Жарнама
Қоғам

Гаджет емес, кітап бізге керегі!

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де кітап оқып, білім қуған озар». Ал, сіз кітапханаға балаңызды жетектеп соңғы рет қашан апардыңыз? Бірге кітап оқисыз ба? 

Иә, көпшілік ата-ана бұл сұраққа жауап берерде қиналыңқырап қалатыны рас. Себебі, күйбең тіршіліктің қамымен баласын кітапханаға апармақ түгілі, бірге уақыт өткізетін де мұршасы бола бермейді. Жылаған баласының қолына смартфон ұстатып, жасын тыйғызатын  жандар да ортамыздан табылады. Дегенмен бала – ата-ананың айнасы емес пе? Кітапты өзіңіз оқып, бүлдіршінге үлгі көрсетсеңіз, оның да қызығушылығы оянары сөзсіз. Сондықтан бүгін біз руханияттың ордасы, алтын қазыналы қорға ие облыстық балалар кітапханасына бірге саяхат жасағанды жөн көрдік. 

Кітапхана 1966 жылдан бері кішкентай оқырмандарды кітап әлемімен таныстырып, есігін айқара ашқан. Алпысқа екі қадам қалған кітапхана қоры сіз бен біз іздеген сан түрлі жанрдағы кітапқа бай. Сондықтан кітапқұмар бүлдіршіндердің де қатары жыл сайын артып, жас оқырмандар саны 15 мыңнан асқан.

6089b07a 6492 4691 8b5b 28bbee9506d6

Оқырмандар залы 50 орынға арналған

Ғимарат оқырмандар үшін жас айырмашылығына орай екіге бөлінген. Кітапхананың  әдістемелік бөлім меңгерушісі Жамал Махмутқызының айтуынша, жылдар бойы өз оқырмандарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан кітапханада екі оқу залы, екі абонемент бөлімі, өнер туралы әдебиеттер секторы, әдістемелік-библиографиялық, кітап қорын сақтау және толықтыру бөлімдері жұмыс істеуде. Сонымен қатар, кішкентай оқырмандар үшін ертегілер бөлмесі, ғаламтор сыныбы тегін қызмет көрсетеді. 

Балаларға арналған орда болған соң, қызылды-жасылды түрлі кітаптар өзіне назар аудартпай қоймайды. Әрбір кітаптың мұқабасы сондай тартымды әрі үйлесімді түстермен бейнелеген. Мұның бәрі кішкентай оқырмандарды кітап оқуға шақыратын, қызықтырушы  тәсіл болса керек. Әдемі суретпен жасақталған кітаптардан көз алмай, шет шетінен бастап оқи бергің-ақ келеді.

Сандық деректерге сүйенсек, бүгінде кітапхана қоры 129 мыңнан асады. Соның ішінде қазақтілді оқулық саны –32 831. Ғимараттың іші «кітап оқимын» деген бала үшін жанға жайлы дайындалған. Заманға сай заманауи технологиялармен жасақталып, бүлдіршіндердің сұранысына сай сайланыпты. Оған қоса талғаммен безендіріліп, түрлі бөлімдер бойынша әзірленген. Кітапхана қызметкерлері балаларды оқуға ынталандыру үшін түрлі суреттер мен бұйымдар  ашық түспен безендірілгенін айтып, «мұның бәрі жас оқырмандардың зейінін ашып, оқуға деген ынталарын оятады» дейді.

Кітапхана есігін ашпастан бұрын «бүгінгі балалар кітап оқымайды» деген пікірде болған едік. Алайда, кішкентай оқырмандар бұл ойымызды теріске шығарды. Бір-бірімен жарысып, таласа оқып жатқан оларды көргенде, көз қуанады. Мұның бәрі оқуға зейінін аша алған кітапханашылардың ерен еңбегі болса керек.

Жас жеткіншектердің қалауындағы кітап пен жанға керектінің бәрін дайындаған кітапханашылар «ата-ана балаға кітап әлемімен таныстырып, кітапханаға әкелсе болғаны, ал кітаппен достасуына біз мұрындық боламыз» дейді. Себебі, көпшілігі баласына кітаптан гөрі, гаджетті бере салуды жөн көреді екен. Ал, мұның бәрі бала тілінің кеш шығуына, шықса да алғашқы сөзі өзге тілде болатынына себепші болып отыр.

