы болды. Сондай-ақ жастары біразға келген ақжаулықты аналарымыз – Әзім Мусағалиева, Меруерт Көшпаева, Жұмағыз Нұржанова, Зинен Ахметова, Күміс Абдрахманова, Жұмағыз Шәкуова, Нұрия Қалиева, Марқаш Ұзақ зайыбы, Гүлжамал Бабашовалар да біздің жанымыздан табылды.

…Тамыздың 11-і күні таңертең тамақтанып болған соң, түйе арбаларды жегіп, түске таман колхозымызға бөлінген жерге келдік. Екі ағаш үйімізді тігіп, төсек тапшы болғандықтан қараөлең шөбін төсеп жаттық. Сөйтіп, жұмысымызға кірісіп кеттік. Он күнге дейін аса қиындық көре қоймадық. Он күннен асқан соң қазып алған топырақты жоғары төгу қиынға түсті. Ешқандай демалыс болмады. Тамағымыз да жартусыз, грамдап берген азыққа қарнымыз тоймады. Жолдың биіктігі екі-үш метрге жоғарылаған сайын тіптен шаршайтын болдық. Берілген норманы орындау да қиындай түсті. Үйді көрмедік. Үйге бармаған соң жуынып-шайыну деген атымен болмады…

Осылайша, біз кездескен ірілі-ұсақты қиындықтарға төтеп бере жүріп, екі ай жарымда бөлінген жердегі жұмысымызды ойдағыдай бітірдік. Бригадиріміз Бисен Тұңғатаров ағамыз штабқа жұмысты аяқтағанымыз туралы рапорт беріп келді де, қарашаның 20-сынан бастап бізді ауылдарымызға жіберді. Осылайша, біз де «Гурьев-Астрахан» темір жолының төселуіне өзіндік үлесімізді қостық. Ал, бүгінде басымыздан өткенді еске алып, кездескен кезде қауқылдаса әңгімелесетін адам да азайды. Қарап отырсам, сол атышулы теміржолды салуға белсене араласқандардан бар болғаны төрт-ақ жан қалыппыз. Олар — Бекбай Жаңбыров, Сәбіл Әбуова, Жекеш Тасмағамбетов және мен. Осылардың ішінде ең үлкені — Сәбіл, 88 жаста, Геолог кентінде тұрады, қалғанымыз Атырау қаласында тұрамыз, жастарымыз 86-87-де.

Өткенсіз бүгін жоқ. Оның үстіне кейінгі жастар өздерінің ата-әжелерінің сұрапыл соғыс жылдарында «Гурьев-Астрахан» темір жолын салуға атсалысқандары туралы біле жүрсін деген ойым еді. Жалпы сол кезде ерен еңбекпен Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан ерлер мен әйелдердің, бала-шағаның үлесі ескерусіз қалмаса деймін.

 

ТөрешСАТЫБАЛДИЕВ,

бұрынғыпартия, кеңес, кәсіподаққызметкері,

еңбек ардагері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button