ЕСТЕН КЕТПЕЙТІН ЕРЛІК
Қаһарлы, қатал қаншама айлар бойы қаһармандықпен соғысқан миллиондаған адамдардың қатарында біздің жерлестеріміз де ерлікпен шайқасып батырлықтың үлгісін көрсете білді.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің де маңызы, оның жарық сәулесі жарқырай түспесе, күңгірттенбейтіні ақиқат. Ұлы Жеңістің тағылымдарын жас ұрпақтың бойына дарыта білу, олардың отансүйгіштік сезімін арттыру – бүгінгі күні ерекше маңызды.
Соғыстар тарихында шексіз ерлік пен қаһарман батырлық көрсетіп ел намысын қорғауда даңқымен ерекше көзге түскен батырлар көптеп саналады. Солардың ішінде даңқы ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын жерлес батырларымыздың ерлігіне тарих куә.
Отан үшін оттың ортасында болғандардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, біздің жерлесіміз Махорин Иван Федорович. Ол1916 жылы Индер ауданының (Горы) Аққала ауылында туған. Әскерге 1942 жылы шілде айында Мойнақ аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Ол Қызыл Тулы 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысты. Орталық майданның 13-армиясы Киев қаласының солтүстігіндегі Мнево маңында Припять өзенінің сағасы арқылы өтіп жатты. Днепр өзені арқылы өту 1943 жылдың 22 қыркүйегінде басталды. Өткелге бірінші болып 25-гвардиялық атқыштар полкінің станокты пулемет көздеушісі сержант И.Ф.Махорин өз тобымен келді. Өзеннің кеңдігі Махоринді тайсалта алмады. Ол қайыққа «Максимка» пулеметі мен қажетті қару-жарақ қорын салып және өз тобын отырғызып алып, асқан сақтықпен ескекті есіп, өзеннің арғы жағасына бет алды. Жаудың түсірген снарядтары астан-кестен етіп суды жарып жатты. Жалпақ Днепрмен таң қараңғысында кішкене ноқаттай болып жүзіп келе жатқан ержүрек жауынгерлерді немістің снарядтары жоя алмай әуре болды.
Батырдың тобы Днепрдің жау орналасқан жағасына аман-сау жетіп, «Максимкадан» оқ боратып, өзеннен басқа бөлімшелердің де өтуін қамтамасыз етті. Днепр өзені арқылы ұрыспен өту кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін И.Ф.Махоринге КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін Иван Федорович Қызылорда қаласында тұрды, бірақ Атырауға туған жеріне келіп, жерлестерімен кездесу ұйымдастырып тұрды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен хабарласып, сағынышты сәлеммен хат жазып тұрды. Кейін Воронеж облысы Кантемиров ауданы Митрофановка селосына көшіп, онда 1998 жылы қайтыс болды.
Облыстық мұражайда батырға арналған көрме жасақталды. Келушілерге оның ерлігі туралы кеңінен айтылып отырады.
Жанат Нұғмашқызы.
Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының маманы.