ГҮЛСІМ ЕҢСЕПОВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ, ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕЛІ ДИПЛОМАТ: «БЕЛАРУСЬ ЕЛІНЕН ДЕ ҮЙРЕНЕРІМІЗ АЗ ЕМЕС…»
Елдестірмек – елшіден
— Беларусь еліндегі жаңа қызметіңіз құтты болсын! Елшіліктегі басты міндетіңізді айта отырсаңыз…
— Алдымен, сонау алыстан туған жерден хабарласып, менен сұхбат алуды ұйғарғандарыңыз үшін «Атырау» газетіне рахметімді білдіремін. Атырау өңірі – қазақ халқы көп шоғырланған, халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанған, Құрманғазы мен Динадай күйшілер шыққан, ән мен жырдың алтын бесігі іспетті. Бүгінгі таңда облысты еліміздің мұнайлы өлкесі деп те атайды. Осындай өлкенің халқы өздерінен түлеп ұшқан төл перзенттерін іздеп, қызығушылық танытып жатса, неге риза болмассың.
Ал, бүгінгі қызметіме келсем, өткен жылдың екінші жартысынан бері Минск қаласындағы Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігінде дипломат болып, кеңесші лауазымында қызмет атқарып отырмын. Дипломатия саласында ұзақ жылғы жинақталған тәжірибемнің нәтижесінде Қазақстанымызды шет елдерде таныта түсуге еңбек етудемін. Ұзақ жылғы тәжірибем дейтін себебім, бұл менің төртінші рет шет мемлекеттегі Елшіліктерде қызмет жасауым.
Бүгінде Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілікте кеңесші лауазымында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, ақпараттық-имидждік жұмыстарды жүргізуге жауаптымын. Сондай-ақ, Беларусь елінде тұрып жатқан қандастарымыз, қазақ диаспорасымен, осында оқып жатқан қазақстандық студенттермен жұмыс жүргіземін.
— Ендеше, Елшілікте осы өзіңіз жүргізіп отырған сала, екі ел арасындағы атқарылып жатқан мәдени-гуманитарлық байланыстар жөнінде айта отырсаңыз.
— Соңғы уақытта министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялар делегацияларының, жекелеген өнер ұжымдарының сапарлармен алмасулары барынша жиіледі.
Сонымен қатар, Минскідегі Мұхтар Әуезов атындағы №143 орта мектепте және Беларусь ұлттық техникалық университетіндегі Абай атындағы Қазақ тiлi, тарихы мен мәдениеті орталығында екі ел арасындағы екіжақты әртүрлі мәдени шаралар жиі өтіп тұрады.
— Жаңа жылдан бастап Еуразиялық Экономикалық Одақтың ресми түрде күшіне енгені белгілі. Осы орайда, Еуразиялық Экономикалық Одақ кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер ашып жатыр?
— Беларусь, Қазақстан, Ресей және Арменияның азаматтары жаңа экономикалық кеңістікте өмір сүруде. Қарапайым азаматтар мұны әлі толық сезіне алмай жатыр. Ал, шындығына келгенде, Еуразиялық Экономикалық Одақтың ресми түрде күшіне енуі — сауда-экономикалық ынтымақтастықтарға даңғыл жол ашып отыр. Өйткені, бұл елдер арасында кедендік кедергілердің болмауы экономикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін пайдасы зор. Оларға бірлескен кәсіпорындар ашуға және сауда айналымының көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік туды деп ойлаймын.
Минскіде Абай орталығы бар
— Жаңа бір сөзіңізде Минскіде Абай орталығы бар деп айтып кеттіңіз. Орталық қандай жұмыстар атқарып жатыр? Беларусьтіктер тарапынан орталыққа деген қызығушылық қандай деңгейде?
— Иә, 2012 жылы Минск қаласындағы Беларусь ұлттық техникалық университетінде Абай атындағы Қазақ тiлi, тарихы мен мәдениеті орталығы ашылды. Аталмыш орталық еліміздің оң келбетін насихаттайтын мәдени іс-шараларды өткізуге зор үлесін қосып отыр. Бүгінде орталықтың жұмысы жанданып, біраз игі істер атқаруда деп айтуға болады. Халық ақыны Олжас Сүлейменовтің шығармашылық кешi, студенттер арасындағы Абай оқулары, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған кештер өтіп тұрады.
Орталықта Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне орай бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Беларусь жерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер Наурыз мерекелерінде бас қосып, орталықта әртүрлі тақырыпта «дөңгелек үстелдер» мен пікірсайыстар өткізеді. Қазақстанның ұлттық жобаларымен таныстыру жұмыстары да жүргізіледі. Осындай іс-шаралар кезінде беларусьтік профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері орталыққа келіп, Қазақстанға деген қызығушылықтарын танытады. Сондықтан, бұл орталыққа тек қазақстандық студенттер ғана емес, беларусьтіктер де келіп, мәдени іс-шараларға белсене қатысып тұрады.
Атажұртты сағынғандар «Атамекенге» келеді
— Ол елдегі қазақ диаспорасымен байланыс туралы айтсаңыз. Бүгінде Беларусь Республикасында қанша қандасымыз тұрады?