385accd3 7853 4b58 84c9 a7940bf68911

Бар жақсы – балаларға

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін кітапхана жанынан көп жылдан бері «Жас қаламгер» клубы, «Жас ісмер» үйірмесі, «Балдәурен» қуыршақ театры қызмет көрсетеді екен. Заман талабына сай 2020 жылдан бері кітапханада саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы білім беріп, ойы озық оқырман қалыптастыру мақсатында «Туған өлкем – Атырау», «Ғажайып әлем – ол өлең», «Дәстүр мен ғұрып», «Ертегілер әлемі» секілді бірнеше жоба сәтті жұмыс істеуде көрінеді. 

Аталған үйірме-жобалар арқылы балалар өзінің сүйікті ісін тауып, кітап оқып, шығармашылықпен шұғылданып, жан-жақты дамиды. Биылдан бастап жетістікке жету жолындағы кейіпкерлердің қиындығы мен қызығы қатар жүрген кезеңдерін оқырмандарға әңгімелеп, кәсіптегі өмір жолымен таныстыру мақсатында «Жетістік желкені» жобасы жұмыс жасайды. 

–Барлық баланы «кітап оқымайды» деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені, біздің жас оқырмандарымыз ата-аналарымен бірге келіп, қалауындағы кітапты оқып, уақытша мерзімге үйіне де алып кетеді. Оған қоса ұйымдастырған түрлі шараларымызға қатысып, жүлдегер атанып жүргендері қанша ма?! Сондықтан, баланың кітап оқуы үшін әуелі ата-ана себепкер болып, үлгі көрсетуі керек. Сайып келгенде бала айтқанды емес, көргенді жасайды, — дейді әдістемелік бөлім меңгерушісі.

Кітапхана оқырманға бір табан жақын бола түсуі үшін сайт пен instagram әлеуметтік желісін тұрақты түрде белсенді жүргізіп отыр. Сайттан жаңалықтар мен кітапхана өмірін толықтай көруге болады. Жаңа келген соңғы кітаптар туралы ақпарат та уақытылы жарияланады. Ата-аналар балаларына қажет кітапты осы ғаламтор желісінен қарап уақыт үнемдейді әрі кітапхана жай-күйімен таныса алады. 

Мұнда 3D кітаптар да бар

Кітапхананың  әдістемелік бөлім меңгерушісі Жамал Махмутқызының айтуынша, кітап қоры тоқсан сайын мемлекеттік тапсырыспен толықтырылып отырады. Оның ішінде мерзімді басылымдар, яғни балаларға арналған газет-журналдар да бар. 

2021 жылы жергілікті бюджеттен кітапхана қоры 10 млн. теңгеге оқырмандар сұранысындағы кітаптармен толықтырылса, ал биыл 15 млн. теңгеге жергілікті бюджеттен кітап қорын толықтыру жоспарланып отыр. Қоржында аудио, 3Д форматтағы, QR код арқылы оқылатын кітаптар да бар екен. Кітап оқуды ерекшелендіру арқылы оқырман санын арттырып отырған балалар кітапханасының да ұстанымы – баланы кітаппен дос болуға шақыру.

Жаңа жылда жаңа ғимарат

Ғимаратты алдағы жылы замануи үлгіде толықтай күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сол кезде бұдан да биік белестерді бағындырары сөзсіз. Кітапхананың жоспарлары мен мақсаты айқын. Осы орайда кітапхананың оқырмандары көптеген қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысуда. Атап айтар болсақ, Ұлттық академиялық кітапханасы «Адал-ас» компаниясының қолдауымен «Шәкәрім оқулары» атты Республикалық Шәкәрім мұраларын жатқа айту байқауы ұйымдастырылып, Аружан Тілекхайыр жеңімпаз болып оралды. 

Оқырмандарымызбен болашаққа көз тіге отырып, балалардың кітап оқу арқылы әлемді тануға деген ықыластары ешқашан да сөнбеуі, кітап оқу олардың күнделікті өмірінің бір бөлігі болып табылуы үшін, біз әлі де көп нәрсе жасау керек екенін түсінеміз. Кітапхана ісі – өте күрделі жұмыс. Әсіресе, балалармен жұмыс жасау үшін үлкен жүректілік пен төзім әрі махаббат керек. Біз үшін әрбір жас оқырманымыз – болашақ тұлға. Оқырмандар өміріндегі дүниетанымының негізгі ұраны «Өмірге шаттан және оқы»  болуы керек, — дейді Жамал Махмутқызы.     

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button