Жарнама
Қоғам

ЕСТЕН КЕТПЕЙТІН ЕСТЕЛІК

Ол қасиетті Нарын құмында дүниеге келген. Жасқа жетер-жетпесте әкесінен айырылып, анасы Іңкәштің тәрбиесінде болған. Соғыс басталғанда ағалары Захан мен Шамекен әскерге алынып, сол жақта хабар-ошарсыз кетеді. Әкеміздің анасы бойшаң әрі көрікті болуымен бірге, ісмер адам екен. Қолы қалт етсе, алаша, сырмақ, шұлық тоқитын бопты. Соғыстағы жауынгерлерге талай рет жылы шұлық жөнелтіп тұрыпты.

Әкем сегіз жылдық біліммен колхозға есепшілік жұмысқа қабылданады. Кейіннен Ақтөбедегі есепшілер дайындайтын курсқа барып, білімін жетілдіріп келеді. Шамалы уақыттан соң колхоздың жылқы фермасын басқаруға жоғарылатылады. Сол кезде ол бар болғаны он сегіз жаста болыпты. Жас та болса сауатты, еңбекқор әкем 1945 жылы жалғыз анасы Іңкәштен де айырылып қалады. Содан ол білім алу мақсатында Гурьев қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. Одан кейін Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне қабылданып, оны жақсы бағамен аяқтап шығады. Еліміздің Оқу министрлігі әкемді Ресейдің Омбы қаласындағы педучилищеге жұмысқа жібергенімен, Новобогат аудандық партия комитеті «өзімізде де кадр жетіспей жатыр» деп, әкемді өздеріне жіберуді өтініп сұрайды. Осылайша жоғары білімді жас маманның ұстаздық жолы басталып кетеді.

Қандай істі де бар жан-тәнімен атқара білетін ол мектеп директоры, совхоз басшысы қызметтерін атқарады. Мемлекетіміздің талай марапатына ие болып, өңірі наградаларға толады. Ұлын ұяға, қызын қияға ұшырады. Ортасына сыйлы әкем бүгінде 87 жаста. Анамыз екеуі ұрпақ қызығына бөленуде. Бәрінен бұрын ол елге танымал азаматтар, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, генерал-майор Қайыржан Мырзабаев, оқытушы-ғалым Ғалымжан Нұрышев, статистика басқармасын ұзақ жыл басқарған іскер басшы Сергей Алпатанов секілді тұлғалардың ұстазы болғанын өзіне мақтаныш санайды.

Әкем қатарластарын кейінгі ұрпақтарына әркез айтып отырады. Әсіресе, осы суретті көргенде көңілденіп кетеді. Әкемнің жанында тұрған анам – Раушан Шыниязова –  Фурманов атындағы орта мектептің кітапханашысы, одан кейінгі түрегеп тұрған бүгінде дүниеден өткен Нұреден Жайлашев – Фурманов атындағы орта мектептің директоры, кейінгі тұрған Сәнім Есенаманова – француз тілі пәні мұғалімі, Қайыржан Ермағамбетов – Ұлы Отан соғысы ардагері, Білім беру ісінің үздігі, бүгінде дүниеден өткен Қанипа Қасымова – бастауыш мектеп мұғалімі, қазір арамызда жоқ Мауия Муньянова – математика пәні мұғалімі, Қапия Қанатова да бұл күнде дүниеден өткен. Қапия апай – Нұреден Жайлашевтың жұбайы, математика пәнінің мұғалімі, Аққыз Әлмұрзина – бастауыш сынып мұғалімі.

Бұл суреттегі ұстаздардың біразы маған да сабақ берген. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі деп білемін.

Гүлсара ШЫНИЯЗ,

Ортақшыл ауылы,

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button