— Ресми мәліметтер бойынша, Беларусь Республикасында 1355 қандасымыз тұрады. Олар негізінен Минск қаласында, Гродно, Могилев, Витебск облыстарына қоныс тепкен. Көпшілігінің жеке шағын бизнестері бар және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайды. Елшілік Беларусь Республикасының аймағында тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеулер жүргізіп тұрады. Және олармен тығыз байланыс жасап, жиі кездесу өткізеді. Мұнда тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің басын біріктіретін «Атамекен» халықаралық қоғамдық ұйымы да бар. Осы ұйымның мүшелері Минск қаласынан қазақтың ұлттық тағамдарын даярлайтын дәмхана ашуды жоспарлап отыр.
Өз тілін айрықша ардақтайды
— Екі елдің өмір сүру образында нендей ұқсастықтар мен айырмашылық бар?
— Басқа посткеңестік елдермен салыстырғандағы Беларусьтің ерекшелігі – мұнда жаппай жекешелендіру жүрген жоқ. Қазір де мемлекеттік меншік сақталып отыр. Жекеменшік аз. Бізден басты айырмашылығы осында дер едім. Соған қарамастан, елдің экономикасы тұрақты дамып келеді. Ал, ұқсастық екі елдің де агроөнеркәсіптік салаға басымдық беруінде. Сондықтан, олардың кәсіпорындарында шығарылған ауыл шаруашылығы техникасын біз тиімді пайдаланудамыз. Атап айтқанда, Қазақстанда бұл мемлекет зауыттарынан шыққан техника кеңінен қолданылады. Олардың ішінде БелАЗ, МАЗ, республикамызда «Минск трактор», «Минск мотор» зауытының, «Амкодордың», «Гомсельмаштың», «Могилевлифтмаштың» машиналары мен агрегаттарын пайдаланбайтын аймақ жоқ.
Ал, өмір сүру образындағы ұқсастық – олардың үлкендерді қатты сыйлайтыны, балажандығы, отбасы құндылықтарын жоғары қоятыны, қонақжайлылығы мен мейірімділігі. Айырмашылығы – мектептер мен балабақшаларда ұлттық тәрбиеге ерекше мән береді, яғни бүлдіршіндерге жаппай міндетті түрде ана тілін үйретеді. Олар орыс, ағылшын және басқа тілдерді де біледі. Соған қарамастан, өз ана тілін білмейтін бірде-бір белорусты кездестірмейсіз. Ал, бізде өздері қазақ бола тұра бірауыз қазақша сөз сөйлей алмайтын, тіптен түсінбейтін қазақтар көп қой. Және оған намыстанбайтынын қайтерсің…
Олар да ЕХРО-ға қатысады
— Екі жылдан соң Астанада халықаралық ЕХРО көрмесі өтетіні белгілі. Көрмеге Беларусь тарапы қаншалықты қызығушылық танытып отыр?
— Дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан атынан Беларусь Президенті А.Лукашенкоға жолданған EXPO-2017-ге шақыру хаттың түпнұсқасы тапсырылып, Беларусь тарапының Астанада өтетін көрмеге қатысуы ресми расталды.
Сонымен бірге, «Астана EXPO-2017 ҰК» АҚ және Беларусь туристік ұйымдарының республикалық одағы арасында серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжатта Астанада өтетін EXPO көрмесінің туристік әлеуетін дамыту ынтымақтастығы қарастырылған. Көрмеге қатысуға көптеген кәсіпорындар қызығушылық танытып отыр.
— Соңғы сұрақ. Қазір біз жаһандану, сонымен бірге, бәсекелестік дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Осы орайда Қазақстан Беларусь елінен нені үлгі етіп алуы керек деп ойлайсыз?
— Қазіргі бәсекелестік дәуірде «әр елден қандай тәжірибе аламыз, не үйренеміз?» деген мәселе көкейімізде тұруы керек.Беларусьте мұнай-химия, азық-түлік пен ағаш өңдеу өндірісінің қарышты өркендеуі көзге бірден аңғарылады. Жиһаздары Қазақстанға көп мөлшерде тасымалданады. Демек, сапалы әрі арзан бұл тауарларға қазақстандық тұтынушылардың ықыласы зор. Қазақстандық кәсіпкерлер осы жиһаз жасаудан тәжірибе алмасуды қолға алып отыр. Осы салада бірнеше бірлескен кәсіпорындар бар.
Сонымен қатар, Беларусь елінің ауыл шаруашылығында елеулі жетістіктер байқалады. Малшылары жоғары сапалы ет-сүт өнімдерін шығару мәселесінде әбден маманданған. Бұл тауарлар халықаралық нарықтарда танымал, әрі зор сұраныспен сатып алынады. Оның ішінде Қазақстанның нарығында да сұранысқа ие. Сонымен қатар, бүгінде қазақстандық мамандар агроқалашықтар мен агрофермаларды құрудың беларустық тәжірибесін біздің жағдайларда қолдану мүмкіндіктерін терең зерттеу үстінде. Ауыл шаруашылығында беларусьтік тәжірибені пайдалануымыз еліміздің ауыл шаруашылығы өнеркәсібі саласын дамытуға зор ықпал етеді, сондықтан осы саладан үлгі алуымыз қажет деп санаймын.
— Салиқалы сұхбатыңызға бек рахмет!
Әңгімелескен
Баян ЖАНҰЗАҚОВА. (Арнайы «Атырау»
газеті үшін).